Хакім мен әкім. Екеуі түсіністік тапса бұл елдің бақыты екен. Шымкент қаласында 17 қазанда, сенбі күні Абай атындағы саябақтағы Хакім Абай атындағы мұражайда «Хакім Абай тағлымдары» атты әсерге толы әдеби кеш өтіп, оған Парламент депутаттары, қоғам және өнер қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Абайдың даралығын, даналығын зерттеумен-зерделеумен түпкілікті айналысқанына 50 жылдан асқан танымал ғалым Мекемтас Мырзахметов облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен ашылған Хакім Абай атындағы мұражайдың ел иігілігіне ұсынылғанына енді бір ай толатындығына қарамастан елең еткізетін ерекше басқосудың ұйымдастырылғанына ризашылығын білдірді. «Әрбір әкім осылайша Абайдың мұражайын ашуға, Абайдың данышпандық қасиетінің қыр-сырын ұғуға ұмтылса қоғамдағы мерездікпен күресудің әдіс-айласы табылып, елімізде әділеттілік пен рахымы мол істерге жол ашылатын еді. Абайды біресе кришнаит дегізіп, біресе өзге кірме діндердің жетегіне ергізіп қорланудан әрең арашалап алдық. Абайдың ілімін санаға сіңіруді қазақылығының қаймағы бұзылмаған оңтүстік өлкесіндегі оқу орындарында арнайы кафедралар ашудан батыл түрде бастаған дұрыс. Абай мен Мұхтар Әуезов екеуін бір әлем десек, белгілі ғалым, іскер азамат Уәлихан Бишімбаевтің жанашырлығымен өзі басқаратын Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университетінде Абайтану кафедрасы көп кешікпей отау тіксе екен деген ойдамын» дейді ол. “Абайдың өмірі, Абайдың өлеңі, Абайдың қара сөзі өзіңді өзің тануға тәрбиелеп, мына жалған дүниенің бүгінгі “жүрек соғысына” дәл диагноз қоя алатынына қайранмын” дейтін әңгімені бұған дейін де жиі естіп жүрміз. Дей тұрсақ та Абайды оқу, Абайды дәріптеу, Абайды ардақтау жағы әлі де жетіспей жатқандығы жайлы осы жолғы кеште ашық айтылды. Абайды әлемдік деңгейдегі алып деп ұрандатқанымызбен тұғырлы тұлғаны шетелдерде Шекспирден кем насихаттамауға ұмтылу былай тұрсын, егер өз елімізде лайықты елеп-ескеріп жүрген болсақ Қытайдағыдай Конфуций атындағы, Германиядағыдай Гете атындағы жеке институттар ашылмаса да ең болмаса басқасы басқа Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетіне ұлтжанды азамат Серік Пірәлиев басшылыққа барғанға дейін бұл оқу орнында Абайтануды зерттейтін ғылыми орталық ашылмай келгені қалай? Әлде атқа қонған азаматтар Абайдың дарабоздығын ғылыми тұрғыдан дәлелдеймін деп қуғын-сүргінге ұшыраған Қайым Мұхаметхановтың тағдырын қайталаудан қаймыға ма?
«Хакім Абай тағлымы» атты кешке тұғырлы тұлғаның туған жері Семейден ат терлетіп келген абайтанушы Төкен Исмайлұлының айтуынша кезінде Абайдың киімінің түймесін таққандар абақтыға жабылыпты. Бұл енді бұрынғы ғой. Қазір ше? Тәуелсіздіктің туы тігілгеніне 18 жыл толса да сананы үркітіп тұрған бұл неғылған үрей десеңізші. Бәлкім бұған кешіріммен де қарауға болар. Өйткені мінберге көтерілгенде атақтарынан ат үркетін академик Мырзатай Жолдасбековтің «Абайды толық танып білуге бір адамның өмірі жетпейді. Соңғы 10 жылда Абайды тағы да қайталап оқыдым. Бұрын Абайдың қазақты сынап, жер-жебіріне жеткені үшін тіпті теріс қарағанмын. Абайдың сынын енді түсіндім» деп көпшілікке ағынан жарылғаны біраз жайтты білдірмей ме? Әсерге толы кеште Абайдың әндері шырқалып, Абайдың өлеңдері, қара сөзі оқылды. Ақындар жырын Абайға арнады. Жұмат Шанин атындағы облыстық қазақ сазды драма театрының актері Сапар Өтемісов Абай ролін шебер сомдап, “Мен ішпеген у бар ма?” атты қойылымнан үзінді көрсетті. Бұл күні алдымен Абай атындағы саябақтағы Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойылды. Айта кетер жайт осы ескерткіштің Абайға ұқсайтынына көңілі толмайтындар көп. Оған қоса ескерткіштің тұғыры тым пәстігі соншалық, жас балаларға дейін мойнына мініп ойнағанымен қоймай, бет-аузына, кеудесіне, арқасына сурет салып, ұятсыз сөздер жазып кететінін жұрт жақсы біледі. Жанашыр азаматтар баспасөз бетінде дабыл қағып, “гаршокта отырған баладан аумайтын адамды шын Абайдың бейнесімен тездетіп ауыстыру қажет, тұғырының биік болғаны жөн”, деп жауапты басшыларға бірнеше жылдар бойы құлаққағыс жасап келе жатқанымен әзірге нәтиже жоқ. Бәлкім әлдекімдердей құрғақ сөз, бос байбаламмен шектелмей Хакім Абай атындағы мұражайдың ашылуына тікелей ұйытқы болып оны нақты тірлікпен дәріптеуді дәлелдеп берген іскер әкім Асқар Исабекұлының қолдауымен көптен бері көпшіліктің көкейінде жүрген бұл мәселе де келешекте оң шешімін тауып та қалар.
Тарихшылардың дерегіне сүйенсек, Абайдың ұлы Тұрағұл 1909 жылы Санкт-Петербургте Әлихан Бөкейхановтың көмегімен әкесінің жинағын шығаруға септігін тигізіпті. Бас редакторы Жүсіпбек Аймауытов, жауапты хатшысы Мұхтар Әуезов болған “Абай” журналының 1918 жылы жарыққа шығуына демеушілік жасаған. “Байдың тұқымысың” деп 1928 жылы қуғын-сүргінге, айдауға түскен Тұрағұл Шымкент қаласында тұратын қызы Мәкенді іздеп келіп, 1934 жылы осы жақта дәм-тұзы таусылыпты. Кеңестік жүйе ол жерленген зиратты трактормен тегістеп жіберіп, орнына зауыт салғанын біреу білсе, біреу білмейді. “Шымкентте жерленген Абайдың ұлы Тұрағұлға бір белгі тұрғызылуы тиіс”, - деген ұсыныс та жар басындағы жаңғырық болудан әріге аспай тұр. Мұны хакімді құрмет тұтқан әкімнің құлағына жеткізуді жөн санадық.
Мәртебелі қонақтар Хакім Абайға арналған кештен кейін көршілес орналасқан, кезінде кәсіпкер Әбдіқақар Пайзахметовтің тойханасы болып, бүгінде оның келісімімен аты да, заты да, тіпті иесі де өзгерген, дәлірегі қазір мемлекеттік коммуналдық меншіктің қарамағындағы көркемсурет галереясын аралап көріп, көңіл қуантар, көз сүйсінтер тірліктердің алдағы уақытта да жалғасын таба беруіне тілеулестіктерін танытты. «Қалауын тапса қар жанады» демей ме? Бұрынғы әкім Әшімов кәсіпкерлермен түсініспей саябақтарды дау-дамайдың, айтыс-тартыстың алаңына айналдырып жіберсе, енді міне жаңа әкім Мырзахметов іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен ел қуанатын игілікті істерге ұйытқы болып жатыр. Кеткен адамның артынан артынан тас лақтырғандық емес, ақиқаты осы.
Ғалымжан Қамытбекұлы,
"Рейтинг" газеті №38, 23 қазан 2009 жыл