Үздік инженер – озат мамандарды іріктеу байқауы
Инженерлік істің арқасында бүкіл әлем заманауи ғылымға негізделген өндірістерді дамытып жатыр. Сондықтан қазіргі таңда инженер – әлемдегі ең жоғары сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму бағдарламаларын іске асыруда инженерлердің атқаратын рөлі аса зор. Өйткені инженерлер азық-түлік өнімдері, күнделікті сұраныстағы тауарлардан бастап күрделі техникаға дейін түрлі материалдық игіліктерді өндіру процестеріне қатысады.
Инженер – инженерлік білімі терең, мәдениеті жоғары, заманауи техника мен технологияларды меңгерген, экономика және өндірісті ұйымдастырумен жақсы таныс маман. Бұл кең мүмкіндіктерге ие және елдің дамуына үлкен үлес қосатын негізгі мамандықтардың бірі. Технология адам өмірінің ажырамас бөлігі болған XXI ғасырда инженерлер өмірді жеңілдететін, тіпті адам өмірін құтқаратын технологияларды әзірлейді.
Инженерлер әрдайым қоғам дамуының негізгі қозғаушы күші болған. Әлемдік коронавирус пандемиясы кезеңінде де Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлік академиясының мүшелері мен инженер- ғалымдары барлық қауіп-қатерлерге кешенді қарсы тұруға бағытталған жедел ғылыми әрекет ету тобын құрды. Белгілі ғалым, ҚР ҰИА академигі Г.А. Мунның бастамасымен құрылған бұл топқа еліміздің инновациялық дамуына елеулі үлес қосқаны үшін ҚР ҰИА құрмет грамоталарымен марапатталған жас ғалымдар да тартылды.
Бұл бастама ҚР ҰИА талантты жас инженерлер мен ғалымдарды іріктеуде дұрыс таңдау жасайтындығын тағы да дәлелдеді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Инженерлік академиясы құрылған күнінен бастап еліміздің экономикасының техника, ауыл шаруашылығы салаларындағы барлық жетекші ғалымдарды, өндірісті ұйымдастырушылар мен инженерлердің басын біріктіріп келеді. Академия басшылығы еліміздің инженерлік саласын дамытуға бағытталған ұйымдастыру жұмыстарына бар күш-жігерін салып, өнімді еңбек етіп келеді.
ҚР ҰИА өткізетін көптеген іс-шаралардың ішінде жыл сайын өткізілетін «Жылдың үздік инженері» байқауын ерекше атап өту керек. Себебі бұл сайыста еліміздің жан-жақты дамуына атсалысатын озық инженерлер, жаңашыл идея мамандары іріктеледі.
Бұл байқау ҚР ҰИА-ның талантты мамандар арасында бәсекелестік орнату арқылы еліміздің инженерлеріне көрсететін мықты қолдауының айқын көрінісі. Қай кезеңде, қай салада болсын бәсекелестік бар жерде сапа бар екендігі бұрыннан белгілі. ҚР ҰИА инженерлердің ұдайы дамуының куәсі. Өйткені жыл сайын байқауға қатысушылардың кәсіби тұрғыда өсуі байқалады. Сондай-ақ, жыл сайын қатысушылар қатарын жас инженерлер толықтырып келеді, олар көпжылдық тәжірибесі бар және жоғары лауазымды иеленген мықты мамандарға лайықты бәсекелес бола алады. Бұл жас инженерлер аға буынға теңесу үшін барынша еңбек ететіндігін, ал аға буынның өз білімі мен дағдыларын үздіксіз дамытуға тырысатындығын көрсетеді. Ал жыл сайын өткізілетін «Үздік инженер» байқауы олардың арасындағы әділ төрешінің рөлін атқарады.
Биылғы жылы «Жылдың үздік инженері» байқауы бесінші рет өткізіліп отыр. Республиканың барлық өңірінен осы құрметті атаққа ие болғысы келетін үміткерлерден 70-тен астам құжат келіп түсті. Қатысушылардың кандидатураларын ҚР ҰИА бөлімшелері мен филиалдары ұсынды. Барлық үміткерлер инженерлік салада белгілі бір жетістіктерге жеткен білімі терең, талабы жоғары мамандар. Байқау комиссиясы материалтану, экология, құрылыс, метро құрылысы, көмір өнеркәсібі, металлургия, жылу энергетикасы, машина жасау, тау-кен өнеркәсібі, ақпараттық және компьютерлік технологиялар сияқты салаларда жоғары жетістіктерге жеткен бірегей идея авторларының құжаттарын қарастырды. Олар Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Өскемен, Қызылорда, Тараз, Жезқазған сияқты еліміздің түкпір-түкпірінің тұрғындары. Байқауға ұсынылған инженерлердің әзірлемелері бойынша Қазақстанның түрлі салаларының ірі кәсіпорындары өнім шығарады. Сондай-ақ, үміткерлер арасында өз жұмыстарын әлемдік аренада дәлелдеп, отандық инженерлік істің мәртебесін көтеріп, беделін нығайтып жүрген жас инженерлер де бар.
Байқау комиссиясы ел мақтан ете алатын ірі индустриялық жобалар мен бағдарламаларды орындауға лайықты үлес қосып жүрген үздік инженерлерді анықтады.
Бұл беделді байқаудың әрбір лауреаты толассыз ізденіс пен өз ісіне деген шексіз махаббаттың арқасында биік белестерді бағындырып, көздеген мақсаттарына жетті. Мұндай қасиеттерсіз қай істе болмасын оңтайлы нәтиже шықпасы анық.
Байқаудан озат шығып, жеңімпаз атанғандардың жетістіктерімен жіті танысып, олардың шығармашылық жолын талдай келе, әрқайсысының білімі мен білігін, өз қызметіне деген асқан адалдығын аңғара аламыз. Атақ-даңққа қызығу немесе оңай олжаға құмарту секілді қасиеттерді бұл кісілердің бойынан таба алмайсыз. Олар мұндай дәрежеге жету үшін қиын-қыстау кезеңдерден өтіп, қажымас еңбек пен терең білімдерінің арқасында ел мақтана алатын осы дәрежеге жетті. Инженерлердің ел ертеңі үшін талмай еңбектеніп, жаңашылдық жолындағы ізденістері кімді де болса қуантары сөзсіз.
Байқау қорытындысы бойынша жеңісті қанжығасына байлап, бес жүлдегер үздік атанды. Озып шыққан жүлдегерлердің жетістіктеріне қысқаша тоқтала кетейік.
Жыл инженері атағын иемденген С.П. Ким-нің дамуы мен инновациялық қызметі – өндірілген көмірдің сапасын жақсартуға бағытталған, өндірісті әртараптандыру және көмірді қайта өңдеу жобаларын іске асыру. Оның бастамасы бойынша «Шұбаркөл көмір» АҚ бірнеше инновациялық жобалар енгізді. Бұл жобалар өндірілетін көмірдің ең төменгі орташа жылдық деңгейіне қол жеткізуге мүмкіндік береді, сондай-ақ артық жүктеме жұмыстарының шығындары мен ауырлығын 30%-ға төмендетеді. Сонымен қатар, жалпы қуаттылығы жылына 8 миллион тонна шикі көмірді құрайтын үш сұрыптау кешендерінің құрылысы вагон ағынының дамуының өзектілігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, механикаландыру және сұрыптау процестерін автоматтандыру арқылы шығындарды азайтуға жол ашады.
Ким С.П. тек елімізде ғана емес, ТМД елдері арасында да бірнеше жобаларға жетекшілік ететіндігін асқан мақтанышпен атап өткен жөн. Олардың ішінде қуаттылығы жылына 210 мың тонна көмірден арнайы кокс шығаратын Қазақстандағы алғашқы зауыттың құрылысы; қуаттылығы 2 МВт газ-поршеньді машина технологиясын қолдана отырып, ТМД-дағы алғашқы кокс-газ электр станциясының құрылысы; елімізде алғаш рет жылыны 100 тонна өнім өндіретін көмір негізінде активтендірілген көмір өндірісін салудағы ел игілігі үшін атқарылған жұмыстары ел назарына ілікті.
Байқаудың келесің жүлдегері Куликов В. Ю. алғаш рет қалыптау процесінде стационарлық емес жүктемені пайдалана отырып, қабықты құю формаларын дайындаудың жаңа тәсілін әзірледі. Осы жұмыс аясында қоспаның негізгі және қосалқы компоненттерінің оңтайлы құрамы іріктелді. Сонымен қатар пресс плитада ауа алмастырғыш арқылы балқытқан кезде пайда болатын газдарды бұруды пайдалану есебінен қалыптаушының жұмыс орнындағы санитарлық-гигиеналық жағдайды жақсарту үшін оңтайлы шешімдер қарастырылған.
Рыспеков Т.О. – «Үздік инженер» байқауының бес жылдық тарихындағы ең жас қатысушы. 19 жасында Тимур халықаралық аренаны бағындырып, World of Forbes (топ 35) тізіміне кірді. Сонымен қатар, Тимур бүкіл әлем инженерлері арасында өткізілген көптеген олимпиадалар мен жарыстардың жеңімпазы. Microsoft, Amazon және NASA сынды ірі компанияларға жұмысқа шақырту алды. Тимур Рыспеков патенттермен және авторлық құқықтармен қорғалған 30-дан астам әзірлемені құрастырған.
Деректерді өңдеу және қорғаудың авторлық жүйесі – оның қоржынындағы ең маңызды әзірлемесі. Бұл әзірлеме деректерді шифрлеу және комбинаторлық деректерді өңдеудің заманауи алгоритмдері ALU процессорлардың қазіргі заманғы архитектурасында төмен жылдамдықпен есептейді. Осы уақытқа дейін бұл көптеген салаларда инженерлердің жұмысын едәуір қиындатып келген. Сонымен қатар, деректерді шифрлаудың көптеген заманауи алгоритмдері, әсіресе ассиметриялық алгоритмдер кванттық компьютерлердің шабуылынан қорғалмаған. Tимур Рыспековтың әзірлемесі ALU блогының бір типті жұмысын басқа түрге түрлендіру, сондай-ақ төмен деңгейдегі өздігінен модификациялайтын кодты пайдалану (процессор міндеттерін орындау командаларының деңгейінде) жұмыстарына негізделген. Таңдау міндеттерін орындау және есептерді шешуді оңтайландыру үшін стохастикалық талдауды қолдану арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Қазіргі уақытта оның авторлық технологиясын 65 елдің инженерлері пайдаланады, әсіресе АҚШ-тағы Silicon Valley белсенділік танытып жатыр. Белсенді пайдаланушылар саны 75 000 адамнан асады.
Байқау жеңімпазы Сейдахмет А.Ж. Қазақстанда алғаш рет джойстик көмегімен қолмен басқаруы, сондай-ақ әзірленген басқару жүйесі көмегімен роботтандырылған басқаруы бар салмағы 500 кг дейін 12 м дейін биіктікке көтере алатын өздігінен жүретін электр роботтандырылған көтергіштер сериясын (ATUM-EL ЖШС зауыты) жобалау және технологиясын жасауға қатысты.
Өздігінен жүретін электр роботтандырылған көтергіштерді жобалаудың әзірленген компьютерлік технологиясын және жобалау-конструкторлық құжаттаманы пайдалану Қазақстан зауыттарында олардың өндірісін құруға мүмкіндік береді. Өндірістік процестерді автоматтандыру үшін роботталған платформаларды түрлі зауыттарда пайдалану жоспарланып отыр.
Инженер Мележик В.И. энергетикалық агрегаттардың көрсеткіштерін арттыру бойынша бірнеше ұтымды ұсыныстардың авторы және қуатты турбиналардың негізгі көрсеткіштерін автоматты тіркеудің және тұтынушыларға электр энергиясын беруді есепке алудың бастамашысы және орындаушысы болып табылады. Жамбыл МАЭС-ын (мемлекеттік аумақтық электростанция) энергетика саласы бойынша цифрландыру аясында турбина подшипниктері мен генератордың вибродиагностикасын бақылау жүйесі, турбина мен генераторды ашпай нақты уақыт режимінде турбина мен генератор роторларын кеңейтуді бақылау жүйесі енгізілді. Резервтік отынды (мазут) сақтау бактарынжыл мезгіліне қарамастан пайдалану үшін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілді (жұмыс параметрлеріне дейін қысқа мерзімде жылыту). Экологиялық талаптарға сәйкес, буландырғыштар тоғандарында сарқынды суларды кешенді тазарту үшін жаңа гидрооқшаулағыш материал – «геомембрана» қолданылды.
Бірегей республикалық «Жылдың үздік инженері» байқауы талантты инженерлерді жігерлендіріп, оларға әрдайым қолдау білдіреді. Бұл байқаудың жастарды инженер мамандығын таңдауға ынталандырып, қызығушылығын арттыратыны анық. Себебі бұл мамандық иелері озық технологиялық шешімдерді қабылдап, жаңа жабдықтар мен технологияларды құрастырып, өндіріс процестерін жобалайды. Осындай ауқымды міндеттемелерді арқалаған инженерлердің мәртебесі қай кезеңде болсын биік болатыны сөзсіз.
Байқаудың барлық жеңімпаздарын шын жүректен құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік, шығармашылық табыс пен тың идеялар тілейміз!