Зорлық жасамаудың жаршысы

Без названия (1).jpg

Порбандар кінәздігінің бас министрі болған әкесінен Махатма Ганди ымырашылдық пәлсапасын мирас еткен. Оны ешбір тірі жәндікке зиян тигізбеу керек деп тәрбиелеген. Өзіңді өзің ізгілікке тәрбиеле деп үйреткен. Өзге жандарға төзімділік таныту қажеттілігін қанына сіңірген. Оларды касталық, діни ұстанымына мән бермеу маңызды екендігін айтып өсірген. Сондықтан Ганди ұлт-азаттық күрес жолына түскенде Үндістан зорлық жасамайтын қарсылықты таңдайтынын көрсетті. Индуистерше айтқанда,  сатьяграха. Үндістанның ұлы жазушысы Рабиндранат Тагор оны «Махатма» деп атаған, яғни «Ұлы жан» деген. Ганди отыз жылдан астам сатьяграханы таратты. Ақыр соңында әлемге өзінің ымырашылдық пәлсапасын дәлелдеді. 1947 жылы Үндістан Британдықтардан тәуелсіздігін алды. 

Махатма Ганди Лев Толстойдың еңбектерін көп оқыған деген дәйектер расталған. «Қиянатқа зорлық жасамау» деген толстойлық ұғымды қабылдаған. Бұл ойға тәнті болған. Ол өзін Толстойдың шәкіртімін дейтін. Оны өзінің рухани ұстазы санаған. Ганди ұлы орыс жазушысына ең ыстық, ықыласты лебіздерін жазған. Өзінің таңдауы мен азаттық үшін күрестегі үндістандықтардың ахуалын айтқан. Толстой Гандиге жауап қайтарған-қайтармағаны белгісіз. Ол кезде Толстой қатты сырқат еді. 

Оның шын аты Мохандас Карамчанд Ганди. Гуджараттық Порбандар кінәздігінде дүние есігін ашқан. Дін ұстанатын отбасында туған. Барлық діни рәміздер орындалуы қатты қадағаланатын. Индуистердің барлық салттарын сыйлап өсті. Оның бәрі жасөспірім жігіттің мінезінде байқалатын. Ұзын бойлы, бірақ ерекше арық еді. Мохандас үнемдеп тамақтанатын. Арық тәнінде құрыштай қайсарлық білініп тұратын. 

13 жасында Ганди үйленеді. Өзімен жасты Каструбай оның жары атанды. 19 жасында Лондонға оқуға аттанады. Заң біліміне қызығады. 1893 жылы Бомбейде адвокат болып қызмет етеді. Содан соң оңтүстік Африкадағы гуджараттық сауда фирмасында заң кеңесшісі болып қызметке кіреді. Сол Оңтүстік Африкада жүріп азаттық туралы ойларды жұқтырады. Жергілікті жердегі нәсілдік бөлініс пен үндістерді қудалауға қарсы күресті басқарды. 

Ганди бейбіт шерулер ұйымдастырып жүрді. Үкіметке петиция жазды. Жергілікті ұлттың басындағы жыларман күйге мән беру керектігін талап етті. Оның еңбегі еш кетпеді. Оңтүстік Африка Үкіметі оның талаптарын орындады. Адам құқын шектейтін кейбір заңдар жойылды. Оңтүстік Африкадағы үндістер Гандидың арқасында бейбіт шеру жасап, соның нәтижелі болғанына қатты қуанды. 

1915 жылы Ганди Отанына оралады. Үнділік Ұлттық Конгресс партиясына мүше болады. Кейін көсеміне айналады. Гандидың ұстанымдары үндістандық буржуазиямен үндес болды. Үнділік Ұлттық Конгресс оны қолдады. 1947 жылға дейін жалғасқан күрес ақырында Үндістанның бейбіт жолмен тәуелсіздікке қол жеткізуімен тынады. Бірақ британдықтар елді екіге қақ жарып кетті. Бір жағы индуистік зайырлы Үндістан болса, екінші жағы мұсылман Пәкістан болды. Екі жақты татуластыруға тырысқан Гандидың барлық ісі нәтижесіз қалды. Бірақ ымыраға түбі бір қол жеткізем деген ниетінен ол ешқашан үмітін үзбеген. 

1948 жылы Делидегі діни шара кезінде Гандидың жанына бір үндіс келеді де иіліп сәлем береді. Сосын қойнынан тапаншасын суырып алып оған үш оқ атты. Сөйтіп, ұлы көсем кісі қолынан қаза тапты. 



Гандидың нақыл сөздері:

•Еңбексіз алтын да, күміс те, мыс та тек қайыры жоқ кен болып қала берер еді. 

•Батылдық болмаса басқа ізгі қасиеттер жетілмей қалар еді. Қайсарлық болмаса ақиқатты іздей алар ма едік? Немесе махаббатты күтіп-сақтай алар ма едік? 

•Бай адам неғұрлым қарапайым өмір сүруі тиіс. Сонда жарлы күнін көре алатын болады. 

•Дұға жасағанда сезімсіз сөзден гөрі сөзі жоқ сезімнің болғаны абзал. 

•Ұлттың ұлылығы мен рухани саулығын жан-жануарға деген қарым-қатынасынан білуге болады. 

•Ардың ісі дауыс берумен шешілмейді. 

•Британия дәулетті ел болуы үшін жер бетінің жартысынан жуық ресурстары қажет болды. Ал, Үндістан дәулетті болу үшін қанша ғаламшардың ресурсы қажет болмақ? 

•Аш адамға Құдай - нан. 

•Жыныстық қатынасты – ұйқы-тамақ сияқты мұқтаждық, өздігінше жеке жүйе деп ойлау ең ұлы топастық. 

•Егер бүкіл әлемде бейбітшілік болсын десек, онда бесікті түзеу керек. 

•Егер әлем өзгерсін десең, сол өзгеріс өзің бол. 

•Егер келешегім өзгерсін десең, бүгініңнің өзгерісі өзің бол.

•Басыңа сынақ түскенде дін туралы оқығаның өз тәжірибеңнен жарытымсыз боп қалады. 

•Қалаған адам жан дүниесіндегі ішкі дауысын тыңдай алады. Ол әр адамның ішінде бар. 

•Егер жүрегіңде қаталдық бар болса, онда қатал болған жақсы. Тек өзіңнің осалдығыңды зорлық жасағым келмегендіктен деп жасқама. 

•Махаббат ешқашан талап етпейді. Ол барын береді. Махаббат үнемі қайғырады. Ешқашан қарсы келмейді. Өзі үшін ешқашан кек алмайды. 

•Әлем әр адамның керегін қанағаттандыру үшін тым кең. Алайда, адамзат баласының сараңдығын қанағаттандыруға тым кішкентай. 

•Дұға – ертеңнің кілті, өткеннің құлпы. 

•Аузымда әзілім болмаса, мен баяғыда-ақ өзіме қол жұмсар едім. 

•Зорлық жасамау – қорқақтықтың белгісі емес. Ол әрдайым қаһармандық. 

•Ашық тайталас – көбіне алдыға жылжудың белгісі. 

•Зорлықпен жеткен жеңіс жеңіліске тең, өйткені ғұмыры ұзаққа созылмас. 

•Қанға қан, жанға жан деу әлемді көрсоқырлыққа түсіреді.

•Адам қателік жасау еркіндігіне ие болмаса оның азаттығы түкке тұрғысыз. 

•Әлсіз адам ешқашан кешірмейді. Кешірім ету – мықтылардың қасиеті. 

•Шын көңілсіз қызмет ету қызмет етушіге де, қызмет көрсетілген адамға да пайдасын тигізбейді. 

•Басында олар сені елемейді. Сосын саған күледі. Артынша сенімен күреседі. Ал, содан кейін сен оларды жеңесің. 

•Қорқақ сезімін білдіре алмайды. Махаббатын қастерлеу қайратты жанға тән. 



Махатма Ганди

Аударған Шынар Әбілдә



Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең қымбат картиналар
  • Еліміздегі жекеменшік телеарналардың көпшілігінің қазақшасы 30 пайызға да жетпейді...
  • Сәкен Сыбанбай: «Қолды болған 1000 доллар»
  • Жұмабек Тәшенов пен Ұлықпан Бәшеновтің арасында қандай байланыс бар?
  • Сезімнің оянуына не түрткі?
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: