Бүгінгі таңдағы жетістігіміз де өзге елдерге мақтан етерліктей. Яғни, Қазақстанда 2009 жылдың қорытындысы бойынша нақты экономикалық өсімге қол жеткізілген. «2009 жылдың үшінші тоқсанында екінші тоқсанмен салыстырғанда еліміздің ішкі жалпы өнімінің 1,5 пайызға өскені байқалды. 10 айда Қазақстанның өнеркәсіп өндірісі өткен жылдың осындай кезеңіндегі деңгейге жетті. Бұл біздің 2009 жылдың қорытындысы бойынша экономикамыздың өсімі төмендемей, аз да болса артады деп айтуымызға негіз береді. Қазіргідей қиын-қыстау шақта бұл жақсы жетістік болса керек», деді Елбасы. «Дағдарысқа қарсы бағдарлама» аясында экономиканың нақты секторларына теңдессіз көмек көрсетіліп келеді. Жыл басында дағдарыспен күрестің жаңа бағдарламасы қабылданып, оны жүзеге асыруға 19 миллиард доллар қаржы бөлінді. Банктер, сондай-ақ қаржылық секторға қолдау көрсетілді. Шағын және орта бизнестің дамуы да назардан тыс қалмады, кәсіпкерлерге несие берілді. Ұзақ жылдар бойы тоқтап қалған қаншама зауыт-фабрикалардың және басқа да құрылыс нысандарының тірлігі жанданды. Көптеген үлескерлер қоныс тойын тойлады. Осындай ізгі ниеттегі шығындарға қарамастан, еліміздің Ұлттық қорының активтері мен алтын-валюта резервтері 52 миллиард долларға жеткен. «Біз өзіміздің резервтерімізді сақтап қана қоймай, ұлғайта да алдық. 2009 жылғы 30 қарашадағы жағдай бойынша, Ұлттық қордың активтері және елдің алтын-валюта резервтері 52 миллиард долларды құрады» деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елімізде құны 3 миллиард доллардан асатын 170 жаңа инфрақұрылымдық нысандар пайдалануға берілді. Кәсіпорындарда 9 мың тұрақты жұмыс орындары ашылған. Солардың арасында “Дженерал электрик” компаниясымен бірлесіп салынған Астанадағы локомотив зауыты, Құмкөл кен орнынан салынған газ өңдеу зауыты, Қазақстандағы бірінші автобан және басқалар бар. Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия, Беларусь секілді елдермен 25 миллиард доллардың инвестициялық жобасын Қазақстанда жүзеге асыру жөнінде келісім жасалынған. Қазақстан, Ресей, Беларусь арасында келесі жылдан бастап Кеден одағын құру жөнінде нақты келісім жасалды. Енді кеден үдерістері жеңілдендіріліп, үш елдің инфрақұрылымдарын пайдалану оңайланады. Бұл өз кезегінде жаңа инвестицияларға жол ашуға мүмкіндік бермек.
Әлемдік қаржы дағдарысы кезінде жұмыссыздыққа жол бермес үшін мемлекет ауқымды іс атқарды. Соның бірі «Жол картасы» бағдарламасы. Осы бағдарламаны іске асыруда еліміз бойынша 400 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Көптеген елді мекендердің инфрақұрылымдық мәселелері шешілді. Ірі өнеркәсіптік кәсіпорындармен жұмыс орындарын сақтау туралы келісімдер бекітілді. Келісімдердің шарттары сақталған. Елбасы жұмыс бергендер және жұмыс орындарын сақтаған компанияларға алғысын білдірді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстанның кендері мен байлықтарын игеріп жатқан барлық инвесторларды индустрияландыру бағдарламасы бойынша тығыз ынтымақтастыққа міндеттейтін заң қабылданатынын айтып өтті.