Рәшкүл Оспанәлиева, «Береке» ЖШС бас директоры, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты:
Кеңестік жүйе әйелдер арасынан көбінше сауыншы, тігінші секілді мамандық иелерін депутаттықтың партасына жетелеп апарып отырғызатын еді. Енді бүгінде еркектерге есесін жібермей жан алысқан, жан беріскен жанталаспен депутат атанбаса саясатта әйел екендігің ескеріле бермейтіні дәлелденген дүние. Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатындағы 50 депутаттың ішінде «арпа ішінде бір бидай» болып жүрген жалғыз-ақ әйел бар. Ол Рәшкүл Оспанәлиева. Онымен мереке қарсаңында жолыққанымызда «Рейтинг» газетін тұрақты оқып тұратынын тілге тиек етіп, сұхбаттасуға, сыр бөлісуге келісті.
Қарсыластар рэкеттер жіберді
- 2003 жылы алғаш рет облыстық мәслихат депутаттығына бақ сынағым келді. Алайда, кандидатурамды қайтып алдыртты. Арада екі жылдай уақыт өткенде Шымкент қалалық мәслихатындағы босаған орынға депутат болып сайландым. Одан облыстық мәслихаттың мандатын иелену бағыма бұйырды. Саясатта әйел, ер деп қарамайды, тек қарсылассың. Тіпті, науқан тұсында олар тарапынан ескерту жасап рэкеттер жіберген кездер де болған.
- Әріптестеріңіз той-томалаққа жиі шақырып тұратын болар.
- Үнемі шақырады. Алғашқы жылдары ыңғайсызданып, бармайтын едім. Бірте-бірте үйренісіп кеттік. Жұбайым екеуміздің арамызда түсіністік, ең бастысы бір-бірімізге деген сенім бар. Сол сенімнің арқасында қаншама қаржы тапшылығын, басқа да қиындықтарды жеңіп, бүгінгідей жағдайға жеттік. Шаңырақ көтергенімізге 26 жыл болды.
«Әріптестерім әйелдер мерекесімен құттықтаған емес»
- Депутаттық корпустағы жалғыз әйелсіз.Әріптестеріңіз 8 наурыз мерекесімен қалай құттықтайды?
- Шынымды айтсам, былтыр әріптестерімнің ешқайсысы да құттықтаған жоқ. Тек мәслихат хатшысы Әбілқасым Досболов гүл беріп, арнайы құттықтады. Қазіргі салада қанша жылдан бері жұмыс істегендіктен, ер мінезді болып кеткен секілдімін. Сол себепті біреуден құттықтау күтіп, жылы лебіз естісем деген сатыдан өтіп кеткенмін.
- Араласатын ортаңыз...
- Шымкент қалалық мәслихатындағы Гүлнар Құрманбекова, Парида Жәутікова сынды құрбыларыммен байланысып тұрамын. Іскер әйелдермен жиі жолығамыз. Өзімізден жасы үлкен Клара Төлендиевна, Дүйсекүл Бопова, Сайлаукүл Барахова, Айман Илеуова секілді апа-әпкелерімді құрметтеймін. Сайлаушыларыммен кездесу өткізгенде міндетті түрде шақырып тұрамын, айтар уәждері болса тыңдаймын. Оларсыз бір нәрсе кем болып тұратын секілді. Ол кісілер де кезінде біз секілді жұмыс істеді, ертең біз де солардың жасына жетеміз.Үлкен кісілерге ең бірінші көңіл керек.
«Табиғаты гүлге жақын адаммын»
- Өмірлік жарыңызбен қалай таныстыңыз?
- Аты-жөні Әлішер Толыбаев. Екеуміз Алматыда студент болып жүргенде таныстық. Қарындасыммен бірге оқушы едім, соған келіп жүргенде жолықтық. Ол кісі 1981 жылы оқуын бітіріп, Шымкентке жұмысқа тұрды. Мен 1983 жылы осында тәжірибеден өтуге келгенде тұрмыс құрдық.
- Жұбайыңыздың мерекелік сыйлығы.
- Табиғатым гүлге жақын. Осыны білетін жұбайым жыл сайын гүл сыйлап тұрады.
- Ұл-қыздарыңыз.
- Үлкен қызым – Роза кәсіпкерлікпен айналысады. Кішігірім қонақ үй салып бердім, үйрене берсін деп. Ұлым – Нұрлан Англияда университетті бітіріп, Америкада жарты жыл жұмыс істеп келді. Жұмыс бабымен Қытайда жиі болып тұрады. Мамандығы экономист. Кішкентайым Айнұр 9-сыныпта оқиды.
- Мінезіңіз кімге тартқан?
- Әкеме тартқан. Әкем «қандай табысқа жетсеңдер де өздеріңнің адал еңбектеріңмен жетіңдер» деп отыратын. Дүниеден ерте өтсе де 49 жасына дейін көп тәрбие беріп кетті. Соның арқасы болар, отбасыдағы он баланың көзі тірі тоғызы да өз еңбектерімен несібесін теріп жүр. Мінезім әкеме тартқан дейтін себебім, шындықты бетке айтып тастаймын да соңынан кек сақтамаймын. Тез ұмытамын. Әкем де осындай болатын.
- Саяхатқа жиі шығып тұрасыздар ма?
- Бізде жаз кезінде жұмыс көп те, қыста саябырсиды ғой. Сол себепті жыл сайын қыс кезінде жылы жақтарға саяхаттап қайтамыз. Биыл екеуміз бірдей шыға алмайтын болғандықтан, жұбайымның өзі демалып қайтты.
- Туған жерге ше?
- Мүмкіндігінше сиретпеуге тырысамын. Өзімнің туған жерім – Жамбыл облысы, Шу ауданындағы Абай ауылына мешіт соқтырдым. Мешіт жанынан медресе ашылып, онда 20-30 шәкірт имандылық тәрбиесін алуда.
«6 жыл «времянканы» жалдап тұрғанбыз»
- Күтетін қонақтарыңызға дастарханды өзіңіз дайындайсыз ба?
- Бұрын бәрін де өзім дайындайтынмын. Қазір уақыттың жетіспеушілігіне байланысты үй күтуші жалдаймыз.
- Тамақтың қай түрлері ұнайды?
- Әсіресе, палау, қуырдақ, «дімләмә» деген тамақтарды дәмді дайындаймын. Бұлар Шымкентке келін болып түскеннен кейінгі үйренгендерім. Ал бесбармақты бұрыннан жақсы істеймін. Жалпы біз қазіргі жағдайға дейін көп қиыншылықтарды бастан өткердік. 6 жыл бір бөлмелі «времянканы» жалдап тұрдық. Сол кезде қонақтарды күткен бөлмені олар қайтқан соң жинастырып, стол тұрған жерге төсек салып ұйықтайтынбыз.
- Бос уақытыңызды қайтіп өткізесіз?
- Бірінші жақсылап ұйқымды қандырамын. Одан кейін үйімдегі гүлдеріме қарап, су құйып, баптағанды жақсы көремін. Жаңа айтқандай, гүлді жаным қалағандықтан, үйімде гүл көп. Аквариумдағы балықтармен «дидарласам». Ал жалпы бос уақытымның көпшілігін немерелеріммен бірге өткізуді дұрыс көремін. Өйткені, жұмыс күндері біз жұмыста, олар балабақшада, бір-бірімізді жиі көрмейміз. Оның үстіне олар бөлек тұрады. Сенбі, жексенбіде қолым босай қалса, немерелеріммен бірге болып, ойнатамыз.
- Театр-концерттерге барып тұрасыз ба?
- Арнайы жоспарлап бармасақ та шақырған жерлерден қалмаймыз. Кейде жұмыстың көптігінен қандай спектакль, қандай концерт болып жатқанын да білмей қаламыз.
- Мерекелік тілегіңіз.
- Ең бірінші халқымыз аман, еліміз тыныш болсын. Әр ана баланың жаманшылығын көрмесін. Тек жақсылығының, қызығының, қуанышының куәсі болсын. Әр отбасыға бақ-береке, ынтымақ тілеймін. Ер-азаматтардың арқасында қыздар, әйелдер қауымы гүлдей жайнап жүре берсін!
Әңгімелескен Шадияр Молдабек,
«Заң газеті», «Қазақстан Заман» газеттерінің меншікті тілшісі