Көрнекі фото
Бастар Есқараев, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті директорының орынбасары-облыстың бас мемлекеттік еңбек инспекторы:
28-сәуір – Дүниежүзілік еңбек қорғау күні. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті директорының орынбасары – облыстың бас мемлекеттік инспекторы Бастар Есқараевтың тікелей бастамасымен республика көлемінде «Қауіпсіз еңбекті қорғайық» атты бір айлық акция өткізу дәл осы күннен бастау алып отыр. Акцияның басты мақсаты жайында Бастар Әуелханұлының өзінен білдік:
- Шыны керек, соңғы жылдары өндірістегі жазатайым жағдайлардың салдарынан көз жұматын жұмысшылардың қатары көбейіп кетті. Сондай-ақ, бұл акцияны ұйымдастыруға– Арыстағы елді дүрліктірген жантүршігерлік жарылыс та себеп болды. 4 адамның ажалына себеп болған бұл жарылыстың еңбек қауіпсіздігінің сақталмауынан орын алғандығы белгілі болуда,-дейді ол.
- Мұндай бақытсыздық оқиғалары жиі орын алып отырады ма?
- Нақты мысалдан бастайын. Өткен жылдың 12-желтоқсанында түскі мезгілде Шымкент қаласы Жібек жолы көшесіндегі бұрынғы «Сүт зауыты» қоймасында орналасқан жеке кәсіпкер К.Макашевке тиесілі цехта жұмыс істеп жатқан А.Айдарованың макарон шығаратын станокқа қолы оралып, қайтыс болған. Осы жерде еңбек қауіпсіздігі сақталмағаны былай тұрсын, болған оқиға жөнінде бізге мәлімет те берілмеген. Бұл өзіміздің кезекті тексеру барысында белгілі болды. Сол секілді өткен жылдың 15-тамызында Қаратау мемлекеттік табиғи қорығының инспекторы Н.Тұраров «Байылдыр» кордонын кезекті аралау кезінде жартастан құлау салдарынан көз жұмса, 31-қазан күні «Кентау трансформатор зауыты» АҚ-ның қызметкері жұмыс кезінде биіктен құлап, қайтыс болған. Бұл екеуінде де қызметкерлердің арнайы аяқ киіммен қаматамасыз етілмеуі, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі білімін тексермей жұмысқа жіберуі негізгі себеп болған. Жалпы алғанда көлік құралдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының орындалмауы, қауіпсіз еңбек тәсілдерін жеткілікті үйретпеу, жұмысты қанағаттанғысыз дәрежеде ұйымдастыру, өндірістік және еңбек тәртібінің бұзылуы, жоғары қауіптілік жағдайында жұмыстарды қауіпсіз жүргізуге қадағалаудың болмауы, техника қауіпсіздігі бойынша нұсқаулықтың өткізілмеуі секілді келеңсіздіктер себеп болып жатады.
Нақты мәліметтерге жүгінсек, облыс кәсіпорындарында өткен жылы жазатайым оқиғадан 75 адам зардап шексе, оның 10-ы бақилық болды. Ауыр дене жарақатын алған 51 адамның 7-і әйелдер.
- Еңбек қауіпсіздігін сақтамаудың негізгі себептері қандай?
- Көп жағдайда мекеме басшылары мен жұмыс берушілер заң бұзушылықтың негізгі себебі ретінде қаржы жетіспеушілігін көлденең тартады. Алайда, тиынды үнемдейміз деп мыңдаған теңгеге шығындалып жатқанына мән бергісі келмейді. Ең бастысы – бұл жауапсыздық адам өмірінің орта жолдан қиылуына себеп болуда.
- Еңбек қауіпсіздігінің сақталуына толыққанды бақылау жасауға мүмкіндіктеріңіз жетеді ме?
- Облыс аумағында ірілі-ұсақты 15969 кәсіпорын-мекемелер бар. Ал оларға тексеру жүргізетін еңбек инспекторларының жалпы саны 25-ті ғана құрайды. Қарапайым есепке салып жіберсек, бір инспектор жоспарлы тексеру үшін бір кәсіпорынға 10-15 жылда бір рет қана бара алады деген сөз. Дегенмен, айта кетейін, өткен жылы 1687 мекемеге тексеру жұмыстары жүргізілді. Анықталған кемшіліктерді жою үшін 1734 ұйғарым беріліп, 13 721 664 теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұдан бөлек инспекцияның талабы бойынша 2139 адам жұмыстан шеттетіліп, 31 лауазымды тұлға жұмыстан босатылды. Үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында біздің инспекция тарапынан 283 142 937,7 теңге мөлшеріндегі жалақыны уақтылы төлемеген 41 мекемеде орын алған заңбұзушылықтарды анықталды. «Еңбек Шымкент» РМК филиалы қызметкерлеріне 4540 теңге төлеп келгені неге жететінін ойлаудың өзі ыңғайсыз.
- Заңның әлсіздігінен бе, әлде мойындағысы келмегендіктен бе, әйтеуір шетелдіктер тарапынан еңбек заңын өрескел бұзатындар қатары көбейіп барады. Еңбекті бағалаудағы тепе-теңдіктің сақталмауы салдарынан екі жақты келіспеушілкке бой алдыратындар да аз емес. Осы тұрғыдан алғанда облысымыздағы ахуал қандай?
- Соңғы мәліметтерге сүйенсек, облыс аумағында шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаты бар 59 мекеме тіркелген. Бұл мекемелерде 17133 Қазақстан азаматы мен 511 шетел мамандары жұмыс істеуде. Облыстық прокуратурамен, көші-қон полициясымен бірлескен рейдтік тексеру барысында бірқатар шетел жұмыс күшін заңсыз тарту оқиғалары анықталды. Мәселен, Шымкент қаласындағы Янги Шаһар базарында орналасқан наубайханада 17 Өзбекстан Республикасының азаматтары уәкілетті органның рұқсатынсыз жұмыс істеп жүргендігі анықталған. Осыған орай жұмыс берушіге айыппұл салынып, көрші елден келген азаматтар жұмыстан шеттетілді. Мұндай мысалдар жеткілікті.
Өзіңіз айтқандай, еңбекті бағалауда алалау байқалады. Созақ ауданында орналасқан «Юниверсал Содеско Қазақстан ЛТД» Қазақстандағы филиалында Қазақстан жұмысшыларын шетел жұмыс берушілер тарапынан кемсітушілік фактісі анықталды. Осы мекемеде аспазшы болып жұмыс істейтін шетел жұмысшысының айлық жалақысы 2700 АҚШ долларын құраса, осы қызметті бірдей атқаратын қазақстандық жұмысшының жалақысы небәрі 55 мың теңге. Айырма аспан мен жердей. Шетелдік аспазшы біздің кез-келген шенеуніктен жоғары жалақы алады деген сөз. Осыдан келіп келіспеушілік туындайтыны заңды. Ал мұның соңы ұлттық қақтығысқа ұласып кетуі де әбден мүмкін. Мұндай сорақылыққа жол бермес үшін заңның сақталуына қатаң бақылау жасауымыз қажет. Шетелдіктер біздің елден несібесін теріп жүр ме, демек, заңымызға да қалтқысыз бағынуы тиіс.
Әңгімелескен Шадияр Мекенбайұлы