Отандық автоиндустрияны дамыту мәселесіне соңғы бірнеше жылда айрықша мән беріле бастады. Әйткенмен, Елбасы мен премьер-министр осы тақырыпты бірнеше рет қозғап, ескерту жасағанымен шенеуніктердің шетелдік автокөліктерге әуестігі азаймай тұр. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің мәліметінше еліміздің мемлекеттік органдары жылына орта есеппен 20 миллиард теңгеге 4 мыңнан астам көлік сатып алса, солардың тек 1,5 мыңы қазақстандық өнім болып табылады. Әсіресе лауазымды қызметкерлердің шетелдік джиптерге деген қызығушылығы алабөтен. Лауазым иелерін қойшы, қарапайым қызметкерлерге арналған көліктерге дейін шетелден таситын әдет белең алды. Мәселен, былтырдың өзінде Алматы облыстық және қалалық ішкі істер басқармалары Өзбекстанда жасалған «Дэу Нексия» автокөлігінің 200 данасын сатып алыпты. Сонымен қатар республикалық органдар «Тойота», «Митсубиси», «Фольксваген» көліктерін үлкен партиямен сатып алуға әбден дағдыланған.
Биыл отандық автоөнеркәсіп жаңа қиындыққа тап болды. Бұл жолғы қауіп көршілес Ресейден келіп отыр. Алғашқы алты айда Қазақстанда сатылған ресейлік көліктердің саны былтырғы 12 айдың көрсеткішімен теңесіпті. «АвтоВАЗ» дейтін алпауыт компания биылдың өзінде елімізге 32 555 автомобиль жеткізіп үлгерген. Бұған ең әуелі шетелден әкелінетін көліктерге салынатын баж салығының еселеп өсірілгені әсер еткен. Сарапшылар Үкіметтің бұл әрекетіне «ресейлік автокөлік өндірушілердің мүддесін көздеген қадам» деп баға берген болатын. Себебі шетелден көлік тасымалдағанша қазір жаңа автомобиль сатып алған тиімді болып тұр. Жуырда Үкімет отандық автокөліктерді несиеге сатып алуды субсидияландыру жайлы жоспарларын мәлімдеді. Бұл механизм жүзеге асса алдағы үш жылда қазақстандық өндірушілер шығаратын Skoda, Chevrolet, ВАЗ, KIA, Ssang Yong көліктеріне сұраныс анағұрлым арта түспек.
26.08.2012 ж