24 сағаттық аралықты сақта

уакыт.jpg

Гурджиев тоғыз жасқа келгенде әкесі қайтыс болады. Әкесі кедей еді. Өлер алдында баласымен бақұлдасып, былай дейді:  

— Саған мирас қылып тастар дымым жоқ. Мен кедеймін. Менің әкем де кедей еді. Бірақ әкем маған жақсы сөзін өсиет қып қалдырған-тұғын. Сол сөз мені әлемдегі ең рухани бай адам жасады. Сыртым кедей боп қалса да, жаным рақат өмір кешті. Сол сөзді мен де саған аманат етейін. Әкемнің сөзі нақты кеңес. Әзірге тым жассың. Кеңесімді орындай алмай жатсаң да, жадыңа мықтап түйіп ал. Осы кеңеске құлақ асар шамаға жеткеніңде, орындауға құлшына бер. Кеңесім өте қарапайым. Мен о дүниеге аттанып бара жатқандықтан, мені мұқият тыңда, сөзімді бөлме, қайталап айтып отыр, сонда мен разылықпен бұл дүниеден көшермін. Бәлкім, бұл сөз атадан балаға сан ғасырдан бері көшіп келе жатқан сөз болар, мән беріп тыңдағайсың. 

Әкенің аманаты қарапайым болып шықты. Әкесі былай дейді:

— Егер біреу-міреу саған тіл тигізсе, ашуыңа тисе, азғырып, арандатып жатса: «Сенің дегеніңді түсіндім, бірақ мен әкеме жауапты тек 24 сағаттан соң беретініме уәде берген едім. Сен қазір ашулысың, мен оны түсіндім. Мен 24 сағаттан соң келіп саған жауабыңды айтам» де. Барлық істе осы қағиданы ұстан – 24 сағаттық аралықты сақта. 

Тоғыз жасар бала әкесінің айтқанын қайталайды. Қайталағанын естіген әкесі: 

- Жақсы. Ақ батамды бердім. Енді разылықыпен өле берсем болады екен. 

Сол сәтте әкесі көз жұмады. Осындай ауыр сәтте айтылған асыл сөз баланың жүрегінде мәңгілікке сақталады. Гурджиев жасы тоғызда болса да, әкесінің сөзін орындауға барын салады. Егер біреу балағаттап жатса, ол:

- Мен 24 сағаттан соң келем. Жауабыңды сонда берем. Өйткені, өлер алдында әкеме уәде берген едім. Дәл қазір саған еш жауап бере алмаймын, - деп кетіп қалады. 

Біреу ұрып жатса да, ол: 

- Ұрғың келсе ұра бер, мен дәл қазір саған жауап бере алмаймын. 24 сағаттан соң келіп жауабыңды берем. Менің берген уәдем бар, - дейтін. 

Ақырында шәкірттеріне ол:

- Әкемнің айтқан сол қарапайым ақылы мені бастан-аяқ трансформациялады. Бір адам мені ұрып жатыр, бірақ мен оған жауап бере алмайтынмын. Сондықтан оның ісін сырттай бақылай беретін болдым. Қолымнан келер іс жоқ еді. Бұл адам мені ұрып жатыр. Ал, мен тек көрермен бола алам! 24 сағат күтуім керек. 

Осындай жағдайды бақылау адамды өзгертетінін түсіндім. Ішімде жаңа кристализация жүрді. 24 сағаттан соң мен жағдайды әлдеқайда анық түсіне алатын болушы едім. Ол ұрғанда көзім кектен қып-қызыл болып кететін. Дәл сол сәтте жауап қайырсам, ол адаммен күресуге ықтияр білдірер едім, оған қол жұмсар едім, соның бәрі бейсаналы түрде жүрген болар еді. Алайда 24 сағаттан соң болған жағдайды санамда сараптауға шамам туатын. Әлдеқайда салмақты түрде ойланатынмын. Ол адамдікі дұрыс болса – мен бірдеңені бүлдіргенім, мені сол қателігіме бола жазалады деп қабылдайтынмын немесе ол адам мүлде бұрыс жасағаны. Дұрыс жасаса, оған келіп алғыс айтудан басқа амал қалмайтын. Егер бұрыс жасаса... Ондай адаммен алысудың өзі бекер. Бұрыс қылықтар жасайтын адамның ақымақтығына ортақтасудан аулақ бола түсетінмін. Оған қарсы шығу – уақыт өлтіру. Еш мәні жоқ тірлік. Ол ешбір жауапқа лайық емес. Сондықтан 24 сағаттан соң барлығы өз орнына түсетін. Санам тұнық, ойым бүтінделе қалатын. 

Осындай тұнық санасымен Гурджиев бір сәтте осы ғасырдың ең ғажайып адамына айналып шыға келді. Оның бүтін болмысының жаңа кристализациясының іргетасы әкесі мирасқа қалдырған сөзден құйылған еді. 

Сен әрдайым сырттасың. Тек бақылай біл. 

Шри Раджниш Ошо 

Сыйқыршының жолы

Аударған Шынар Әбілдә


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең қымбат картиналар
  • Еліміздегі жекеменшік телеарналардың көпшілігінің қазақшасы 30 пайызға да жетпейді...
  • Сәкен Сыбанбай: «Қолды болған 1000 доллар»
  • Жұмабек Тәшенов пен Ұлықпан Бәшеновтің арасында қандай байланыс бар?
  • Сезімнің оянуына не түрткі?
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: