Жарқынбек Құрманбек, Шымкент қалалық әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы:
«Шетелдік тәжірибені қолданысқа енгізу ойластырылуда»
Жыл сайын тамылжыған тамызда-ақ жергілікті билік «қысқа жүз пайыз дайынбыз» деп халықтан алдын-ала сүйінші сұрағанымен, қаһарлы қыс бұл дайындықтың бос сөз екенін айғақтап беретін. Бұдан, әрине, зардап шегетін қарапайым халық. Әсіресе, бюджеттік мекемелер мен көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары. Биыл да осы «әләуләйім» қайталанып жүрмей ме? Шымкент қалалық әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Жарқынбек Құрманбекпен арадағы әңгіме осы сауалдан басталды.
- Қысқа дайындық жыл сайын жылыту маусымы аяқтала салысымен, яғни сәуір айында-ақ басталып кетеді. Қалада 1781 көпқабатты үй болса, соның оңтүстік аумағындағы 936 үйді «3-Энергоорталық» АҚ қамтамасыз етсе, солтүстік аумақтағы 796 үйге «Қуатжылуорталық» МКК жеткізеді. Көпқабатты үйлердің барлығына қысымдау жұмыстары жүргізіліп, қысқа жан-жақты дайындау керек. Мұнымен жоғарыда аталған екі мекеме айналысады. Дегенмен, кейбір үйлердің тұрғындары қысымдау жұмыстарын жүргізу үшін лицензиясы бар жеке компаниялармен келісім-шартқа отырады. Оған тыйым салынбаған, алайда, ол компаниялардың атқарған жұмыстарына жоғарыдағы екі мекеме міндетті түрде бақылау жасап, жұмыстың қаншалықты сапалы, әрі дұрыс атқарылғанын тексереді. Тамыздың 16-сына дейінгі мерзімде «3-Энергоорталық» АҚ-ына қарасты 936 үйдің 568-ы келісім-шартқа отырып үлгерген. Шамамен 330 шақты үй жеке компаниялардың қызметіне жүгінген. Ал оңтүстік аумақтағы 796 үйдің 240-ын «Қуатжылуорталық» МКК дайындауға кіріскен.
Дәл бүгінгі есеп бойынша қаладағы көпқабатты үйлердің 40 пайызының қысқа дайындығы толығымен біткен. Әрине, мұны жоғары көрсеткіш деп айтуға болмайды. Әлі мыңға жуық үйді дайындауымыз керек. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қысқа дайындық маусымын қыркүйектің 15-іне қорытындылауымыз тиіс. Қазір «3-Энергоорталық» АҚ-ынан 22, «Қуатжылуорталық» МКК-нан 28 және жеке 16 бригада қызу жұмысқа кіріскен. Олар күніне 30 үйді қысқа дайындықпен қамтамасыз етуде.
- Көктемнен қазіргі уақытқа дейін қысқа дайындық барысы 40 пайызды құраса, қалған 60 пайызын бір ай ішінде дайындықтан өткізу асығыстық болмайды ма? Ал асығыстықтың сапаға кері әсер ететіні белгілі.
- Қысқа дайын емес деген үйлерде бүгінге дейін негізгі дайындық шаралары жүргізіліп қойған. Тек соңғы нүктесі ғана қойылып, акт жасалуы тиіс. Ал акт жасалмайынша ол дайын үйлердің қатарына қосылмайды. Аудан әкімдері бұл шаруада бізді ұятқа қалдырмайды деп ойлаймыз.
- Жылудың сапасын сақтайтын тасымалдаушы құбырлар екені белгілі. Олардың сапасы қандай дәрежеде?
- Қалада 76 шақырымдық жылу магистралі мен 307 шақырымдық ішкі орамдық жүйелер бар. Талап бойынша құбырлардың пайдалану уақыты 20 жылдан аспауы керек. Ал біздің жылу құбырларының пайдалануға берілгеніне 20 жылдан асып кеткен. Сол себепті де жер асты құбырларының көп бөлігі жарамсыз күйге түскен. Құдай сақтап, қақаған қыста үлкен жолдарда апаттар болған жоқ. Қолға алынған үлкен инвестициялық жобалардың арқасында соңғы 5-6 жылдан бері жылу құбырларын кезең-кезеңімен алмастыруды бастағанбыз. Биылдың өзінде магистралды құбырлардың 10,2 шақырымына қайта құру жұмыстары жасалды. Кейде жоспардан тыс жағдайлар да кездесіп жатады. Мәселен, жақында қысымдау жұмыстарын жүргізу барысында Ғ.Ильяв пен Ә.Диваев көшелерінің қиылысында құбыр жарылып, қосымша апаттық жұмыстарды атқаруға тура келді. Мұндай апат құбырдың тозғандығынан орын алады. Жоспар бойынша 2015 жылға дейін қаладағы жылу жүйелері, яғни магистралды және ішкі орамдық жүйелер толық жаңаланып бітетін болады.
Былтырғы қыста жарықтың сөніп қалуынан 9 жерде апат болды. Осы келеңсіздікті ескере отырып, қазандықтардағы насос станциялары күшейтіліп, жарық сөнгенде автоматты түрде жылдам іске қосылатын аппараттар орнатылуда. Бұл апаттардың алдын-алуға негіз болады. Бұдан бөлек дизелді генераторлар да орнатылуда. Себебі, қыс мезгілінде қуат көзін пайдалану деңгейі шамадан тыс көбеюіне байланысты апаттарға жиі жол берілуде. «3-Энергоорталық» АҚ да өз аумағындағы қазандықтарды осындай аппараттармен қамтамасыз етіп, келеңсіздіктердің алдын алу жұмыстары жүргізілуде.
- Бюджеттік мекемелердегі дайындық деңгейі қандай дәрежеде?
- Білім саласындағы мекемелер толығымен қысқа дайын. Өйткені, оқу жылы басталғаннан кейін, яғни 1-қыркүйектен бастап жөндеу жұмыстары жүргізілмеуі керек. Ал денсаулық сақтау саласындағы 8 мекеме мен 2 спорт мекемесі күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты әзірге аяқталған жоқ.
Көмірмен жылытылатын мекемелер үшін 3504 тонна көмір дайын. Сапасы да жақсы. Облыс басшысының тапсырмасы бойынша барлық мекемелерге қатты отын 1-тамызға дейін тасымалданып бітуі тиіс еді. Бірақ, күннің қатты ысуына байланысты тасымалды тоқтата тұруға мәжбүрміз. Өйткені, күн қатты ысыған кезде көмірдің өздігінен жанып кету қаупі күшейеді. Бұл өте қауіпті. Өшіру қиын.
- Көгілдір отын пайдалана алмайтын қала тұрғындары өткен қыста көмір жетіспеушілігінің азабын әбден тартты. Биыл да осы келеңсіздік қайталанып жүрмейді ме?
- Халықты көмірмен қамтамасыз ету біздің саламызға кірмейді. Дегенмен, көмір тасымалымен айналысатын әр кәсіпкермен жеке байланыс орнатып, халыққа қатты отынның жеткілікті дәрежеде жеткізілуін бақылаймыз. Биыл көмір жеткілікті, тіпті, көптеген кәсіпкерлердің қоймаларында бос орын болмағандықтан вагондарды келтіре алмай отыр екен. Сол себепті халық алдағы қыста көмірден қысылмайды деп ойлаймыз. Дегенмен, ұзын арқан, кең тұсауға салынуға да болмайды. Негізінде көмірді қазіргі уақытта алған дұрыс. Сапасы да жоғары, бағасынан да ұтылмайтын болады. Ертең көмір қар-жаңбырдың астында қалатын болса көп ұтылады, әрі бағасы да өсіп кетуі мүмкін.
- Жарық болмаса жылыту жүйесін іске қосу мүмкін емес. Ал қазірдің өзінде сапасыз жарықтан жапа шегіп отырған тұрғындар көптеп саналады...
- Қала тұрғындары жарықпен жүз пайыз қамтылған. Бірақ, 78,4 пайызы ғана стандартқа сай, сапалы жарықты тұтынуда. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін бүгінде Қайтпас-1, Қайтпас-2, Самал, Достық, тағы да басқа бірқатар мөлтекаудандарда стандартқа сай бағаналар орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әрине, бұл бір жылда бітетін шаруа емес.
Ал газ мәселесіне келер болсақ, қала аумағында көгілдір отынның қызығын көре алмай отырған тұрғындар аз емес. Соңғы жылдары көптеген мөлтекаудандарға газ жеткізумен жеке меншік компаниялар айналысқан. Олардың тұрғындарды газбен қамтамасыз етуге толық мүмкіндігі жетпейді. Өйткені, тартылған құбырлардың көлемі кішкентай, талапқа сай келе бермейді. Сол себепті оны мемлекет те балансына ала алмайды. Ендігі жерде халықты газбен қамтамасыз ету мәселесін мемлекет өз қолына алып, құбырды жер астымен тартуды жоспарлауда. Қала әкімі Қайрат Молдасейітовтың мамандығы құрылысшы. Әкімнің ұсынысы, яғни соңғы жоба бойынша су, газ, электр энергиясы жер астымен бір қазба арқылы қатар тартылатын болады. Шет мемлекеттердің көпшілігінде осы тәжірибе қолданылады. Апат бола қалған жағдайда жөндеуге де қолайлы. Сондықтан шетелдік тәжірибені қолданысқа енгізу жағы ойластырылуда.
Әңгімелескен Шадияр Мекенбайұлы
Мұрағаттан, 19.08.2012 ж