Аймағамбетов ректорларға қашықтан оқытудың талаптарын түсіндіруді тапсырды
Қазақстанның білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов барлық университеттердің ректорларына қашықтан оқыту кезінде студенттерге қойылатын талаптарды түсіндіруді тапсырды деп хабарлайды Oinet.kz.
Сегізінші желтоқсанда білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі қысқы емтихандар сессиясына дайындық тақырыбы қарастырылып талқыланды.
- Тек қана бір университеттің өзінде қашықтан оқыту форматына көшу үшін қомақты қаражат бөлінді. Яғни, қашықтан оқытуға көшу үшін біраз жұмысты атқару қажеттігі болды. Оның ішінде техникалық жұмыстар бар. Сондықтан тек Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ғана емес, басқа да оқу орындарында да ауқымды жұмыстар қабылданды, - деді министр.
Министрлік басшысы бұл тұрғыда білім беру сапасын төмендетіп алмау қажеттігін айтты.
- Дәстүрлі оқыту мен қашықтан оқыту форматындағы сапа бірдей деп айту қиын. Біздің алдымызда тұрған басты мақсат – ол бұл сапаны төмендетпеу үшін барлық қажетті жұмыстарды атқару, - деді Аймағамбетов.
Сонымен қатар министр қысқы емтихандар сессиясына дайындық мәселесіне тоқталды. Осы орайда пайдаланылатын жүйені студенттерге егжей-тегжей түсіндіру тапсырылды.
- Академиялық адалдық қағидаларын сақтау маңыздылығы бар. «Қашықтан тапсырып жатырмын, ешкім көрмей тұр» деп көшіріп алу немесе басқа да мәселелер болса, одан кейін ол студенттердің нәтижелері бекітілмесе, сұрақтар туындайтыны белгілі. Сондықтан жүйелердің мүмкіндіктерін, онымен жұмыс істеу тәртібін, жауапкершілік жағын студенттер арасында түсіндіру жұмысын жүргізуді тапсырамын. Әр университеттің басшылығы студенттерге қатысты барлық түсіндіру жұмыстарын атқаруы керек, - деді министр.
Айта кетейік, бұған дейін Елбасы Реформалар жөніндегі жоғары кеңес төрағасының орынбасарымен кездескенін жазған болатынбыз.
Кездесуде жаһандық пандемия салдарынан туындаған дағдарыс жағдайындағы елдің экономикалық дамуының өзекті мәселелері талқыланды.