Орыстың әйгілі ақыны Александр Пушкин – еврей. Бұл жайлы анау-мынау емес, Израильдің сыртқы істер министрлігі ресми түрде мәлімдеді.
Министрліктің басшысы Авигдор Либерманның айтуынша, Александр Пушкиннің 210-жылдығы Ресейден гөрі Израильде кең ауқымда аталып өтілуде. Бұның жалғыз себебі – Пушкиннің ата-бабалары эфиопиялық еврейлер болған екен. Бұл жайында Либерман Ресей үкіметінің басшысы Путинмен болған кездесуде мәлімдеді. Путиннің өзі болса «бұл Израиль тұрғындарының Ресейге деген сағынышынан туған ой болса керек», деп еврей шенеунігінің сөзін әзілге айналдыруға тырысты.
Тарихтан белгілі жайт – Пушкиннің арғы атасы Абрам Ганнибал атты африкалық азамат болған. Ол алғашында І Петрдің қызметшісі болып, кейіннен әскери инженер және генералға дейін өскен. Пушкин шынында еврей ме, жоқ па? Бұл мәселені тарихшылар әлі зерттеп көре жатар. Дегенмен, қарапайым оқырмандар ақынның ұлты қандай екеніне бас ауыртып жатпай, 6 маусым күні оның туған күнін атап өтуге дайындалу үстінде.