Екі жыл бұрын Шымкент қаласында “Алтын жебе” деп аталатын халықаралық анимациялық кинофестиваль ұйымдастырылып елді елең еткізген еді. Елімізде тұңғыш рет тұсауы қиылған кинофестиваль бес күнге созылып, оған Ресейден, Украинадан,Эстониядан, тіпті сонау Франциядан, жалпы саны 10 мемлекеттен арнайы өкілдер қатысты. Мықтылықты оңайлықпен мойындай қоймайтын Мәскеуде жарық көретін “Аргумент и факты” газетінің өзі Шымкентті “Қазақстанның Уолт Диснейіне” теңеді. Қазақ мультипликациясының атасы Әмин Қайдар “ Қазақстанда анимациялық фильдердің Отаны-оңтүстік” деп баға берді. Сол жолғы кинофестивалде әлемнің әр тарапынан жиналған мүйізі қарағайдай айтулы мамандар «Қазақстанда анимация ранимациядан шықты» деген диагноз қойды. Қазақстанда тым кенже дамып келе жатқан анимация саласын сауықтыруға, яғни ранимациядан шығаруға аянбай тер төгіп келе жатқан “Жебе” компаниясының президенті, аталмыш кинофестивалдің бас директоры Керімбек Ниязбаевпен ой-пікір бөліскен едік.
- «Алтын жебе» деп аталатын халықаралық анимациялық кинофестиваль жыл сайын тұрақты түрде өтіп тұратыны жайлы бәтуа байласқандарыңызды білеміз. Бірақ былтыр игілікті шара жарасымды жалғасын таппай өтпей қалғаны өкінішті-ақ. Неге? Алдымен анимациялық кинофестиваль ұйымдастыру идеясы қайдан туындағанын айтсаңыз.
- 2004 жылы Беларуссияда өткен анимациялық кинофестивалға тырнақалды туындымыз “Алдар көсе мен шайтандар” дейтін мультфильм апардық. Кеңес Одағы кезінде сызылып қойған шеңберден әлі шыға қоймаған сол елде анимацияның асығын алшы түсіруге бағытталған іс-шара жыл сайын 2 мәрте болады екен. Ендеше жаңаша өркендеуге, ерекше қарқынмен дамуға бет бұрған Қазақстанда анимациялық кинофестиваль неге ұйымдастырылмайды? Сондағы іссапардан кейін осы идеямен, осы сауалмен өз-өзімді үздіксіз мазалауға көштім. 2006 жылы Алматыдағы “Шәкен жұлдыздары” кинофестивалінде “Қанатты барыс туралы аңыз” мультфильмімізбен бағымызды сынағанда жүлдеге ілігіп, шет елдерден шақырылған мамандардың жылы лебізін, оң пікірін естіген соң көкейді көптен мазалаған идеяны жүзеге асыруға сенімділік арта түсті. Жергілікті атқарушы биліктің тізгінін ұстаған азаматтардың идеямызды, талап-тілегімізді қолдағанына айтар алғысымыз шексіз. Әуел баста анимациялық кинофестивалді жыл сайын өткізіп тұруға бәтуа байласқанымызбен артынан қаражат тапшылығына байланысты көздеген мақсатымызды екі жылда бір мәрте жүзеге асыра алсақ та оңайға соқпайтынын ойластық. Құдай қаласа биылғы қыркүйекте тағы да анимацияның нағыз тарландарын, таңдаулы мамандарын Шымкентке шақырып, жаңа туындыларды талғам таразысына ұсынумен бірге олардан кенже қалған саланы сауықтыруға арналған сабақ алуға белді бекем буып отырмыз. Мұндай іс-шараны ұйымдастыруды дәстүрге айналдырып ұдайы жалғастыра алсақ біздің елдің анимациясы ранимациядан шығып қана қоймай көштің басынан көрінетіндей деңгейде дамитыны анық. Әйтеуір әлемдік қаржы дағдарысы біздің жоспарымызға да салқынын тигізіп жүрмесе болғаны деп күні-түні Алладан тілеп күн кешудеміз.Енді биыл екі бірдей мультфильмнің сценарийі мен өндірісіне жергілікті бюджеттен қаржы қаралмақшы.
- Құпия болмаса әр мультфильмді әзірлеуге қанша қаржы жұмсап жүрсіздер?
- “Жебе” компаниясы анимациядағы алғашқы қадамын 1999 жылы роликтер жасаудан бастады. Оқырман жүрегінен жол тапқан бірнеше басылымды өмірге әкеліп, сапалы полиграфилық өнімдерімен де тұтынушылардың ыстық ықыласына бөленіп келе жатқан “Жебе” компаниясының киностудиялық бағыттағы төккен ащы тері аз емес. Барлығы 8 мультфильмді соңғы 4 жылда өмірге әкелдік. Мүгедек қыздың тағдырын бейнелейтін деректі фильмді мемлекеттік тапсырыс бойынша әзірледік. Бұдан бөлек саңлақ сазгер Шәмші Қалдаяқов туралы «Ән құдіреті» дейтін де деректі фильміміз бар. 2006 жылы «Алтын балық» ертегісінің желісімен кино түсірдік.Өнер жұлдыздарының бейнеклиптеріне де тапсырыстар қабылдап жүрміз. Солардың бірі “Нұрмұқасан” тобының “Қос қарлығаш” әніне арналған бейнеклип. 10 минуттық әрбір анимациялық фильмге 30 000 АҚШ доллары шамасында қаржы жұмсалды. Түсірген мультфильмдерімізді телеарналарға тегін тараттық. Бүгінде мультфильмдерімізді көретін балалардың көпшілігі “Человек паук”, “Ниндзя черепаха”, “Шрек” болу туралы ойларынан айнып, Алдар көсенің адалдығынан,ақылдылығынан тағлым- тәрбие алуға, “Қанатты барыс туралы аңыздағы” ерлік пен елдіктің символы Сауран батырға ұқсауға ұмтылып жүргендері жан-дүниеме керемет шуақ себелейді.
- Алдағы мақсат-мұратыңыз жайлы білсек. Шыққан шығынның өтелу жағы қалай шешілуде?
- Биыл мектеп оқушыларының тыныс-тіршілігін бейнелейтін, патриоттық сезімге тәрбиелейтін киноны өзім түсіріп көрермен талқысына ұсынбақпын. Тамаша тарихи шығарма «Мұңлық-Зарлық» пен тіршіліктің бастауы, адамзаттың бесігі саналатын Қазығұрт тауын дәріптейтін Қазір қолымда елге өте керек екі үлкен жобаның-“Алпамыс” пен “Қыз Жібек” анимациялық фильмдерінің сценарийлері дайын тұр. Қазақтың әрбір ұлы Алпамысқа, әрбір қызы Қыз Жібекке қызығып, тәрбиеленсе деймін. Әттең мультфильм түсіруге қаржы жоқ. 45 минуттық толық метражды «Қанатты барыс туралы аңыз» атты мультфильміміздің 80 пайызын жеке қаржымызға жасап біттік. Бұған «Жебе» компаниясының соңғы жылдардағы табысын түгел жұмсауға мәжбүр болдық. «Қанатты барыс туралы аңыз» 45 минутпен шектелмей 1 сағатқа созылуына Мәдениет және ақпарат министрлігі қызығушылық танытуда. Алайда министрлік қаржы бөлген күнде ол тікелей қолымызға тимейді. Оны тек «Қазақфильм» АҚ-ның делдалдық жасауы арқылы алуымыз мүмкін. Онда да қаншасы несібемізге бұйырып, қаншасы «Қазақфильмнің» қанжығасында кететіні белгісіз. Бүгінде мемлекет тарапынан қаралған қаржының барлығына «Қазақфильмнің» құзыры жүретіндіктен басқа бәсекелесі жоқ бұл алпауыт компанияның ынта-ықыласы аумаса көздеген арман-мұратыңның жүзеге асуы қиын. Ал мемлекет қаржысына алақан жаймай шығынның орнын толтыратын «прокатпен»шындап шұғылданайын десең мұнда да «Отау Синема» сияқты өзге жекеменшік компаниялар құзыр мен құқықтың барлығын өз қолдарына иеленіп, онысын заңдастырып алғандықтан солардың келіспесе аттап қадам басу бекершілік. Келіскен күнде олар «прокаттан» түсетін табыстың тең жартысын өздері алатыны шартта көрсетілген. Сондықтан «Кино туралы»арнайы заң қабылданбай анимация саласы жуық арада сауығуын күту «қысыр сиырдың уызынан дәметкенмен» бірдей. Мемлекеттің қыруар қаржысына сапасыз фильм түсіргені аздық еткендей оны мемлекетке,дәлірегі мемлекеттік телеарналарға қайта сату деген нағыз сорақылық қой. Егер фильм шетелге шығарылса немесе өз қалтасындағы қаржыға түсірілсе мейлі еді. Телеарналардың мультфильмдерімізді сатып алуы былай тұрсын тегін көрсетуге келіспейтіндеріне не дерсіз. Мұны бірінші кезекте ойлануы тиіс Үкіметтегілер, өздерін халық қалаулысы сезініп Парламент партасында отырғандар үнсіздігінен арылып, анимациялық фильмдердің мемлекеттік тапсырыспен дайындалуына көп кешіктермей көңіл бөлсе кәнекей. Мемлекеттік тапсырыстың тізіміне ілігетін жаухар дүниелерді шікірейген шенеуніктер емес, ұрпақ тәрбиесіне жаны ауыратын, ұлттық мүдде мен ұлттық рухтың қадір-қасиетін жүрегімен сезінетін зиялы қауым өкілдері сараптағаны дұрыс. Мемлекеттік телеарналар мемлекеттік тапсырыспен түсірілген мультфильмдердің көрермен назарына жиі ұсынылуына жіті назар аударғаны абзал. Тезірек мемлекеттік тапсырыстың заңдылығын реттемей болмайды.
Әңгімелескен Раушан Баударбек