«Шөлдала бекетіндегі сарбаз өлімі»: Шекарадағы 36 адамның бәрі ДНК-сараптамасынан өтетін болды
Жамбыл облысында әскери борышын өтеп жүріп, былтыр жазда өз-өзіне қол салған 18 жастағы Бекбол Мираштың ісі ары қарай тергелетін болды. Бұл ақпаратты Ulysmedia.kz тілшісіне сотталушы сержант Айбек Нұртаевтың адвокаты Сержан Пірәлев растады.
«Маған таяуда тергеушіден хат келді. Бұған дейін өздеріңіз білетіндей, тергеуші істі бітіреміз деген. Сол ұйғырымын жоққа шығарып, қазір тергеудің қайта жалғасатыны туралы маған хабарлама келді. Менің бұған дейін тергеушіге істі қайта тергеу керек деген өтінішім қанағаттандырусыз қалды ғой. Өткен аптада жұмада Оңтүстік өңірлік әскери прокуроры қаулы шығарды. Қаулы бойынша тергеушінің менің өтінішімнен бас тартқан құжаты күшін жойды. Менің өтінішім қанағаттандырылып, Шөлдала шекара қызметінің қызметкерлерінің бәріне ДНК сараптама жасалатын болды. Менің өтініш хатым қанағаттандырылды. 36 әскери қызметшінің бәрі тексеріледі. Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздардан бастап контрактниктердің бәрінен алынады», - деді ол телефон арқылы.
Еске сала кетсек, 2022 жылдың 19 тамызында ҰҚК Шекара қызметіне қарасты Тараз қаласындағы «Шөлдала» шекара бөлімінде борышын өтеп жүрген 2004 жылғы Бекбол Мираш асылып тұрған жерінен табылған болатын. Күдікті Айбек Нұртаевтың адвокаты Сержан Пірәлиев таяуда журналистерге осы іске қатысты адам сенгісіз фактілерді жария еткен.