Медет Салықов: «Аяла» әні екі күнде жарыққа шыққан»

Screenshot_4.jpg 

Медет Салықов, әнші-композитор:

-          Сіздің көпшілікке «Аламан» тобы арқылы танылғаныңыз белгілі. Алайда  соңғы кездері бұл топ сахнадан көрінбей кетті?

-          Мен өнер жолымды осы топтан бастадым. «Аламан» тобы 2003 жылы құрылған болатын.  Биыл міне 11 жыл болды. Сахнаға жиі-жиі шықпасақ та ара-тұра концерттер мен шоу-бағдарламаларға қатысып тұрамыз. Былтыр мамыр айында Астанада жеке шығармашылық кешімді өткізген болатынмын. Сол кеште  өзім бастамашы болып ашқан  топтың 10 жылдығы туралы айтылып, біраз әндерді шырқадық. Сондай-ақ кешке  «МузАрт» тобы, құдай қосқан қосағым әнші Клара Төленбаева, ұстазым Бекболат Тілеухан тағы да басқа әншілер қатысты.

-          Әндеріңізді әншілерге өзіңіз ұсынасыз ба, әлде өздері сұрап жата ма?

-          Кейде өзім ұсынамын, кейде өздері сұрап жатады. Мәселе ұсынған немесе сұрап алғанда емес, ән өз орындаушысын сәтті табуында. Туындымды әріптестеріме ұсынардан бұрын бұл ән қай әншінің табиғатына, дауыс ырғағына  сай келетінін зерттеп аламын. Себебі кейбір әндер орындаушысын дәл таппай, бағы жанбай қалады.

-          Сазгер Медеттің атын шығарып, жұлдызын жаққан «Жібек сезім» әні мен 2012 жылдың үздік әні атанған «Аяла» әні деп айтсақ болады. Екі ән дүниеге қалай келді?

-          «Жібек сезім» әні композиторлық қырымның алғашқы жемісі десем де болады. Өкінішке қарай, кейінгі кезде әншілеріміз шет елден ұрланған немесе соған өте-мөте ұқсайтын әуендерге әуес боп алды. Қазақы иірімі бар ән жазуды қолға алып, нәтижесінде осы ән дүниеге келді.  Сөзін белгілі ақын Қалқаман Сарин жазды. Ал екінші әнге тоқталар болсам,  жас әнші Жаңабай Өтегенов менен әсерлі әрі әдемі ән жазып беруін өтінген болатын.  Екі-үш күнде әнді жазып, Жаңабайға тыңдаттым. Ол әнді бірден ұнатып, Қалқаман Саринге жолығып, мәтінін жаздырып алды. Ақын мәтінді небәрі қырық минуттың ішінде жазып беріпті. Ән осылайша Жаңабайдың орындауында халықтың жүрегіне жетті.

-          Сіз дәстүрлі мектептің өкілі және Бекболат Тілеуханның шәкіртісің. Бірақ домбырамен дәстүрлі ән айтқаныңды сирек көреміз. Неліктен?

-          Жасыратыны жоқ, әннің дәстүрлі жағын ақсатып алғаным рас. Эстрадаға шынымен көбірек мән бердім және ән жазумен айналыстым. Оның үстіне дәстүрлі әншілердің сахнаға шығуы, ел алдында көрінуі сиреп тұр ғой. Қазір дәстүрлі формада жаңа ән шығаратындар да азайып кетті. Бірақ мүлдем дәстүрлі ән айтуды тастап кеткен жоқпын. Шығармашылық кешімде бірнеше дәстүрлі ән орындадым. Бекболат Тілеухан ағамыз ұйымдастырған үлкен концертте домбырамен халық әні «Гүлдариғаны» орындадым. Қанша эстрадаға көп көңіл бөлсем де дәстүрлі әнді ешқашан тастап кетпейтініме сенемін.

-          Қыздарыңыз Ақкербез бен Айкерім де өнерден жұрдай емес. Оларда болашақта ата-аналары секілді өнер жолына түседі ме?

-          Үлкен қызым Ақкербез бірнеше республикалық байқаулардың жеңімпазы. Жетіген, домбыра және гитарада ойнай біледі. Екінші қызым Айкерім де әншілікке жақын болып өсіп келе жатыр. Шығармашылық концертімде «МузАрт» тобымен  қосылып ән шырқады.  Кішкентай ұлым Нұрсамат та  құймақұлақ болып шықты. Әнді тез жаттап алады, нотаға таза түседі. Ешқайсысына талап қоймаймын. Болашақта мамандықтарын өздері таңдай жатар.

-          Сұхбатыңызға рахмет!

Мұрағаттан, 23.01.2014 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Мақпал Жұмабай: «Біз барлығымыз таза адамдардың алдында қарыздармыз»
  • Батырхан Дәуренбеков: «Анимацияның идеологиялық қару екенін әлі сезіне алмай жатырмыз»
  • Шалатай Мырзахметов, депутат: «100 мың доллар еңбекақы алған кезіміз болды»
  • Нұрлан САНЖАР: «Қожаның» көп қылығы өз бойымда да бар
  • Қайырғали МЕДЕТ: Түркістандағы НКВД-ның түрмесі бүгінде жекенің қолында
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: