Абай атамыз тәуекел туралы өзгешелеу өрнек салған ғой. Өзімді тәуекелшіл адамдар қатарында санаймын. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, нартәуекел деп, Торғайға тартып отырдым. Арқалық қаласында, облыстық газетте екі жылдан аса еңбек етіп, шақырған соң Шымкентке ауыстым. “Оңтүстік Қазақстан” газетінде жеті жылдай жұмыс істеген соң тағы да тәуекелге бел буып, “Жас дәурен” – “Замананы” аштым.
“Замана” өз оқырмандарын тауып, қаз-қаз тұра бастаған шақта әкімдік басқару жүйесі құрылып, қызықты әрі қым-қуыт өзгерістер басталды. Облысқа Марс Үркімбаев сынды ғалым әкімдікке тағайындалып, көп ұзамай-ақ баспасөз хатшысы қызметіне шақырылдым. Бұрындары біздің билік пен басқару салаларында баспасөз хатшысы, баспасөз қызметі дегендер жоқ еді ғой. Марс Фазылұлынан кейін Зауытбек Тұрысбеков, одан соң Халық Абдуллаев әкімдікке келді. Облыс әкімдерінің баспасөз хатшысы болып бес жылдан астам уақыт жұмыс істедім. Ақырында баяғы “За-мананы” қайтадан қолға алмаққа тәуекел еттім. Тақыр жерден бастадым. Жекешелендіруден титімдей түйір жіп тимеді. Не үй жоқ, не күй жоқ. Қалта тесік. Міне, содан бері зымырап жылдар өтті. Өзіміздің өлшем¬дермен қарасақ, аяғымыздан тік тұрдық деуге болады. Әлемдік әйдік деңгейлермен пайымдасақ, біздікі қарапайым ғана, жұпынылау тірлік қой...
Елбасының өзі айтқандай Шымкент келешекте республикадағы үшінші үшінші қалаға айналу үшін тек экономикалық реформалардың жемістері жеткіліксіз. Руханият толыққандылығы қажет. Ал енді мәдени-рухани жағынан үшінші орынға ұмтыла аламыз ба? Таяу уақыттарда таудай-таудай талаптарға толық сай бола аламыз ба? Міне, мен “қарапайымбыз”, “жұпынылаумыз” дегенде осы тұрғыдан келемін. Өзге жақтарды былай қойғанда, БАҚ бойынша биік-биік белестерге көтерілуіміз керек. Мәдени-рухани деңгейдің ахуалы ақпарат құралдары арқылы да айқындалады. Мәдениеті аса жоғары, өркениетті елдерде мықты-мықты басылымдар тек астаналарда ғана, тек орталықтарда ғана шықпайды. Өзге де өңірлерде, алыстағы қалаларда да шығады. Кейбір көркейген мемлекеттердің шалғайдағы шаһарларында ірі-ірі газеттер мен журналдар, телеарналар аз емес. Ал біздің Шымкент бұл мәселелерден әзірше әлсіз. Мемлекеттік бола ма, жекеменшік бола ма, жартылай мемлекеттік, жартылай жекеменшік бола ма, осы Шымкенттен де бірер ірі-ірі жобалар жасалса, ірі-ірі БАҚ-тар ұйымдастырылса дейміз. “Республикалық” деген атты жамылған басылымдар бізде де баршылық. Бірақ... Республикалық деген атқа толық лайық болу үшін биік деңгейлерге көтерілу керек. Кім-кімге де. Қай басылымға да. Біз ондай асуларға әлі шыға қойған жоқпыз. Дегенмен, кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпіріне өзіміз жетпесек те, сөзіміз жетіп жатқанына ризамыз. “Замана”, денсаулық мәселелерін мәністейтін “Ауырмаңыз”, имандылықты арқау еткен “Кәлима” газеттері Қазақстанның әр қиырына тарап жатыр. Жалпы “Замананың” қосымшалары іспетті оншақты басылым бар.“Замана” баспа үйі бұл басылымдарды шығарумен қатар “Замана” бейнестудиясын, “Замана” баспаханасын, “Замана” баспасөз клубын, “Замана” баспасын ашқан.
Әрине, негізгі газет – “Замана”. Бұл басты басылымымыз – айрықша ақпараттарға арналған апталық делінеді. Әр апта сайын бір сәт те босаңсымай, оқырманды да босаңсытпай, ақпаратпен сусындатып отырмыз. Жиырма мыңға жуық таралыммен. Тұрақты түрде. Белгілі бір “мақсаттарды” көздейтін, жеке бір алпауыттардың жеке мүдделеріне ғана қызмет ететін, сойылдарын соғатын басылымдарға ұқсағымыз келмейді. “Замана” газеті қарапайым адамдарға анық та ақиқат ақпарат жеткізеді. Түрлі тәсілдер арқылы өнеге болар іс-әрекеттерді, тағылым алар тірліктерді, шағын және орта бизнесті жандандыру жолдарын жазамыз. Адамға, қоғамға кері әсер ететін нәрселерді жариялау әдетімізде жоқ. Саламатты өмір салтын ұстанатындар, өз күндерін өздері көріп жатқандар, өз бизнестерін ашып, өрісті жолға түскендер, далада да, қалада да жоқтан бар жасап, өз шаруашылықтарын жолға қойып алғандар туралы әр нөмір сайын беріледі. Әрине, кемшіліктерді де ашып көрсетеміз.
Журналистика саласы – менің өз салам. Қазақтың мемлекеттік университетін, оның журналистика факультетін тәмамдағанымды, Темірбек Қожакеевтің “шекпенінен” шыққанымды, өзім бүге-шігесін білетін салада бизнеспен айналысып жүргенімді мақтан етемін.
Иса Омар, “Замана” баспа үйі редакторлар кеңесінің төрағасы, “Замана” серіктестігінің бас директоры