Сармановтың жағдайы мәз емес

Screenshot_5.png

Дәл осыдан үш жыл бұрын, яғни 2006 жылдың 20-қазанында Оңтүстік Қазақстан облысында бір қала және үш ауданның әкімі сайланған болатын. Үш жыл өтті. Бұл елімізде алғаш енгізілген саяси өзгерістің қаншалықты тиімді екеніне бүгінде пікір айтуға боларлықтай уақыт. Алайда, сол пікірді айтуда аздап қиналыңқырап отырмыз. Өйткені, сайланған әкімдердің қызметін кеңінен ой таразысына салып, салыстырмалы түрде жұрттың бағасы мен пікірін келтіруге «кейіпкер» болмай тұр. 

Елдің есінде Арыс қаласы, Мақтаарал, Түлкібас және Созақ аудандарында 2006 жылы әкім сайланды. Бұл сайлаудың әңгімесі де кезінде әудем жерге барған-ды. Дегенмен, сол кезде «сайлау әділ, демократиялы түрде» өтті деген баға алды. Сөйтіп, төрт әкім төрт жылға сайланып, қызметіне кірісті. Әрқайсысы сайланған әкім ретінде халық айта жүрер із қалдырып, сенім үдесінен шығуы тиіс еді және сол мақсатта жұмысын бастаған да болар. Бастады-ау, бірақ, төртеудің үшеуі аяқтай алмады. Әліпби ретімен бастасақ, Арыс қаласына әкім болып сайланған Серік Тәукебаев қызметі жоғарылап Астанаға көшті. Бір жылдан астам уақыт қаланы басқарған С.Тәукебаев көтерген бастама, тындырған тірлік аз емес. Алайда «Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар?» демекші әкімнің тірлігі тәп-тәуір бола тұра ат ауыстырғанына қатысты әр қилы алыпқашпа әңгіме бар. Қазір Өзбекстандағы елшілікте қызмет атқарып жүрген Омарбек Нұржанов та Мақтаарал ауданын басқарғанда сайланған әкім ретінде ел арасында оң пікір қалыптастыра алмады. Кемшілігі көп болған соң, жиі сыналды. Қарамағындағылар қылмысқа барды. Мақташылардың мазасы болмады, су мәселесінде дау-дамай азаймады. Қысқасы, О.Нұржанов тізгінін уысынан шығарғысы келмеген аудан, бейнелей айтсақ, ауыздығын ауырсынып жүрісін бәсеңдеткен тұлпардай болды. Тәжірибелі басшының тірлігі өнбеді. Сөйтіп, төрт жылға сайланған әкім мерзімінен бұрын орнын босатты. Ал Созақ ауданына сайланған әкімнің тағдыры қалай тәлкекке түскені кезінде кеңінен айтылғандықтан қазбалай берудің қажеті жоқ шығар. 

Бүгінде сайланған әкімдерден қалған «жалғыз тұяқ» Ерхали Сарманов Түлкібас ауданын басқарып келеді. Сайланған әкім ретіндегі төрт жылдық «марафон» мәресіне осы Е.Сарманов жалғыз жететін шығар.Егер жете алса... Өйткені оны да көпке созылмай  қызметіне босайды екен деген ел аузындағы пікір бос әңгіме болмауы әбден мүмкін. Бұған себеп те бар. Облыстағы 15 аудан, қаланың ішінде көрсеткіштері жағынан ол басқаратын Түлкібастың ортадан да едәуір төмен тұруы, дәлірегі рейтингісі бойынша тоғызыншы орынға жайғасқан біраз жайтты аңғартпай ма? Ендеше түрленуге, түлей түсуге лайық Түлкібастың алдыңғы қатарға көтерілмеуі не себептен? Өндіріс дамымаған және бұл мақсаттағы жұмыстар баяу. Ұсақ шаруа қожалықтарының да біріккісі жоқ. Кей ауылдың тірлігіне қарап, бұл жақтағылар жалқау ма дерсіз. Әлде әкімдіктегілер елдің тірлік істеуіне дұрыс бағыт-бағдар беруге дәрменсіз бе? Мысалы, Машат ауылдық округінде әр шаңырақтың үлесінде тиесілі жері бар. Сол жерді көршілес Қарабұлақтан келгендер жалға алып, жұмыс істеп жатыр екен. Ауданда игерілмей жатқан жер көп. Кешегі күнге дейін 395 гектар жер шаруалардан қайтарылып алынған. Асыл тұқымды шаруашылық ашылмаған. Ауызсу, жол жөндеу құрылыстарын жүргізу үшін өткізілген тендерде кемшіліктерге жол берілген. Атап айтқанда, тендерге қатысқан фирмалардың 40 пайызының техникалық базасы жоқ екені анықталған. Субсидияға байланысты дау бұл ауданда да аз болмады. Кезінде «кластер» деген жаңа термин тіркескен туризміңіз сол сөз күйінде қалған, іс жоқтың қасы. Әйтпесе, Түлкібас туризмге қолайлы аудан. Жөндеуден өткізуді қажет ететін ауызсу құбырлары, мектептер баршылық. Түлкібастың тоғызыншы орынға түсуіне осындай мәселелер себеп болса керек. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған жұмыс тобы Түлкібас ауданында болғанда өзекті мәселелерді анықтаумен қатар, нәтижелі істердің де куәсі болды. Рысқұлов ауылдық округіндегі «Майлыкент сүт» ЖШС өздеріндегі 350-дей сиырдың сүтінен бөлек төрт ауылдан тиімді бағамен сүт қабылдауға дайын. Әйтпесе бұл маңайдағылар сүтті «Фудмастерге» және көрші облыстың Жуалы ауданына өткізіп жүр екен. Балқыбек ауылына ауызсу берілген, жолдары жөнделген. Тұраркентте тәулік бойы таза су беріледі. «Жол картасы» шеңберінде де атқарылған тірлік аз емес. Алайда, аудан тұрғындары жергілікті мәслихат депутаттары арқылы сенім білдіріп, сайлаған Е.Сарманов Түлкібасты барлық көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарға шығарғанда әкім сайлау жүйесі үдесінен шықты дер едік. Сайланған әкім басқарған аудан алда жүргенде бұл жүйені кеңінен қолдану қажеттігі жиі айтылар ма еді. Осыдан үш жыл бұрын тәжірибе ретінде облыстардың бірқатар аудан, қалаларында енгізілген бұл жүйе өзін ақтады ма және жалғасуы мүмкін бе? Оңтүстік Қазақстан облысындағы жағдайға қарап «иә» дей алмаймыз. Сайланған төрт әкімнің жай-күйі анау.Қалған жалғыздың «үні» шығар емес, яғни «бұл сайланған әкім» дерліктей болмай тұр. 

Айбар Алшын

23 қазан 2009 жыл

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: