Ораза қай күні басталады?
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі 2024 жылғы діни күндер кестесін бекітті, - деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
"Хижри айлардың басталуы халықаралық астрономиялық зерттеу орталықтарының мәліметтері негізінде жасалды. Пәтуа мамандары діни мерекелердің нақты күндері жаңа айдың көрінуіне байланысты көрсетілген уақыттан бір күн шегерілуі немесе алға жылжуы мүмкін екенін ескертеді", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, 2024 жылы Рамазан айы 11 наурызда басталады. Ал Қадір түні 6 сәуірге қараған түнге сәйкес келсе, Ораза айт 10 сәуірде болады.
Еске салайық, бұған дейін Muftyat.kz инстаграмдағы парақшасында жас балаларға ораза ұстау міндеті туралы айтылған еді.
Балиғат жасына жетпеген жас бала мен ақыл-есінен ауысқан адамға ораза тұту парыз емес. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:
"Үш адамнан (амал дәптерін жазатын) қалам көтерілді: айыққанға дейін жынданған адамнан, оянғанга дейін ұйқыдағы адамнан, балиғатқа толғанға дейін баладан".
Балиғат жасы ер балалар үшін 13 жас болса, қыз балалар үшін 10-11 жас аралығы.
Ауырған адамның ораза ұстауына бола ма?
Оразаның себебінен ауру асқынып кететін болса немесе баяу жазылатын болса, ораза тұтпауға болады. Тіпті аузын ашпаған жағдайда көзі қатты ауырса немесе ыстығы көтерілсе, оразаны бұзуға рұқсат етіледі. Сондай-ақ, науқас төсек тартып жатып қалса, тұрып намаз оқуға шамасы келмей қалса да аузын ашуға болады. Әрине бұл жерде тәжірибеге немесе білікті дәрігердің нұсқаулығына жүгінеді. Емделіп болғаннан кейін ұстай алмаған оразасының қазасын өтейді. Алла Тағала Құранда былай дейді:
"Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде өтесін".
Алайда рамазан айында аурудың барлық түріне ауыз ашуға рұқсат етіле бермейді. Кейде ораза ұстау науқастың дертіне шипа болуы мүмкін. Өйткені ораза ұстаудың көптеген ауруларға ем болатыны ғылыми тұрғыда дәлелденген