Егері сізге біреулер әншілердің құқықтары өрескел түрде бұзылып жатқанын айтса сенесіз бе? Әрине, сену қиын. «Концерт өткізіп, ән-жинағын шығарып, оның сатылымынан өз үлесін алып жүрсе әншіге бұдан артық не керек?» десеңіз қателесесіз. Отандық шоу-бизнестің құқығы қорғалмаған бірден-бір мүшелері - әншілер. Бұл мамандардың сөзі. Бір қызығы, әншілерге осы жайтты түсіндіруге қаржы дағдарысы көмектесті.
Қаржы дағдарысы кімге оңай соқты дейсіз? Кәсіпкерлік, құрылыс салаларымен қатар дағдарыстың салдарынан отандық шоу-бизнес саласы да қиындыққа тап болды. Бұрынғыдай эстрада жұлдыздарын той-томалаққа қос-қостап шақыруға бүгінде жағдай жоқ. Осыдан болар, соңғы бәр жылда «қолы босаған» әншілер бірінен соң бірі концерттік гастрольдерге шығып, ел аралауға кірісті. Дегенмен, бұдан да айтарлықтай нәтиже шыққан жоқ. Бірнеше концерт беремін деп жұлқынған кейбір жұлдыздар бір концерттің өзіне көрерменін әрең жинап, тіпті бірде-бір билет сатылмай қалған жағдайлар да кездесіп жатты. Тиын-тебен санап қалған жұрт ақшасын концертке жұмсаудан гөрі банктің алдындағы қарызынан құтылуға асығуда.
Бірден-бір табыс көзі – тойлар сирей бастаған соң әншілер заңда жазылған құқықтарын жүзеге асыру ісіне көбірек мән бере бастады. Әңгіме «Авторлық құқықтар» туралы заңы жайлы. Әдетте, авторлық құқыққа тек ақындар мен композиторлар ие болады деп есептеледі. Оған қарапайым жұрт түгілі әншілердің өздері де үйреніп қалған. Бұл ретте Шымкентте «Қазақ әуендерін орындаушылары» қоғамы құрылғанын ерекше атап өту қажет. Оның төрағасы Нұрбек Енжанов отандық шоу-бизнестің жұмысын реттеп, заңдастыру қажет деп есептейді.
- Шым мәнінде, «Авторлық құқық туралы» заңда сабақтас құқықтарға қатысты арнайы тарау бар, - дейді Нұрбек Енжанов. – Ақын мәтінді, композитор әуенді жазуымен іс бітпейді ғой. Ән тыңдарман қауымға дәл осы күйінде жетпейді. Оған әрлеуші (аранжировщик) өз идеясын қосып, әнші тебірене орындайды. Сонда ғана ол ән көпшілік сүйіп тыңдайтын дүниеге айналады. Демек, мұнда тек композитор мен ақынның емес, орындаушы мен әрлеушінің де, фонограмма жазған студияның да еңбегі бар. Сабақтас құқық теле-радио бағдарламаларға да жүреді. Сабақтас құқықты сақтаудың негізгі мәні - танымал әндерді кез-келген әншінің беталды орындай беруіне, немесе белгілі-бір студияның еңбегін рұқсатсыз пайдалануына тосқауыл қою. Авторлық құқық – автордың, яғни ақын мен композитордың құқығын қорғаса, біз – орындаушының құқығын қорғаймыз.
- Қоғам қазір қандай жұмыс жүргізілуде?
- Қазір қоғамның әр облыстағы өкілдіктері ашылуда. Сонымен қатар әншілердің арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қоғам барлық әнщілермен, сондай-ақ басқа елдердегі осындай қоғамдармен бірлесіп жұымс істеуі үшін аккредитациядан өтуі тиіс. Жасыратыны жоқ, кейбір орындаушылар бұл бастамаға үрке қарайды. «Бізді салық төлеуге мәжбүрлемексіңдер ме?» деген көңілдегі күпті ойын да жасырмай айтатындары да бар. Дегенмен, әнші, автор мен фонограмма жасаушының арасындағы қарым-қатынастарды толық заңдастырмайынша, отандық шоу-бизенстің толыққанды дамуы жайлы сөз қозғаудың өзі артық. Біздің қоғамның әншілердің құқығын жан-жақты қорғайды. Айталық, қарақшылық компакт-дискілердің кесірінен лицензиялық ән-жинақтарын шығару үлкен шығынға апарады. Қытай, Өзбекстанда заңсыз жасалған күй табақтар шекарадан ешқандай кедергісіз өткізіліп, дүкен-базарлар түгілі көшелерде еркін сатылып жүр. Сондай-ақ, отандық әншілердің құқығын шетелде қорғауды да қолға аламыз. Біздің елімізде шетелдік жұлдыздардың құқықтары қорғалады да, біздің орындаушылардың құқықтары аяққа тапталып жатады. Бұл қалай? Осы бағытты да қолға алмақ ойдамыз. Қазақ әуендерінің орындаушылары қоғамы қазақ әншілерінің шетелге шығып, концерттік бағдарлама ұйымдастыруына атсалысады.
- Ендеше мынадай сұрақ. Бір әнді бірнеше әнші орындап шығуын жиі естиміз. Айталық, көптен бері Жұбаныш Жексенұлы айтып келген «Өкінбе сен» әнін Нұрлан Халжан орындап шықты. Демек, Халжан Жұбаныштың құқығын бұзды ма?
- Сұрақты былай қою керек. Жұбаныштың өзінің сол әнді орындауғы құқығы бар ма? Қағаз жүзінде автордың берген рұқсаты жоқ. Демек, осы әнді басқа біреу айтып шықса, Жұбаныш ешқандай шара қолдана алмайды.
- Тағы бір мәселе. Қазір той-томалақтарға әнші шақыру қалыпты үрдіске айналды. Әлбетте, сахна жұлдыздарын алдыруға көптің қалтасы көтере бермейді. Танымал әндерді орындайтын қатардағы орындаушылар да бар. Демек, олар да келісім-шартқа отырып, салық төлеуі тиіс пе?
- Заң барлығына бірдей. Ол ән қалада немесе ауылда айтылса да, заңды иесінен рұқсат алынуы тиіс.
- Аккредитациядан өту қашанға жоспарлануда?
- Ол әлі белгісіз. Бұл жағын шешу ісі Әділет министрлігінің еншісінде. Тіпті шоу-бизнес мейлінше дамыған Ресейдің өзінде бұл жұмыстар енді басталып отыр. Ол елде де әншілердің құқықтарын қорғаумен шұғылданатын бірнеше қоғам бар. Оларға аккредитация беру осы айдың соңына таман жоспарлануда.
"Рейтинг" газеті