Ғани Ахметбаев, облыстық ұлттық ат спорты мектебінің директоры:
- «Кедей болсаң, футбол ойна, бай болсаң – тұлпар сатып ал». Ағылшындарда осындай мәтелді жиі айтады. Еуропада ат спорты түрлеріне деген алабөтен қызығушылық бар. Әсіресе миллионерлер мен аристократтарда. Өкініштісі сол, біздегі жағдай мүлдем басқаша. Атадәстіріміз, асыл мұрамыз – көкпар, теңге ілу, қыз қуу секілді ат спорты ойындары біз ойлағандай биіктен көріне алмай жүр. Оның себебі неде деген сауалдың төңірегінде облыстық ат спорты мектебінің директоры Ғани Ахметбаевпен ой-пікір бөлістік.
- Соңғы жылдарда еліміздегі көкпардың дамуына қандай баға бересіз?
- Ережелі көкпар өзінің дамуында жоғары деңгейге жетті. Оны мынадан-ақ білуге болады. Былтырғы футболдан Еуропа чемпионаты мен Оралда көкпардан өткен ел чемпионаты тұспа-тұс келіп, ол дода да теледидардан көрсетілді. Сонда біраз телекөрермендер футболды емес, көкпарды тамашалап, бізге хабарласып «ойпырмай, біздің көкпарымыз нағыз тартысты спорт түрі екен ғой. Футболдан қалыспайды. Құмартып көріп отырмыз», деп ризашылықтарын жеткізіп жатты. Көкпаршылардың текені қазанға лақтырған сәтін, салым салған жігіттің шауып келе жатқанын көрсетуі, көгілдір экранда «салым салған ойыншы - Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданының Қасқасу ауылының түлегі, атақты шабандоз, құрама команданың капитаны Ақылбай Манкеев» деп жазылуы ауылдағы жанкүйер ағайынның делебесін қоздырары сөзсіз.
- Сонда Манкеев көкпардың «Криштиану Роналдусы» дегендей ме?
- Дәл өзі! Қазір де әр сенбі сайын чемпионатты теледидардан беріп жүр. Тұрақты көрермендерінің қатары күн санап артып келеді. Бұның өзі үлкен жетістік. Кезінде осыған жете алмай армандайтынбыз. Ұлттық спорт ойындарының тізгін ұстап отырған ағаларымызға алғысымыз шексіз. Ең әуелі Қайрат Сатыбалдыны атап өткім келеді. Елбасының бауыры, ұлттық спорт түрлері қауымдастығының төрағасы. Кеше ғана ешкімге керегі жоқ сияқты күйде қалған ұлттық спорт түрлерін жандандыруға тікелей көмегі тиіп жатыр. Қазір көкпар негізінен алты мемелкетте дамуда. Бірақ, айталық, Тәжікстанның жағдайы нашарлау. Бізге жарысқа аттарын әкеле алмайды. Бізден уақытша ат алғанымен, одан тәуір ойын өрнегін көрсете алмайтыны анық. Ауғанстан да командасын жіберіп тұратын. Бірақ, соғыс жағдайына байланысты қатыспай қалатын кездері көп. Өзбектердің өз алдына командасы бар. Сонымен қатар Ресей, Қытай қазақтары мен қырғыздары шабады. Кеңес дәуірінде әкімшілік шарадан құтылу үшін көкпар ойнайтындар тығылып, тау-шатқалдардың арасына барып атамұра ғой деп, ойнаған замандар да болған. Бірақ, кеңес дәуірі кезіндегі барлық жарыстарда Қазақстан командасы жеңіске жетіп отыратын. Мәселен, өзіміздің жерлесіміз, бойы 1.90 метр құрайтын, КСРО-ның 9 дүркін чемпоны Әбілхан Дауылбаев ағамыз бар. Дегенмен, түпкілікті қазақтың ойыны деп айту да дұрыс емес. Қырғыздар мен өзбектер де атам заманнан бері көкпар шабады. Ірі жарыстардың бірі – жылына бір рет өтетін Қырғызстан президентінің кубогы. Тамыз айының соңғы аптасында басталады. Оған 6 мемлекет қатысқанымен, негізгі бәсекелестік Қазақстан мен Қырғызстан құрама командаларының арасында өрбиді. Алайда, былтыр қырғыз ағайындармен арада біраз түсініспеушіліктер туды. Президент кубогы жарысына елімізден төрт команда апардық. Алдыңғы жылдарда бас жүлдені біз жеңіп алып жүретінбіз. Бұл жолы да мысымыз басым болған. Сонда айырқалпақтылар ережені өерскел түрде бұзып, біраз айқай-шу болды. Қысқасы, жарыстың ортасынан қайтып кеттік. Бірақ, қазір қырғыздар бізді қайтадан шақырып жатыр.
- Қазақ-қырғыз көкпаршыларының арасындағы бәсекелестіктің нәтижелері қандай?
- Соңғы төрт жылда қырғыздарға жығылып көрмеппіз. Сөз жоқ, айырқалпақты ағайындардың аттары мықты. Біраздан бері солардан сатып алып жүрдік. Біз қайта-қайта жеңіске жете берген соң қырғыздар мораторий жариялап, «біздің аттарымызды мініп, өзімізді талқандап жүр. Қазақтарға аттарды сатушы болмаңдар», деп те шықты. Есесіне, біздің жігіттеріміз алдына жан салмайды. Небір алыптарымыз бар. Тепсе темір үзетін көкпаршыларымызға қырғыздар төтеп бере алмай келеді.
- Сонда көкпарда жеңіске жету кімге байланысты: атқа ма, көкпаршыға ма?
- Меңіше, аттың үлесі басымдау. Өзің қанша жерден мықты болып тұрып, атың шаппай тұрса не істейсің? Жаяу жүгірмейсің ғой. Аттың суытылуы, тәрбиесі, жілік майының толуы – барлығы келісіп тұруы керек. Кеңес дәуірінде таулы өңір болғаннан кейін үлкен ат зауыттарын Қырғызстанға әкеліп, асыл тұқымды жылқыларды будандастырған. Қазір ол зауыттар тарқап кетті, дегенмен, жеке адамдардың қолында сақталып қалған. Өзіміздің аттарымызды жамандамаймын, бірақ, біздің жылқылар жаппай көкпарға үйретілген. Тақымға басып алып, 500-600 метр қашықтыққа шабады. Ал, қазіргі көкпар алаңының ұзындығы 200 метр ғана. Бұл үлкен әсерін тигізеді.
- «Ордабасы» футбол командасының бір жылдық бюджеті – 3 миллион долларды құрайды. Тағы бір мысал: баскетбол командасын ұстап тұруға орта есеппен жылына 15-20 миллион теңге кетеді. Көкпар командасына кететін шығын көп пе?
- Дұрыс сұрақ. Осыдан 4-5 жыл бұрын көкпарды белгілі-бір жүйеге түсіріп, футболдағыдай клубтар ашуға талпынғанбыз. Әр облыстан бір-бір командадан ашып, клубтық деңгейде ел чемпионатын өткізіп тұру идеясы болған. Көкпаршылармен келісім-шартқа отырып, жалақысын төлеп отыру мәселесін әбден зерттедік. Хоккейдегідей, арнайы киім үлгісін де дайындап қойдық. Алайда, жоспарымыз жүзеге аспай қалды. Бұл жүйені қолданысқа енгізгелі жатқанда қаржы дағдарысы сау ете қалды. Бұл бастамадан бас тартуға мәжбүр болдық. Бірақ, болашақта мүмкіндік болып жатса қайтадан қолға аламыз деген үміт бар. Әрине, көкпарды жоғары деңгейге көтеру үшін қаражат керек. Аттарды тасымалдаудың өзі әжептеуір шығынды қажет етеді.
- Көкпарды тамашалаған кезде еуропалықтар «бұл жануарлардың құқығын бұзады» деген тоқтамға келгені белгілі. Жалпы, көкпарды әлемдік стандарттарға лайықтап жасаудың жолы бар ма?
- Шетелде поло деген ойын бар. Элиталық спорт түрі. Бұл өте қымбат ойын. Мәселен, Англияда полодан тұрақты чемпионат өткізіліп тұрады. Оған деген қызығушылық сондай, тіпті ипподромға кіретін билет таппайсыз. Бірақ, мұнда қатаң ережелер бар. Қатты қақтығыстар болып жатқан жағдайда ойыншыға қатысты шара қолданады. Тіпті алаңнан қуып жіберуі де мүмкін. Аттардың барлығы үйретілген. Бойы пәкене келген аттар ойыншылар үшін өте ыңғайлы екен. Дүниежүзілік жануарларды қорғау комитеті текені сойып, оны көкпарда пайдалану жануарды мазақ қылғанмен теңейді. Негізгі кедергі осы болып тұр. Енді біз арнайы муляж жасауды ойластырып отырмыз. Ол текенің формасына ұқсас етіп теріден тігіледі. Дегенмен, мұнда да біраз қиындықтар бар. Муляж тез жыртылып кетеді. Ал, текенің бір қасиеті – оңайлықпен жыртылмайды.
- Жалпы, естуімше, қырғыздар пысықтық жасайтын көрінеді. Көкпар біздің ойынымыз деп насихаттап жүр.
Өзіміздің де таңқалатын жағдайымыз бар. Айырқалпақтылар біздің көзімізше «көкпар – Орта Азияның ортақ ойыны» деп алады да, шетелге шыққанда «көкпар - қырғыз халқының ұлттық ойыны» деп жарнама жасайды. Жалпы, Қырғызстан әлеуметтік-экономикалық жағдайы тұрғысынан Қазақстаннан әлдеқайда артта қалса да, көкпарды дамытуға көп көңіл бөлінеді. Осы елдің Үкіметі мен Жогорку Кенеш тікелей қолдау көрсетіп, жыл сайын қаржы бөліп отырады. Осының арқасында олар аттарын алыс шетелге тасымалдап, Оңтүстік Корея, Жапония, Швеция, Америка елдеріне сапарлап, көкпарды жарнамалап, насихаттап жүр. Президент кубогы турнирі өте жоғары деңгейде өткізіледі.
- Қазір елімізде көкпар орталықтары қандай?
- Біздің облысымыз, Жамбыл және Алматы облыстары мықты. Мені Астана таңқалдырып отыр. Бір де бір легионер алмай жақсы жетістікке жетіп жүр. Солтүстікте Аманжол Хасенов деген бауырымыз бар. Көкпарды солтүстікте дамытуға көп күш салады. Соның ықпалымен көкпар шабатын орыс пен неміс жігіттері пайда болды.
- Жуырда белгілі болғандай, «Ордабасы» футбол командасының ең нашар ойыншысы кемі 400 мың теңге жалақы алады. Мықты футболшылардың айлық табысы 1 миллион 300 мыңнан асады. Ал, көкпарға қатысып, жақсы табыс табуға болады ма?
- Жоқ. Өкінішке қарай, көкпаршыларға ондай қаржы бере алмаймыз. Көкпарда тұрақты жалақы деген жоқ. Жеңіп алған жүлде жігіттер мен атбегілердің арасында бөліске түседі. Бар табысы осы. Ал, клуб болған кезде жалақыға отырып, келісім-шарт бойынша жеңіп алған жарыстардан табыс алып отырар еді. Ал, қазіргі көкпар - әуесқойлардың спорт түрі деуге болады. Қолдан келетін бар көмегіміз – спорт шеберлері болғандықтан барлығын жұмысқа қабылдағанбыз. Тиесілі айлықтарын алып жүр. Жігіттер көкпарға намыс үшін қатысады. Мені қынжылтатыны – кейбір аудандарда ұлттық сопрт түұрлеріне мүлдем көңіл бөлінбейді. Жарысқа қатысуға ниеттеніп, аттарды тасымалдайтын көлігіне дейін өзі тапқан жігіттерге жергілікті әкімдер жанар май мәселесін де шешіп бермейді. Көкпар Төлеби, Қазығұрт, Сайрам, Ордабасы аудандарында дұрыс жолға қойылған.
Сұхбаттасқан Жандар Наурызбайұлы