Уақыт – байлық

699-1476211627-927b50550b.jpg

Уақыт – байлық! Оны тиімді пайдалана біл.

 Үй жинастырып, кір жуу, тамақ жасап, балаға қарау үшін де көп уақыт керек. Демек, уақытты тиімді жоспарлай білу қызметтегі жандар үшін ғана емес, үй шаруасындағы кез келген әйел үшін де өте маңызды. Ол - біздің ойымыздан жүйрік. Бір орында тұрмайды әрі оны кері қайтару да мүмкін емес. Атақты жазушы Максим Горкий: «Уақыт – тыныш өмір сүруді қалайтындардың қас жауы» деген екен. Тоқтаусыз өтіп жатқан әр сәттің қадірін біліп, керегімізге жарату тек өз қолымызда. Біріміз үнемі әлденеге үлгере алмай жүрсек, енді біріміз уақытты өткізе алмай әлек боламыз. Бұл сұрақтың жауабын Самуил Маршактың «Уақыт біреуге ұзақ, біреуге қысқа болып көрінуі мүмкін. Бұл оның уақытты қандай іспен, нендей тірлікпен өткізгеніне байланысты» деген сөздерінен табуға болады. Сондықтан уақытыңызды барынша тиімді өткізуге тырысыңыз. Ол үшін әрбір сәттің қадірін біліп, оны дұрыс жоспарлауды үйреніңіз.

• Әрдайым, тіпті ештеңе үлгермей жатқанның өзінде «Үй шаруасында менен асқан пысық жоқ. Бәрін үлгеремін, жақындарым үшін де бос уақыт табамын» деп іштей қайталап жүріңіз және өзіңізді соған сендіріңіз. Бұл сөздер адамды қайрап, алдыңыздағы шаруаны аяғына дейін жеткізуге, бәріне уақытылы үлгеруге итермелеп, алға жетелеп тұрады. Ал, керісінше, «Ешқашан үлгермеймін, уақыт жетпейді» дей берсеңіз, шынымен де, алға жылжу болмайды.

 

• Егер «Үй жинау керек, киімдерді бүктеу керек» десеңіз, бұл үлкен жұмыс сияқты көрінеді. Ал осы «керек» деген сөзді басқа сөзбен алмастырып, «Киім бүктегім келіп тұр» деп айтып көріңізші. Естілуі де басқаша, көңіл күйіңізге де өзгеше әсер етеді. Киім­-кешегіңіз шашылып жатпауы үшін, оны бүктегіңіз келіп тұр. Демек, бұл басқа нәре. Уақытты дұрыс жоспарлау жүйесін құрушы зерттеушілер алдыңыздағы шаруаны осылайша екі есе аз уақытта аяқтауға болатынын айтады.

 

• Уақытыңызды жоспарлауды таңертең емес, күні бұрын, кешкісін қолға алыңыз. Ертең орныңыздан тұрғаннан бастап не істейтініңізді, қайда баратыныңызды, кіммен кездесетініңізді – бәрін-­бәрін ойластырыңыз және сол жағдайды көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Осылайша бүкіл бір күніңіздің сәтті өтуіне кедергі болар жайттарды да уақытылы байқап, алдын алуға болады. Мысалы, ертең киетін көйлегіңіз. Ол жуылмаған болуы мүмкін немесе үтіктеу керек шығар. Оны ертерек дайындап қойғаныңыз абзал.

Әйтпесе, "Қойшының қызы қой келгенде іс тігедінің" нағыз өзі болады...

 

• Ертеңге қалдырмауды үйреніңіз. Тау­төбе болып үйілген жұмысты уақыттың тығыздығын сылтауратып, келесі күнге қалдыра бергеннен ол азаймайды, керісінше, арта түседі. Үйіліп тұрған істің тым болмаса, бір бөлігін міндетті түрде бүгін бітіру керектігін естен шығармаңыз. Ф.Честерфилд «Зая кеткен әрбір сәт – істелмеген іс, түспей қалған пайда» деген екен.

 

• Кайрос – көне грек түсінігіндегі сәтті уақыт құдайы. Ал тайм­-менеджментте «кайрос» ұғымы қолайлы сәт дегенді білдіреді. Уақытты тиімді пайдалануда қолайлы сәтің рөлі ерекше. Мысалы, поштадан хаттарды алып кету үшін оған арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Сыртта балаңызды қыдыртып жүріп­ақ кіріп шықсаңыз болады.

 

• Тайм­-менеджментте сондай-­ақ «time killers» деген термин бар. Кейде телефонмен ұзақ сөйлесеміз, бітпейтін ойындар ойнаумен отырамыз, мағынасыз телехикаяларды бірінен соң бірін жалғастырып қараймыз, ғаламтор мен әлеуметтік желілерді ақтарып, қайта­қайта орынды­орынсыз шай ішеміз... Міне, осындай түкке тұрғысыз нәрсемен айналысып, алтын уақытты «өлтіреміз». Сондықтан осынау керексіз істі қысқартып, күн санап, мүлде тоқтатқанымыз дұрыс. Гетенің «Уақытты босқа жіберіп алудан артық өкініш жоқ» деген сөздері әрдайым жадыңызда болсын.

 

• Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, күнделікті бір-­екі сағат, кейде одан да көп уақыт көлік кептелісінде тұрады екенбіз. Осы уақытты сіз босқа өткен уақыт деп емес, демалыс уақыты деп қарастырыңыз. Көлік орнынан қозғалып, баратын жеріңізге жеткенше, көптен бері хабарласа алмай жүрген жақындарыңызбен сөйлесіңіз, газет-­журнал оқып, айналаңыздағы жаңалықтардан хабардар болыңыз.


Дереккөз : anabol.kz

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең қымбат картиналар
  • Еліміздегі жекеменшік телеарналардың көпшілігінің қазақшасы 30 пайызға да жетпейді...
  • Сәкен Сыбанбай: «Қолды болған 1000 доллар»
  • Жұмабек Тәшенов пен Ұлықпан Бәшеновтің арасында қандай байланыс бар?
  • Сезімнің оянуына не түрткі?
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: