25 тамыз күні «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС-ның мәжіліс залына жиын өткізді. Оған «Ақ жол» партиясы бақылау-тексеру комиссиясының төрағасы Болат Өтепбаев, аймақтық кеңесшілер топтарының жетекшісі Берік Дүйсенбинов, Орталық Кеңестің ұйымдастыру-көпшілік жұмыстары жөніндегі хатшысы – аппарат жетекшісі Әбдіразақ Сұлтанов, партия төрағасының орынбасары Бөріхан Нұрмаханбетов және түрлі мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың басшылары мен кәсіпкерлер қатысты.
Халықпен тығыз жұмыс жасап жүрген, мақсаты айқын «Ақ жол» партиясы басшыларының Шымкентке келіп, жұршылықпен кездесуі, маңызды мәселелерді талқылауы бірінші рет емес. Төраға бұған дейін де шымкенттіктермен жылы жүздесулер өткізген. Бұл жолғы жиында ол партияның бірқатар жетістіктерін атап өтті.
«Ақ жол» партиясынан биыл сегіз мүшесі Мәжіліс депутаты болып сайланғаны белгілі. Парламенттің көктемгі сессиясында А.Перушевтің өзі жетекшілік ететін партияның Мәжілістегі фракциясы түрлі заңнамаларға және нормативті құжаттарға 140-тан астам ұсыныс енгізіпті. Ақжолдықтардың Парламентте көтерген мәселесінің басым бөлігі қарапайым қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Төраға бұған дейін де сайлаушыларына жолдаған үндеуінде «Ақжол» партиясының зиялы қауым мен кәсіпкерлердің партиясы ретінде қалыптасқанын, бірақ бизнестің түпкі мақсаты тек қана ақша табу, баю болмауы тиіс деген қағида басшылыққа алынуы керек деген болатын. «Тек қана табыс түсіру үшін дамитын экономиканың мәнісі жоқ» деген төраға басқосуда президенттің «Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласына тоқталып, әлеуметтік жаңғырту бағдарламасын түбегейлі қолдайтындарын және оны іске асыру үшін белсенді түрде ат салысатындарын жеткізді. Партия жетекшісі осы бағдарламаға тікелей қатысы бар , оның тиімділігіне өз септігін тигізетін, алайда оны іске асыру бойынша жауапты мемлекеттік органдармен жарияланған жоспарларда әзірше тиісті дәрежеде көрініс таппаған бес қосымша мәліметтерді атап өтті. Олар: еліміздегі бай және кедей азаматтардың өмір сүру деңгейіндегі алшақтықты қысқарту, азаматтарды жұмыспен қамту, сыбайлас жемқорлықты азайту, әділ және тәуелсіз сот төрелігін қамтамасыз ету, білім жүйесінің нығайту, экстремизм мен діни радикализмнің пайда болуына алып келетін әлеуметтік себептерді азайту. Осы аталған ұсыныстарды «Ақ жол» партиясының парламенттік фракциясы заң шығарушылық қызметінде өзіндік тәсілдерін қолдана отырып, қажет жағдайда Парламентте тиісті заң жобаларын дайындайтын болады. Кездесуде бұдан өзге құрсақ көтерген аналарға қамқорлықты жақсырту, салықтың пайызын кеміту, кәсіпкерлік туралы заңнамаларға өзгерістер енгізу, тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, еңбекпен түзеу колонияларындағы әділетсіздіктерді жою, білім саласын кемшіліктерден тазарту, қолжетімді спорт кешендерін салу, қалалық жерлерде балабақшалар санын көбейту және тағы да басқа халықтың көкейінде жүрген әлеуметтік маңызды мәселелер талқыланды.
Жиынға қатысушылар партия өкілдерімен ашық әңгіме құрып, өз ұсыныстары мен тілектерін жеткізді. А.Перуашев көпшілікке талап-тілектерін алдағы уақытта партияның облыстық филиалының жетекшісі, «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС-ның басшысы Анарбек Орманға тапсыра алатынын құлағдар етті. Сондай-ақ, барлық өтініштердің, ұсыныс¬-пікірлердің «Ақ жол» партиясының фракциясында қаралып, депутат¬тық қызмет кезінде ескерілетінін де қадап айтты.
--Біз аймақтардағы осын¬дай кездесулер барысында Қазақстан халқының алдындағы өзіміздің міндеттерімізді нақтылаймыз. «Ақ жол» партиясы менің меншігімдегі партия емес, «Ақ жол» деген сіздерсіздер, сондықтанда бірігіп халықтың жағдайын жақсартуға бәріміз ат салысайық, – деді А.Перуашев.
Кездесуден кейін «Ақ жол» партиясының Оңтүстік Қазақстан облысынның филиалында «Кәсіпкерлік. Фискалдық органдар. Жалған кәсіпкерлік» тақырып аясында республикалық конференция ұйымдастырылды. Маңызы зор конференцияда еліміздегі кәсіпкерліктің дамуы, жалған кәсіпкерлікті заңдастырып беретін құзырлы органдардың жауапкершілігін күшейту, оның тамырына балта шабу, бүкіл тауар-ақша айналымын қайта реттеу, заңнамаға өзгеріс енгізу секілді мәселелер талқыланып, тұшымды ойлар ортаға салынды.
Мұрағаттан, 30.08.2012 ж