Сейітбек Құлбаев, Бекзат Саттарханов атындағы дарынды балалар спорт мектеп-интернатының директоры, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы:
- 1996 жылы ашылған дарынды балалар спорт мектеп-интернатының тұңғыш директоры болдыңыз. Мектепті екі жылдай басқарған екенсіз. Енді, міне, 11 жылдық үзілістен соң осы қызметке қайта тағайындалып отырсыз. Жұмысты неден бастадыңыз?
- Спортшыларды тәрбиелеп, өсіру мен үшін таныс жұмыс. Себебі, өзім интернатта өстім, жұмысты қатардағы мұғалімдіктен бастадым. Интернаттың жұмысы өте қиын. Балалар мен бапкерлердің психологиясын жетік меңгеру керек, мұғалімдермен тіл табысу қажет. Қатаң қадағалаусыз да жұмыс жүрмейді. Сондықтан, жаңа қызметке келген соң жұмысты бірден бастап кеттік.
- Мектеп-интернатта қандай өзгерістерді байқадыңыз?
- Материалдық-техникалық база бойынша өте көп өзгерістер бар. Біз жұмысты алғаш рет бастағанымызда ақша мүлдем бөлінбейтін десем артық айтпаймын. Ол уақытта тамақтың ақшасын, жалақыны жартыжылдап ала алмай жүретінбіз. Қазіргі жағдайда бұл мәселелердің барлығы шешілген. Бокс залы, жатақхана салынды. Биыл 70 миллион теңгеге спорт залдары мен жатақхананы күрделі жөндеуден өткізіп жатырмыз. Осы жұмыстарды ойдағыдай аяқтасақ, интернатымыз еліміздегі ең мықты спорт мектептерінің біріне айналады.
- Негізгі басымдық қай спорт түріне беріледі?
- Өзіңіз білесіз, Бекзат Саттарханов осы интернаттан шыққан. Екінші жағынан, қазір премьер-лигада жақсы қырынан танылып жүрген футболшы Қайрат Әшірбеков, еркін күресте айтарлықтай жетістіктерге жеткен Кендебаев, Тұрғанбаев, Абдуллаев, Сапаров – бұлардың барлығы да біздің мектептің түлектері. Осы спортшыларды кезінде 8 сыныптан бастап қабылдағанбыз. Сондықтан, қазір көп көңілді бокс, футбол мен еркін күреске бөліп отырмыз. Әрине, бкостың маңызы ерекше. Қазір екі жақсы бокс залымыз бар. Сондай-ақ, футбол саласында да жетістіктеріміз жаман емес. Жап-жақсы стадионымыз бар. Біздің команда еліміздегі ең үздік ұжымдардың қатарына қосылады. Қазір мектебімізді бітірген 7 оқушы «Ордабасы» клубының қосалқы құрамында ойнайды. Жылда біздің мектеп премьер-лигаға 4-5 ойыншыдан беріп отырады.
- Балаларды тәрбиелеу оңай емес деп айтып қалдыңыз. Осы бағытта шешімін күткен қандай мәселелер бар?
- Айталық, оқу процесі. Биылғы тест қорытындысы бойынша облысымызда ең соңғы орындамыз. Бұл педагог кадрларымыздың жұмысты нашар істеуінің нәтижесі деп ойлаймын. Екіншіден, тәрбие жұмысы да нашарлап кеткен. Мұндайда спорттағы жетістіктер пен сапалы білім алу жайлы әңгіме қозғаудың өзі артық. Үшіншіден, спорт-интернаты болғандықтан, біздің оқушылар облыста да, республикада қай жағынан алғанда үздіктердің қатарында болуы тиіс. Бұл заңды талап. Бірақ, қазіргі жағдайды жан-жақты саралап көрдім. Шынымды айтсам, қарным ашыңқырап отыр. Мектептің көрсеткіштері жылдан-жылға төмендеп келеді. Осыған ұжым мүшелерінің алдында қатаң талап қойдым. Жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгерту керек. Селекцияға көп назар аудару қажет. Аудандарды аралап, спортқа бейім талантты балаларды іздеу керек. Ашығын айтсақ, селекция жұмысы облысымызда ғана емес, бүкіл республикада өте нашар. Бұрындары аудандарды аралап жүріп дарынды балаларды таңдайтынбыз. Қазір мектепке саны көп, сапасы жоқ балалар түсіп жатыр.
- Бекзат олимпиада алтынын жеңіп алғанында «Бекзаттай чемпион боламын» деп армандамаған бала болмаған шығар, сірә. Қазір ше?
- Әрине, Бекзат біздің интернатта тәрбиеленгенін мақтанышпен айтамын. Мектепті бітірген соң Бекзат қатты қиналды. Не жататын орны болмады, не стипендиясы жоқ. Шыны керек, оның ата-анасының жағдайлары өте нашар болған. Сонда жаттықтырушысы Визирякин маған келіп «Сәке, Саттархановтың жағдайы болмай тұр. Жататын орны, жейтін тамағы жоқ. Сіз үш айдай көмек беріңізші. 200 адамға жеткен тамақ бір адамға жететін шығар», деген соң Бекзатқа жатақханадан орын алып бердік. Сиднейден алтын медальмен оралғанда Алматыдағы әуежайда күтіп алдық. Сонда Бекзат қолымды алып, бетімнен сүйіп рахметін айтты. Интернатқа арнайы келіп, балалармен кездесу өткізгенде «осы интернаттың тамағының дәмі есімнен кетпейді» деп ағынан жарылып, мектеп ұжымына алғысын айтқан. Әрине, бұл кездесу интернат оқушыларын спортпен шұғылдануға деген құлшынысы арта түсті. Жалпы, балаларды ынталандыру - өте маңызды мәселе. Ол үшін жарыстарды көбінесе ауылда өткізіп тұру керек. Қиналғымыз келмейді ме, әйтеуір, бармаймыз ауылға. Турнирлерді ауыл балаларының арасында неге өткізбеске? Оның үстіне, көптеген спортышлар, чемпиондар ауылдан шыққан. Ауыл балаларына жағдай жасап, спортзал салуға аса көп шығын кетпейді ғой. Шағын спортзал салынса да жеткілікті. Тіпті, балаларға бағалы сыйлық берудің де қажеті шамалы. Онсыз да спортқа деген қызығушылық жоғары болады. Осы бағытта жұмысты қолға алсақ, ауылдан чемпиондар міндетті түрде шығады.
- Барлық ауданда балалар спортына бірдей көңіл бөлінеді ме?
- Жоқ. Спортқа мүлдем көңіл бөлмейтін ауылдар бар. Бұл көбінесе сол ауылдың жанашырларына, осында туып-өскен кәсіпкерлерге байланысты. Мәселен, кейбір ауылдарда қандай да бір той өтетін күні міндетті түрде жарыс ұйымдастырылып жатады. Осы үрдісті мейлінше қолдау қажет.
- Футболға ойыссақ. Өткен жылдың соңында облыс басшылығы «Намыс» футбол корпорациясын құрылатынын айтып, жобаны жан-жақты жарнамалаған еді. Қазір «Намыс» корпорациясы құрылмақ түгілі аты да аталмай қалды...
- Ондай әңгіменің қозғалғаны рас. Бірақ, жоба өзін-өзі ақтамады-ау деймін. Себебі, бірнеше басшы жүретін жерде жұмыстың өңбейтіні белгілі. Жалпы, облысымызда балалар футболын жамытудағы басты мәселе – футбол алаңдарының жетіспеуі. Облысымызда қанша алаң бар дейсіз? Саусақпен санап шығуға болады. Алаң болмаса, жағдай жасалмаса, футбол қайдан өркендесін?
- Спорт мектебіне келген бала «чемпион болсам» деп армандайды. Сол арманына жететіндер аз ба, көп пе?
- Дарынды балалар спорт мектеп-интернаты болғандықтан, осы мұндағы оқушылар спортпен шұғылданумен қатар орта білім де алады. Мектебімізді бітірген соң қай салада жұмыс істеймін десе өз еркі. Интернатты бітіріп, заңгер, мұғалім болып жұмыс істеп жатқандар бар. Бұл көбінесе ата-анаға байланысты. Негізі, мектепті бітірген соң балалар қиналып қалады. Ол бірден облыста, немесе республикада алдыңғы қатарлы спортшы бола алмайды ғой. Біле білсеңіз, кейбір мектеп түлектерінің жарысқа баруға шамасы да келмей қалады. Сондықтан көбісі спортты тастап, күнкөрістің қамын күйттеп кетеді. Бұл жаттықтырушының кемшілігі. Интернаттарда пайыз деген ұғым бар. Мәселен, сенің шәкіртің Қазақстанның чемпионы атанса, жалақыңа қоса сыйақылар көбірек төленеді. Осының салдарынан жетістікке жету жолында жаттығушылар баланы әбден сығып алады да, ол кейін үлкен спортқа жарамай қалады. Бұл түбірімен қате. Бапкерлерге «бұдан былай спорттық нәтижеге емес, сапаға жұмыс істемейміз. Ең бастысы, балаларыдң денсаулығы мықты болуы керек» деген талап қойдым. Жәні бір маңызды мәселе - салмақ қудыру дегенді қою керек. 8 сыныптан бастап салмақ қуа бастаса, одан кейінгі кезде одан не қалады? Ештеңе де қалмайды? Дәрігерлік қадағалауға көіл дұрыстап бөлінбейді. Интернаттың оқушысын аптасына бір рет тексеріп отыру керек. Міндетті түрде. Себебі, өзге спорт мектептері мен біздің интернаттың арасындағы айырмашылық өте үлкен. Оларда жаттығу аптасына үш-төрт реттен өткізілсе, бізде апта бойы, күніне екі рет болады. Таңғы гимнастикалық жаттығуларды қоспағанның өзінде. Яғни, балаға түсетін ауыртпалық өте үлкен.
- Мұның теріс салдары қандай?
- Бір ғана мысал келтірейін. Осыдан он жыл бұрын Шымкентте балалар арасында республикалық спартакиада болды. Сонда бокстан осы интернаттың сегіз баласы Қазақстан чемпионы атанды. Тоғызыншы чемпион – Қанат Орақбаев, оныншысы – Геннадий Головкин болды. Үлкен бокста Орақбаев пен Головкин қалды. Ал қалған сегіз чемпионның біреуін де кейін көргенім жоқ. Бұл жаттығу процесі дұрыс ұйымдастырылмағанының айғағы. Күнделікті ауыр жаттығулар мен салмақ қуудан әбден шаршаған бала кейін спортзалға кіргісі де келмей қалады.
- Қазір мектебіңізде қанша бала тәрбиеленуде?
- 366 бала оқиды. Бірақ, қазір саннан сапаға ауысып жатырмыз. Сыныптарды қысқартуымыз да мүмкін. Сабағы нашар әрі спорттағы көрсеткіші төмен болатын балаларды тәрбиелеп не қажет?
- Баласын спорт мектеп-интернатына бергісі келген ата-аналарға қандай кеңес айтасыз?
- Әдетте «ойбай, интернатта рахат екен. Тамағы тегін» деп баласын жетектеп келетіндер көп. Оларға айтарым, интернат – қатардағы спорт мектебі емес. Бала күнделікті жаттығуларға дайын болмаса, кейін жағдайы қиындай түсетінін ескерткім келеді.
Әңгімеңізге рахмет!
"Рейтинг" газеті