Қоғам белсендісі Қордайдағы жағдайға мемлекеттік органдарды кінәлады

Oinet.kz 10-02-2020 955

Қоғам белсендісі, Демократиялық партия құру бастамасын көтеріп жүрген Жанболат Мамай Қордайдағы жағдай туралы пікір білдірді. "Кешенді түрде қарайтын болсақ Ұлттық қауіпсіздік комитеті және өзге де құқық қорғау органдарының қызметкерлері сондағы халықтың ахуалын, қандай мәселеден ши шығуы мүмкін екенін біліп жүру керек еді". Бұл туралы ол  Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтты.  

maxresdefault.jpg

Ақпанның 7 күні кешке Қордай ауданы Масаншы, Сортөбе ауылында екі ұлт арасында қақтығыс болды. Ол бойынша тұрмыстық деңгейдегі кикілжің дегендей ақпарат тартып жатыр. Шын мәнінде онда үлкен қақтығыс болды және оның салдары барлығымызды ойландыру керек. Бұл жағдайдың орын алуы мемлекеттік органдар жұмысының өте төмен деңгейде екенін көрсетті, - дейді ол.

Оның айтуынша, телефон арқылы тараған видеолардан дүнген азматтарының полиция қызметкерлеріне қарсы күш қолданғанын көруге болады және ресми ақпаратта ондағы дау-дамай 6 ақпан күні басталған. Егер құқыққорғау органдары дереу әрекет еткенде бұл жағдай болмас еді. Полиция, Ұлттық қауіпсіздік комитеті неге шара қолданбаған? Осы аралдықта тиісті шара қолданылғанда мұндай қақтығыстың алдын алуға болар еді, - дейді ол.

Сонымен қатар, ол бұл мәселені кешенді түрде қарау қажеттігін жеткізді.

Бұл жерде полицияның да кемшілігі бар. Өз қызметкерлеріне қарсы күш қолданып жатқанда полиция ешқандай шара қолданбай, көз жұма қарауы үлкен қақтығысқа әкелді деп санаймын. Алматы, Астана қалаларында жалғыз адам пикетке шығатын болса 20-30 полиция жетіп келіп, сол жерде тұтқындайды. Ал мына жерде өз қызметкерлеріне күш қолданып жатқанда екі экипаж келіп тұрып таяқ жеуі және ешқандай шара қолданбауы таңқаларлық жағдай. Бұл күштік құрылымдардың дайындығының жоқтығы және жемқорлық фактісінен хабар береді деп ойлаймын. Біз бұл полицейлерден күмәнданамыз, жемқорлық фактісі болуы мүмкін немесе сол азаматтарға тәуелді болуы мүмкін, не болмаса жоғарыдағы басшыларының сол дүнгендерге бір тәуелділігі бар. Әйтпесе қарапайым адамдар жағасынан алып тұрғанда шыдап тұру мүмкін емес. Полиция қызметкері мемлекеттік органның өкілі. Полицияға қол көтеру – мемлекетке қол көтеру, мемлекеттің заңын таптау деген сөз. Сондықтан бұл жерде үлкен кемшілік бар, - деді Ж. Мамай. 

Сондай-ақ, ол Ұлттық қауіпсіздік комитеті және өзге де құқық қорғау органдарының қызметкерлері сондағы халықтың ахуалын, қандай мәселеден ши шығуы мүмкін екенін біліп жүргенде мұндай оқиға болмас еді деген ойын білдірді.

Егер соны алдын ала біліп, шара қолданғанда жол бойындағы көліктердің бір-біріне жол бермеу фактісі мұндай үлкен қақтығысқа алып келмес еді. Яғни мұның астары терең, осы уақытқа дейін зерттелмей, айтылмай келе жатқан дүниелер бар. Сондықтан бұл іске бірден бір кінәлі мемлекеттік органдар. Бұның салдарын айтып қана қоймай, шығу себебін де айтуымыз керек. Оның бәрі әлеуметтік теңсіздік, жемқорлықта. Полиция, прокуратура қызметкерлері әділетті жұмыс істесе, сот органдары әділ шешім шығарса мұндай қақтығыстар болмас еді. Оның түпкі себебі қоғамдағы әділетсіздікте деп санаймын. Қақтығыстың болуы бұл жағдайдың сыртқы формасы, ал ішкі мазмұны билікке наразылық, бүгінгі мемлекеттік органдардың кемшілігі, - деді ол.


Ер адам желіде жарияланған видео үшін өз әпкесін өлтірді
Мемлекет басшысы Асқар Маминді қабылдады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу