Стадионның 7 жылдан бері жөндеуі бітпей жатыр

Screenshot_5.jpg      

Оңтүстікқазақстандықтар қалай мақтаныш тұтса да жарасатын Қажымұқан атындағы орталық стадион – еліміздегі ең ірі көп салалы спорт кешендерінің бірі. Мәселен, Ақтөбе облысының орталығындағы стадион тек футболға арналса, Шымкент қаласындағы орталық стадионда халықаралық деңгейдегі түрлі жарыстарды өткізуге болады. Алайда, стадионға күрделі жөндеу жүргізу бақандай жеті жылдан бері бітпей сағызша созылып келе жатыр. Осының салдарынан абыройды асқақтататын  байрақты бәсекелерде бабы мен бағы қатар шауып ел намысын қорғайтын спортшылардың тәртіп пен талапқа сай өз дәрежесінде жаттығуларына мүмкіндіктері болмай жүргені өкінішті-ақ. Бұған бірінші кезекте бас қатыруы қажет облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы кейінгі үш жылда бес рет ауысса, салы суға кете бастаған саланың жауапкершілігін кімнен сұрарсың? Әйтеуір әр қилы мамандық иелері басқаруға әуес саланың тізігінін  таяуда  Полат Қырықбаев ұстады. Ол қайсыбір жылдары осы салаға басшылық жасағанда оңтүстіктің даңқы әлемдік деңгейде дүркірегеніне төрткүл дүние қызығып көз тіккен еді. Бірақ, облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен оның командасындағы кадрлер қолдау танытпаса  басқарма бастығы Полат Қырықбаевтың, стадионның аянышты жай-күйін баяндап, жүйкесі жүндей түтілсе де тік мінезімен шындықты айтудан, шыр-пыры шығудан шаршамаған спорт кешенінің басшысы Құрал Өкшебаевтың қолынан не келеді дейсіз?! Қалай десек те облыстың, қала берді Қазақстанның атынан сынға түскен оңтүстіктің оғландары бірқатар спорт түрлерінен соңғы кездері олжадан құралақан қала бастауы  ойландыратын-ақ жағдай. Спорт кешенінің басшысы Құрал Өкшебаев екеуміздің әңгімеміз осы тұстан өрбіді.

-  Спорт саласындағы ойландыратын жанайқайымызды құрығы ұзын   құзырлы мекеме басшыларына қанша мәрте қайталап жеткіздік. Әзірге жанайқайымыз жар басындағы жаңғырық болудан әріге аспай тұр. Депутаттар  да қол ұшын созуға дәрменсіздік танытып келеді. Көктем өтті, жаз өтті, күз басталды. Баяғы жартас сол жартас...Ешқандай қозғалыс жоқ. Тоқтаған тірлік қашан жалғасатыны белгісіз. Ендігі үміт- облыс әкімі Асқар Мырзахметовте. Қызметіне кіріскелі істің көзін білетін іскерлігімен көпшіліктің көзқуанышына айналған азамат қат-қабат қарбалас шаруаның арасында бір мезет стадионның қазіргі ахуалына көңіл бөлуге алтын уақытын арнаса екен деп үмітімізді үкілеп отырмыз.  

  - Олимпиадалық, халықаралық жарыстардан олжалы оралып, жұмыр жердің жұртшылығын алтын жұдықтарымен таңдандырып жүрген оңтүстікқазақстандық былғары қолғап шеберлерінің ішінен бүгінде Италияда өтіп жатқан әлемдік біріншіліктен жүлде алу түгілі біздің облыстан бірде-бір үміткердің Ұлттық құрама сапына ілікпеуіне ішің удай ашиды екен.

-Сөзіңнің төркінін түсіндім. Спорттық базамыз сорлап тұрғанда жақсылап жаттығуына мүмкіндігі жоқ боксшыларға мін тағудың өзі қисынсыздау сияқты. Қалай қынжылмассың? Сидней Олимпиадасында айды аспанға шығарып топ жарған Бекзат Саттарханов, Мұқтархан Ділдәбеков тер төккен,  кешегі Бейжін Олимпиадасында жеңіс жалауын тіккен Еркебұлан Шыналиев шыныққан  бокс залының бүгінде тозығы жеткені соншалық еденінің тақтайлары босап, шіріп кеткендіктен толыққанды оқу жаттығу жүргізу мүмкін емес. Спортшылар жүгіріп, секіргенде астындағы құм бетіне шығып кетеді. Еденді ауыстырамыз деген жоспарымыз болған, бірақ,  қаржы тапшылығынан ойымыз іске аспады.  Қолымыздан келгені - ағымдағы  жөндеу жұмысы. Алайда, оның уақытша екені, мәселені түбегейлі шешпейтіні белгілі. Еденді бояғанымен ол бір жылға жетпей бұрынғы қалпына түседі. Осыдан соң боксшы жігіттеріміз жаттығатын бокс залын таппай жан-жаққа бытырап кетті.

Тағы бір  мәселе - стадионның қонақ үйі. Жоба бойынша 50 орындық қонақ үй әлдеқашан пайдалануға берілуі тиіс еді. Құрылыс жұмысының негізгі бөлігі аяқталып қойған.

- Стадионға қонақ үйдің қажеті қанша?

- Оның айрықша мәні бар. Стадиондағы әр алуан жарыстарға келетін спортшылар аз болмайды.  Біздегі спорт шеберлерінің бір бөлігі жаттығу жиындарын басқа жерлерде өткізеді. Соларды өзімізде неге өткізбеске? Бір жағынан, спортшылар үшін тиімді, екінші жағынан стадионға қосымша табыс түсіреді. Яғни,  спортқа бөлінген ақша сыртқа, жекеменшік фирмалардың қалтасына кетпей,  облысымыздың спорт саласына қайтып  келер еді. Осы орайда тағы бір мысал келтіре кетсем. Қонақ үйдің астыңғы жағында қысқы манеж бар. Мұнда жеңіл атлеттер қыс айларында жаттығуы тиіс. Оны  да  жөндеу жұмыстарын жүргіземіз деп бұзып тастағалы қаш-а-ан. Содан бері өзгерген түгі жоқ. Мейлі, көктемде, жазда спортшылар стадионның өзінде-ақ еш кедергісіз жаттыға береді. Ал, күн суытқанда атлеттеріміз бас сауғалап, бірі Қарағандыға, бірі Ташкентке кетеді. Оған жұмсалатын есіл қаржы мен уақытты айтпағанның өзінде, орын ауыстырғаннан  ойдағыдай нәтиже күтуге  болады ма, жоқ па, ол өз алдына жеке мәселе.

- Демек стадионды УЕФА талаптарына сай ету мақсатындағы жұмысты  өте төмен деп деп бағалауға болады ғой.

- Егер спорт кешенін қалпына келтіру жоспар бойынша жүзеге асырылғанда,   УЕФА талаптарына әлдеқашан жақындап, еліміздегі ең мықты стадионның бірін атанар едік. Алайда,  дәл қазіргі күйінде біздің алаңда УЕФА дәрежесіндегі бірде-бір кездесу өткізуге рұқсат жоқ. Айналып келгенде барлығы да қаржыға тіреледі. Стадион дегеніміз үлкен шаруашылық. Спортшылар жаттығатын жасыл алаң мен залдарға, көрермендер отыратын жайларға күтім жасау үшін заманауи  арнайы техника керек. Ал біз әлі күрек, кетпенмен жұмыс істеп келеміз. 40 жыл бұрын солай еді, қазір де солай. Жуырда ғана газон қырқатын мини трактор сатып алдық, бірақ ол әлі қолымызға жеткен жоқ. Негізі, стадионның алаңында тек ел чемпионаттың негізгі ойындарын өткізіп, футболшылар жаттығу жұмыстарын қосалқы алаңдарда жүргізгенде жөн болар еді. Сонда шөп те тегіс болып, еуропалық алаңдардың деңгейінде күтіп ұстайтын едік. Ал енді, «Ордабасы» командасы, оның «Ордабасы-2» деп аталатын фарм-клубы, бірінші лигада өнер көрсететін «Айжарық» командасы стадионда   күніне  төрт рет жаттығу өткізуде. Одан қалса, шенеуніктердің арасында ұйымдастырылатын жарыстар бар. Бұрын «Локомотив» алаңында-ақ ойнап жүруші еді, енді олар да біздің стадионда ойнауға құмар болды. Сонда алаңнан не қалады? Стадионға қосалқы жасанды алаң керек. Ол тозбайды, әрі қысы-жазы жаттығуға болады.

- Стадионның айналасынан бассейн, теннис орталықтары сияқты басқа да спорт нысандарын салу туралы көтерілген жобалар қайда кетті?

- Әу бастағы жоспар мықты еді ғой. Стадионның маңында бассейн, қосалқы алаңдар, тир секілді спорт кешендерін салу көзделген. Алайда, ойламаған жерден бассейннің орнына құзыры күшті бір кісінің жекеменшік фирмасы  халыққа қызмет ету орталығын салып жіберді. Және бір фирма стадионға тиесілі жер учаскесіне тұрғын үй мөлтекауданын саламыз деп жарты әлемге жар салды. Стадионға тиесілі жерлерді заңсыз иеленіп, ешқандай рұқсатсыз  құрылысқа кіріскені былай тұрсын, олар стадионның өзіне зиян келтірді. Мәселен, құрылыс жұмыстарының салдарынан дренаждық жүйе істен шықты. Бұрын жаңбырдан соң жасыл алаң жарты-ақ сағатта кеуіп қалатын. Дренаждық жүйесіз стадион, әсіресе алаң мен қысқы манеж су астында қалды. Әйтеуір, дағдарыстың әсерінен нвесторлардың арыны басылып, мөлтекаудан салынбайтын болды. Қазір сот арқылы жерді өзімізге қайтаруға әрекет жасап жатырмыз. Айта кетер мәселе, әлгі құрылыс компанияларымен келісіп, жуырда олар дренаждық жүйені қалпына келтірді.

- Қордаланған мәселелердің жақын арада шешілетін түрі бар ма?

- Негізі, менің ойымша егер стадион «Жол картасы» бағдарламасына енгенде, қаражат табылып қалар ма еді. Сонда қосалқы алаң салу, жаңа прожектор орнату,  орындықтарды ауыстыру секілді маңызды тірліктерді біржола шешіп алар едік. Бір нәрсеге назар аударғым келеді. Құрылысы бітпей, бізге тапсырылмай қалған нысандар қысқа мерзім ішінде тоза бастайтыны анық. Мәселен, 5-7 жылға есептелген 11 мың орындықты қазірдің өзінде ауыстыру керек. Бұдан басқа пайдаланылмай бекерге тозып жатқан қаншама нысандар бар.

- Сонда қанша қаржы керек?

- Жалпы, бүгінге дейін стадионда 1 миллиард теңге сомасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал жобаны толық бітіруге тағы шамамен 700 миллион теңге қажет. Бұл осыдан бірнеше жыл бұрынғы баға. Инфляцияның кесірінен  қазір одан да қымбаттап кеткен болса керек. Ақшаның бөлшектеніп  берілетіні  де әжептеуір қиындық туғызады. Жоспарланған жұмыстарды бірден атқарғанда стадионның жағдайы дұрысталар еді. Стадионды бюджетке алақан жаймай-ақ, өз бетімен күн көретін деңгейге жеткізсек дейміз. Ол үшін барлық алғышарттар бар. Мәселен,  бір ғана «Ордабасы» футбол клубы жылына оқу-жаттығу жиындарын өткізуге миллиондаған  қаржы жұмсайды. Стадионда барлық жағдай жасалса команданы  сыртқа жібермей-ақ, жаттығу жиындарын осында өткізгенде қомақты қаржы өзіміздің спортқа қайтып оралар еді. Футбол, волейбол, баскетбол, бокс, садақ ату, шахмат, дойбы, семсерлесу, күрес, жеңіл атлетикадан облысымыздағы ең  үздік спортшылары стадионда жаттығады. Лондон Олимпиадасы болса жақындап қалды. Ал стадионның сиқы мынау...


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Қазақ боксшысы өзбекстандық қарсыласын нокаутқа жіберді
  • Головкин бұрынғы бапкері жөнінде өз пікірін білдірді
  • Франц Беккенбауэр. Алаңдағы абыз
  • Головкин 8 маусымда өтетін жекпе-жекте қанша гонорар алады?
  • Головкиннің 8 маусымда кіммен жұдырықтасатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: