Нұрмахан Жолдасов: «Жыл сайын көкпарға автокөлік тігемін»

Screenshot_5.jpg

Нұрмахан Жолдасов, облыстық көкпар  федерациясының президенті:

Жасыратыны жоқ, көкпар ойынының деңгейі жыл сайын көтеріліп келе жатыр. Жақында ғана Шымкент қаласында қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың жүлдесі үшін өткен ІХ халықаралық турнир осынау ұлттық спорт түрінің халықаралық беделі анағұрлым жоғарылағанын айқын көрсетті. Бұрын-соңды бұл өңірде 7 елдің көкпаршылары қатысқан жарыс өтпеген-ді. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Қытай, Моңғолия көкпаршылары сынға түскен бұл додада жерлестеріміз алдына жан салмай, бас жүлдені қанжығасына байлады. Соңғы кездері көкпарды Азия ойындарының, тіпті олимпиадалық спорт түріне енгізу қажет деген пікірлер жиі айтыла бастады. Біз осы және ұлттық ойынымыздың кейбір мәселелері жөнінде облыстық көкпар  федерациясының президенті Нұрмахан Жолдасовпен пікір бөліскен едік.

- Нұрмахан Миятұлы, сіздің көкпарға деген қызығушылығыңыз қашан, қалай оянды?

- Өзім жылқышы отбасында дүниеге келдім. Әкем -- жылқышы, анам сауыншы болған. Мен өмірге келгенімде Ұлтуған апам «әкесі сияқты ат үстінде желіп жүрсін» деп кіндігімді аттың жалына байлапты. Сондықтан, ат спортына, оның ішінде әсіресе көкпарға деген құштарлық қанымда бар десем болады. Әкем соғыс жылдарында атты әскерде қызмет жасаған. Елге оралған соң  да өмір бойы жылқымен шұғылданды. Өзім жас кезімнен көкпар шаптым. Ұлттық спорт ойынының күні бүгінге дейінгі жеткен жетістіктеріне атсалысып келемін. Кезінде Амалбек Тшан ағамыздың ұйытқы болуымен ұлттық ат спорты федерациясы құрылды. Кейін ол кісі басқа қызметке ауысуына байланысты федерация басшылығына мен келдім. Оңтүстікте ат спорты түрлерінің қарыштап дамуына туризм және спорт басқармасын  басқарған  жылдары Әли Бектаев та зор еңбек сіңірді. Федерация құрылған кезден бастап көкпардың ережесін бекіту, көрермендердің қызығушылығын арттыруға бел шеше кірістік. 1997 жылы Манастың мың жылдығына арналған бәйгеге белгілі кинорежиссер Болат Шәмшиев келіп, көкпарға өзгерістер енгізу жайында өзінің ұсыныстарын ортаға салды. Содан келіп көкпарда қазандықтар пайда болды. Ереже түзіп, оны қолданысқа енгізуге  Ғани Ахметбаев, Әбілхан Дауылбаев, Мұрат Қыдырбай секілді азаматтар атсалысып, нәтижесінде  көкпар ойынының ережелерінің  85 пайызы өзгеріске ұшырады.

-  «Көкпарды қырғыздар иеленіп алды» деген пікірді жиі естиміз. Бұған не дейсіз?

- Бұл сөз дұрыс емес. Көкбөрі – қырғыз тілінен шыққан сөз емес, бүкіл түркі тілдес әлемге ортақ ұғым. Бұл бір. Екіншіден,  қырғыздардың көкпарды меншіктейтіндей құқығы да жоқ. Себебі, олардың Алтай  жақтан келгені, ата-бабалары көкпар шаппағаны да белгілі. Сондықтан, көкпар – қазақтың ұлттық спорт түрі екенін қай жерде болсын айтып жүремін. Оның үстіне, халықаралық «Көкбөрі» федерациясының штаб-пәтері Бішкекте болғанымен, оның басшысы Қайрат Сатыбалды, хатшысы Болат Шерниязов деген азамат. Әйтсе де «сен тұр, мен атайын» деген алакөздікпен емес, барлығымыз бірігіп тірлік атқаруды мақсат тұтамыз.  Көкбөріні түркімендер де, ауғандар да, өзбектер де ұлттық ойындары деп таниды. Асанбай Асқаров атындағы турнирге  Ауғанстан командасы да қатысуға тілек білдірген еді. Бірақ олар соңғы сәтте кешірім сұрап, келе алмайтындарын  жеткізді. Жалпы, алғашқы жылдарда көкпарды дамытуға қырғыздардың белсене атсалысқанын жоққа шығармаймын. Бірақ қазір осы спорт түрін дамыту мен насихаттау ісінің алдыңғы шебінде қазақтар жүр. Бұрындары қырғыз шабандоздарынан жеңіліп қалып жүруші едік. Қазір  олар бізден 10-1 есебімен, тіпті одан да масқара есеппен ойсырай ұтылып жүр. 

- Көкпарды Азия құрлығында дамытып, тіпті сәтін салса олимпиада ойындарының қатарына кіргізу жайлы ойларды жиі естіп жүрміз. Сіздің ойыңызша бұл жүзеге асатын іс пе?

- Біздің арманымыз – көкпарды Азия құрлығында дамыту. Әрине, бұл бір-екі жылда шешіле салатын оңай шаруа емес. Әзірше біз көкпарды тек шетелде насихаттап жүрміз. Бұл ойынды жетік меңгерген елдер ретінде Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстанды атап өтуге болады. Тәжікстан да соңғы жылдарда көкпардан тәуір ойнап жүр. Бірақ, көкпарды басқа елдерде шындап дамыту үшін әуелі шабандоздардың деңгейін көтеруіміз керек. Әзірше Қытай, Ресей, Моңғолия, Ауғанстан елдеріндегі көкпаршылар жүлделі орындарға таласа алмайды. Үнемі қазақтар жеңіске жете берсе  шетелдік жанкүйерлер тарапынан қызығушылықтың туындауы қиын. 

- Соңғы кездері көкпарға жапондар мен америкалықтар да қызығушылық таныта бастағаны белгілі. Тіпті Американың ковбойлары көкпардан чемпионат өткізуге құлшынып отыр деседі. Ол дұрыс-ақ. Бірақ, көкпарды әлемде дамытудың негізгі қиындығы – шетелдіктер бұл спорт түрін тым қатыгез деп тапқаны. Дүниежүзілік жануарларды қорғау  ұйымының бірнеше рет қарсылық танытқаны белгілі. 

- Иә, сондай жағдайға кезінде өзіміз де тап болдық.  1996 жылы қыпшақтардың Венгрияға қоныс аударғанының мың жылдығы атап өтіліп,  сол тойға біз шақыру алдық. Төрт күн бойы ұлттық ойын түрлерін көрсетті, оны еуропалықтар телеарна арқылы тамашалады. Бесінші күні бізге жануарларды қорғау дүниежүзілік ұйымының өкілдері келіп, «аттарды ұрып, сабағандарың заңсыз» деп шу шығарды. Бізден қамшымызды алып, қолымызға пластмассалық шыбықтарды ұстатып қойды. Қамшы болмаған соң аттар жүре ме? Әлгі ұйым өкілдерінің уәжімен келіспедік. Бұл спорт қой. Спорттың заңдылығы сол - жеңіске жету үшін барыңды саласың. Қажет болса азапқа түседі. Регби, жеңіл атлетиканы алып қараңыз. Спортшылар қатты шаршайды. Боксшылар бірін-бірі төпеп, ұрып жатады. Бірақ, «адамның құқығы бұзылып жатыр» деп ешкім байбалам салып жатқан жоқ қой. Ережесіз  жекпе-жек түрлеріне  одан өткен қатыгездік тән. Алайда бұл спорт түрі әлемде кеңінен таралған емес пе? Бұл спорт түрлеріне арнайы дайындығы, төзімділігі бар адамдар қатысады. Көшеде кетіп бара жатқан кездейсоқ адам шыдамайды. Сол сияқты көкпарға да аттың төзімдісі қатысады. Венгриядағы аттар шынымен де көкпардан зардап шегуі мүмкін. Себебі ол қамшыны көрмеген. Ондағы аттарға шыбық тигізсең қамшымен ұрған есебі болады. Ал бізде олай емес қой, өрілген қамшымен ат өршіп түсуі үшін оның жамбасынан ғана емес,  мойны мен аяғынан  ұрамыз.  Жалпы, көкпарда аттар мен шабандоздар біріне-бірі сай болуы қажет. 

 - Көкпарды шетелде дамытудан бұрын өз елімізде әлде де насихаттау қажеттігі анық. Бұл бағытта қандай қиындықтар бар?

- Көп мәселе қаржыға келіп тіреледі. Бүгінде көкпар негізінен демеушілердің арқасында дамып келе жатыр. Мәселен, өзім жыл сайын көкпарға автокөлік тігемін. Ойын өткізу мен жүлделі орындарға сыйлық тігу көп шығынды талап етеді. Түсетін табысы жоқ. Жарысқа қатысушы командалардың жол-кіре шығындарының өзі көп қаржыны талап етеді. Себебі кейде аттарды көрші елдерден тасымалдауға тура келеді. Айталық, Асанбай Асқаров атындағы турнирді өткізу үшін біз Қырғыстанға арнайы көліктер жіберіп, қырғыздардың командасын алып келіп, жарыс  біткен соң жеткізіп тастадық. Бірінші орын үшін өз отбасымның атынан су жаңа «ВАЗ-2107» көлігін тіктім. Шыңғыс Қозыбақов деген кәсіпкер екінші орын иеленген командаға 500 мың теңге тапсырды. Бірақ осы жүйе қашанғы сақталады?  Мемлекеттің қолдауы болмайынша көкпарды жоғары деңгейде дамыту мүмкін емес. Ұлттық спорт түрлері мектептеріне бөлінетін қаржы тым аз.  Оның үстіне, облысымызда барлық аудандарда көкпарға көңіл бөлінеді деп айта алмаймын. Біз ұйымдастырған жарыстарға жақсы команда жасақтап, додаға қатыстыруға Отырар, Созақ аудандары мен Кентау қаласы өз деңгейінде көңіл бөлмейді. Республика бойынша Қызылорда, Атырау, Павлодар облыстарында көкпарға қолдау көрсетілмей келеді.  Дегенмен, қазір халықтың көкпарға деген ықыласы алабөтен. Қай күні қандай жарыс өтетіні, оған қандай команда қатысатыны жайлы алдын-ала баспасөз арқылы хабарландыру беріп отырамыз. Келетін көрермендердің саны жылдан-жылға көбеюде. Менің ойымша, күндердің күнінде халық көкпарға жаппай қызығушылық танытып, тіпті біздің басқаруымыздың да қажеті болмай қалады. 

- Көкпардан  өтетін жарыстар арасында Асанбай Асқаровтың атындағы турнирдің шоқтығы биік екені даусыз. Бұл турнирді ұйымдастыру қалай қолға алынды?

- Өзім  Асанбай Асқаровтың үйінде үш рет болғанмын. Асекеңнің  көзі тірісінде сол кісінің құрметіне турнир өткізу бұрыннан көкейімде жүрген арманым еді. Себебі, Шымкенттің гүлденуіне бірден-бір үлес қосқан азамат. Мәселен, бүгінде түрлі жарыстар өтетін ипподром да сол кісінің бастамасымен салынды. Алғашқы турнир өткенде Асқаровтың өзін шақырып, халықтың атынан алғысымызды жеткіздік. Бұл кейінгі ұрпақтың аға буын өкілдерінің еңбегін елеп, құрметтеудің белгісі. Сол  турнирге қырғыздар келіп, ол кісіні қатты құрметтейтінін айтқанында Асекеңнің жылағанын көрдік. Яғни, бұл спорт қана емес, тәлім-тәрбие. Асанбай Асқаровты еске алуға арналған доданы жыл сайын ұйымдастыруды көздейміз.

Screenshot_19.jpg

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Мақпал Жұмабай: «Біз барлығымыз таза адамдардың алдында қарыздармыз»
  • Батырхан Дәуренбеков: «Анимацияның идеологиялық қару екенін әлі сезіне алмай жатырмыз»
  • Шалатай Мырзахметов, депутат: «100 мың доллар еңбекақы алған кезіміз болды»
  • Нұрлан САНЖАР: «Қожаның» көп қылығы өз бойымда да бар
  • Қайырғали МЕДЕТ: Түркістандағы НКВД-ның түрмесі бүгінде жекенің қолында
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: