Мақтааралда ана өлімі жасырылған

20170817123705.jpg

Соңғы жылдары  ОҚО  денсаулық сақтау басқармасының басынан дау арылмай-ақ қойды. Басшы ауысқан сайын берекесіз тірліктердің мойны жиі қылтиып шыға беретініне жұрттың еті өліп, көзі үйренді. Тасмағамбетованың тұсындағы ВИЧ трагедиясы, Дудниктің кезіндегі кадрлардың дүрбелеңі, Маймақов басқарған шақта қырым-қанды безгегінің асқынуын ел ұмыта қойған жоқ. Енді, міне,  жаңа басшы Жұмағали Исмайыловтың тұсында да  бір емес, бірнеше даудың түңлігі түріле бастады. Айтпағымыз, ана мен бала өлімі және облыстық денсаулық сақтау басқармасының жүргізіп отырған саясатына қарсы дәрігерлердің арасында өршіп келе жатқан наразылық. 

Ана мен бала өлімін азайту қазіргі таңда мемлекеттік маңызға ие болып отыр. Былтыр  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ана мен бала өліміне арналған республикалық жиынды Астана мен Алматы емес, дәл осы Шымкентке келіп өткізуінің өзі де көп нәрсені аңғартады. Алайда, денсаулық сақтау саласынының жауапты қызметкерлері  Президент пен Премьер-министрдің тапсырмаларын  орындаудың басқа тәсіліне көшті.  Әңгіме ана мен бала өлімін жасыру жайлы.  

Мамыр айында Мақтаарал ауданының  Жетісай қаласындағы орталық ауруханасының гинекология бөліміне  Үлгілі ауылының тұрғыны  Құттықыз Әлиева түседі. Алайда 35 жасар әйел перзент сүйемін деген арманына жете алмай 21 мамыр күні  көз жұмады. Мақтаарал ауданында жыл басынан бері басқа да ана өлімінің фактілері тіркелген. Әрине, дәрігерлердің құрсақ көтерген әйелдің жанын сақтауда атқарған шараларының қаншалықты сапалы болғаны жайлы әңгіме қозғауға болар еді. Алайда бұл жолы оқиға басқа бағытта өрбіді. 

Құттықыз Әлиеваның өлімі денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне енбей қалған. Олай дейтініміз, 2009 жылдың алғашқы алты айында Мақтаарал ауданы бойынша екі ана өлімі тіркелгені туралы ақпарат тарады. Бірақ, екеуінің де Әлиеваға қатысы жоқ. Бұл мәселе сол күйі жабулы қазан күйінде қала беруі де бек мүмкін еді. Дәрігерлердің жағымсыз ақпаратты жасырып отырғаны жоғары жаққа домалақ арыз түскенде ғана белгілі болды. Шұғыл түрде  комиссия құрылды. Алайда, бірнеше  айдан бері созылып келе жатқан жырдың нүктесі әлі де қойылған жоқ. Сорақысы сол, «ана өлімінің фактісін жасырған кім?» деген ең негізгі сұрақ күні бүгінге дейін жауапсыз күйде қалып отыр. Жауапты қызметкерлер  біріне-бірі сілтеп, «бәледен» бастарын алып қашуда. 

Мақтаарал аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Бағила Өтеулиева негізгі кінәні облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Гаухар Үкбаеваға жауып отыр. 

- Әлиеваның қайтыс болғаны жайлы барлық жазбаларымыз бар, - дейді Бағила Өтеулиева. -  Ауру тарихы толтырылған, АХАЖ бөліміне ресми түрде тіркелген. Шикілік тек денсаулық сақтау басқармасынан, дәлірегі бастықтың орынбасары Гаухар Үкбаевадан шығып отыр.  Ана өлімі тіркелген жағдайда біз бірінші кезекте бұл жағдайды аудандық медицина бірлестігінің басшысына,одан соң облыстық басқармадағыларға жеткіземіз. Олардың нұсқауынсыз бір қадам аттап баса да алмаймыз. Шешім қабылдайтындар солар. Бұл жолы да Әлиеваның ауру тарихын алып, арнайы картаны толтырып Шымкентке келдік. Ал Үкбаева қайтыс болған әйел туралы естігенде «оны Ташкентке барып өлді деп көрсетіңдер, тіркеуге алмаңдар. Онсыз да ана өлімі көбейіп тұр», деп жасыру жолдарын көрсетті. Бұл тапсырма  орындалмаған жағдайда бар кінәні біздің мойнымызға артып, жұмыстан кетіретінін жеткізді. Бірақ, оның айтқанына көнбедім. Менің ауруханамда болған ана өлімін қалайша жасырамын? Әлиеваның жан тапсырғанын дәрігерлердің барлығы біледі, ауруханадағы жазбалары бар.  Одан қалса қайтыс болған әйелдің туыстары жанжал шығарса, басымызбен жауап беретініміз айтпаса да түсінікті. Сондықтан тиісті құжаттардың барлығын өткіздім. Алайда оны Үкбаева қабылдамады. «Маймақовқа кірмей-ақ қойыңыз, ол сізді бәрібір тыңдамайды» деп те ескертті.  Ал домалақ арыз түсіп,  былықтың барлығы ашылған соң Гаухар Сапартайқызы түк білмегенсіп шыға келді. Айтатыны біреу: «мен оларды көргенім жоқ, ана өлімі жайында естімегенмін де. Мән-жайдан хабарсызбын», деп өзін сүттен ақ, судан таза етіп отыр.   Сонда қалай, 21 мамыр күні біз Гаухар Үкбаеваны емес, оның көлеңкесін көрдік пе? Ал осы жағдайға байланысты Шымкенттен келген санавиацияның 19 дәрігерін қайтеміз? Бастықтың орынбасары болып отырып осындай жағдайды  білмеуі мүмкін емес. Басқарма бастығы Исмайылов арнайы комиссия жіберіп тексерткенде бізде барлық құжаттардың орнында екені, ананың өлгені тіркелгені анықталды. Соған қарамастан, осы даудың жыры бес айдан бері созылып келе жатыр. Қысқасы, жасыру бізден болмаған. Ақыры жасыратын болсақ АХАЖ бөліміне тіркетіп неміз бар? Осы мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Уәлихан Қайназаровтың қабылдауына кіріп, болған оқиғалар жайында түсініктеме жазып бердім. 

Түсініктеме жазғандардың қатарында сонымен қатар Мақтаарал аудандық медициналық бірлестігінің бастығы Аязбек Егембердиев, ауданның бас акушер-гинекологы Р.Тәжідинова да бар. Қ.Әлиеваның  өлімін жасыру  фактісі бойынша  мәселе қыркүйек айының соңында облыс әкімінің орынбасары, денсаулық сақтау саласын қадағалайтын Уәлихан Қайназаровтың төрағалық етуімен өткен штабтың жабық отырысында талқыланып, денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Гауһар Үкбаеваның мәселесі «майшаммен» қаралған. Ол ол ма, көпшіліктің алдында Қайназаров Үкбаеваның қызметтен кетуін талап  еткен.  Алайда,  аталған мәселеде Үкбаева бұрынғы сөзінен бас тартпай, облыс әкімінің орынбасары шектен шыққанына шамданып  отыр. 

   - Ана өлімінің жасырылғанына менің ешқандай қатысым жоқ.  Өтеулиеваға қысым көрсетіп, мәжбүрлеген болсам, менен жоғары тұрған басшыларға неге шағымданбады? Уәлихан Қайназаров оқиғаның мән-жайын біліп, сұрастырмастан  жиналыста 200-ге жуық әріптестерімнің алдында «жұмыстан кет» деп дөрекілік көрсетіп, залдан қуып шыққандай болды. Намысымды жерге таптады. Қызметтік тексеру жүргізбестен бұрын осылай айтуға кім құқық берді? Тіпті өз кабинетіне шақырып алып қызметтен кетуімді талап етсе бір сәрі. Бар кінәні маған артып отырған Өтеулиеваның өзінің шикіліктері жетіп артылады. Мәселен, Қ.Әлиеваның  статкартасын толтырғанда мұны ана өлімі емес, қан кету фактісі деп жалған мәлімет көрсеткен. Осы іспен шұғылданып жатқан тексеру комиссиясына екі түрлі түсініктеме берген. Сонда оның қай сөзіне сенеміз? Анық білетінім, менің бұл заңсыздыққа ешқандай қатысым жоқ, өйткені ана өлімін жасыру – үлкен қылмыс.  

- Сонда марқұм Әлиеваның  өлімін жасыруға не себеп? Әлде көрсеткіш тым нашарлап кетті ме?

- Ана өлімі облыс бойынша өскен жоқ. Былтырғы көрсеткішпен бірқалыпты деңгейде. Өткен жылдың 9 айында да, биылғы 9 айда да 17 қайғылы оқиға тіркелген.

   Алайда, Үкбаеваның уәждерін облыс әкімінің орынбасары Уәлихан Қайназаров толықтай теріске шығарды. Оның айтуынша, ана өлімі былтырғыға қарағанда көбейген.   

- Бұл мәселе штабтың отырысында әбден талқыланды, - деді бізге Уәлихан Қайназаров. - Бас дәрігер Өтеулиевадан,  бұған дейін аудандық медициналық бірлестікті басқарған Егембердиевтен,  денсаулық сақтау басқармасындағы бас акушер-гинеколог Үкібаевадан, тіпті басқарманың бұрынғы бастығы Маймақовтан да жазбаша түрде түсініктеме алынды.  Барлығы да Үкбаеваны көрсетіп отыр. Ана өлімінің орын алғанын білген Үкбаева енді осыны мойындамай отыр. Оның кінәсі сол, мемлекеттік қызметкер ретінде ондай фактіні білген бойда жалғандыққа жол бермеудің орнына керісінше «қалай да болса құртыңдар. Ташкентке жөнелтесің бе, басқа жаққа жібересің бе, амалын табыңдар» деп тапсырма берген. Ал шын мәнінде,  жасанды демалдыру аппаратында жатқандықтан ол әйелді басқа ауруханаға Ташкентке алып кетудің өзі мүмкін болмаған. Ана өлімі бірқалыпты деңгейде дегені жалған. Былтыр алғашқы тоғыз айда 16 ана өлімі тіркелсе, биылғы көрсеткіш 17-ге жетті. Үкбаеваның құр сөзден басқа уәжі жоқ. Сондықтан оның жұмыстан кетуін талап еттім. Менің пікірімше, мұндай адам мемлекеттік қызметте істемеуі керек. 

   Қос орынбасардың басы піспей жатқаны қайбір жақсылықтың нышаны дейсіз? Біреуі ары тартып, біреуі бері тартқанда іс насырға шаппай қайтеді? Облыстың денсаулық сақтау саласында жыл сайын қайталанып жатқан  оқиғалардан сабақ алып, нақты шаралар қабылдаудың орнына осылайша айтысып-тартысқаннан медицинаның оңалмайтыны сөзсіз. Ана мен бала өліміне басымен жауап беру жауапкершілігі тікелей жүктелген орынбасар бола тұра Үкбаева менің кінәм жоқ деп ақталса, оның ана өлімін жасыруға ұмтылғаны жайлы бір емес бірнеше адам түсініктеме берген. Ендеше кімге сенуді елеп-екшеп көріңіз. 

    Жұмағали  Исмайлов қартаймай ма?

Жергілікті шенеуніктерден күдер үзгендер әділет іздеп тіпті денсаулық сақтау  министрі Жақсылық Досқалиевтің интернеттегі блогына да арыздана бастапты. Жуырда ғана Түркістан қалалық емханасының дәрігерлер ұжымы министрге хат жазып, онда облыстық басқармада болып жатқан бассыздықты баяндай келе араша түсуін өтінген. Арыз жазғандар басқармадағы кейбір қызметкерлерден, әсіресе  кадрлар бөлімінің бастығы Сәуле Баратовадан теперіш көріп отырғандарын ашына жеткізіпті. Ашынған дәрігерлерге министрдің берген жауабы әрі қысқа, әрі нұсқа болды. «Сіздердің хатыңызды облыстық әкімдікке тапсырдық. Бұл мәселемен солар айналысады. Қандай-да жаңалық шығып жатса сіздерге хабарлайтын боламыз». Әй қайдам, министр мырза тап осы мәселеге байланысты шара қабылдамақ түгілі қайтып хабарласатынына күмәніміз бар.  

Дәрігерлердің бір тобы араша түсуін сұрап осылайша  министрге хат жазып жатса, ақ халаттылардың енді бір тобы әділдік іздеп біздің редакциямызға келді. Бұл жолы да дау  Мақтаарал өңірінен шығып тұр.  Дәлірегі, аудандық №1 Асықата емханасының ұжымынан хат түсті. 38  адам қол қойған  бұл хатта емхананың бас дәрігері Нұрпиза Әбілмажинаның қызметінен негізсіз босатылғаны айтылған. «Негізсіз» деуге бірнеше себеп итермелеп отыр.  Біріншіден, хатта көрсетілгендей «облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмайылов Еңбек кодексінің бірқатар бабтарын бұзған.  Атап айтқанда, Әбілмажина кезекті еңбек демалысында жүрген уақытында Ж.Исмайыловтың бұйрығымен емхананың бас дәрігері міндетін атқарушы болып Б.Өтеулиева тағайындалды». 

Екіншіден, келер жылдың ақпан айында Нұрпиза Әбілмажина құрметті демалысқа шығады. «Нұрпиза Әбілмажина – ауданымыздағы жалғыз жоғары санаттағы дәрігер ұйымдастырушы, КСРО Денсаулық сақтау үздігі, Мақтаарал ауданының «Құрметті азаматы». Асықата емханасында сонау 1981 жылдан бері қызмет етіп келеді. Емхананың көркеюіне, аудандағы халық денсаулығын жақсарту саласында еңбектері ұшан теңіз. Осынша жылдар бойына атқарған еңбегін неге бағаламаймыз? Неге зейнеткерлікке дейін өз жұмысында қалдырып, аса құрметпен зейнеткерлік демалысына  шығармаймыз?» делінген хатта.   

Осыған байланысты Нұрпиза Әбілмажинаның өзімен де жолығып, мән-жайды сұрастырдық. 

- Мен  қыркүйек айының 20-ында еңбек демалысына шықтым, - дейді Нұрпиза Әбілмажина. - Онда да тек демалыста жүруіме тек 1 қазанға дейін рұқсат берді. Сол кезде  емхананың қайта құрудан өтіп жатқанын естідім. Бұған дейін мемлекеттік мекеме болған емхана енді мемлекеттік қазыналық кәсіпорын болып қайта тіркелмек екен. Қалай дегенмен,  уақытша міндетімді атқарушы ретінде бір дәрігерді бекітіп кеткенмін. Қыркүйектің 31-не жұмысқа шықсам, емхана ұжымы дүрлігіп отыр. «Сіздің орныңызға аудандық аурухананың бас дәрігері Б.Өтеулиеваны жіберіпті» деді қызметкерлер.  Бұйрықпен танысқан соң денсаулық сақтау басқармасына бардым. Еңбек демалысында жүрген кезімде орныма басқа адамды тағайындау қаншалықты заңды, соны анықтамақ бодлым. Басқарма бастығы Жұмағали Исмайылов: «бұл уақытша жағдай, он күнде құжат дайындалады. Одан соң сізді орныңызға қоямыз деді. Сосын конкурсқа қатысасыздар, - деп тәуір әңгіме айтып келе жатып, кенет қатқыл сөздерге көшті. « Сіз бас дәрігер болмасаңыз болмайды ма?», - деп зекіді. Мен «Жұмағали Қыдырбайұлы, бас дәрігерлік қызмет маңдайыма  жазылып қойған жоқ. Дегенмен, көп жыл бойы осы мекемеде жұмыс істегендіктен зейнеткерлігіме 3-4 ай ғана уақыт қалғанда  демалысқа абыроймен шықсам деген ниетім бар», - деп жауап бердім. Исмайылов бұл сөзімді онша елеместен «бара беріңіз, медстатист боласыз. Жұмыс беруші болғандықтан, қандай шешім қабылдасам да өз еркім», деп шығарып салды. Ол ұсыныстан бас тарттым.  Себебі, төмен жалақы зейнетақыма тікелей әсер етеді. 

12 қазан күні емхананың бас дәрігері міндетін атқарушы қызметіне Аязбек Егембердиев тағайындалды. Егембердиев күні кешеге дейін Мақтаарал аудандық медициналық бірлестігінің бастығы қызметін атқарып келген. Денсаулық сақтау саласындағы өзгерістерге байланысты, жер-жердегі медициналық бірлестіктер таратылып жатыр. Жұмыссыз қалған бастықтар жайлы орын іздеуге белсене кірісіп кеткелі қашан. Осыдан келіп аудандық денсаулық сақтау ұйымдарында қайта-қайта шу шығып отыр.  

- Менің қызметтік құжаттарымды облыстық денсаулық сақтау басқармасының кадрлар бөлімінің бастығы Сәуле Баратова көпке дейін қабылдамай жүрді, - дейді Нұрпиза Әбілмажина. – Осыдан соң арыз жазып, прокуратура мен «Нұр Отан» партиясына өткіздім. Осының әсері болды ма, әйтеуір, бірнеше күннен кейін құжаттарды қабылдады. Ал қазанның 19-ы күні мені Егембердиевтің орнына конкурс өткізілгенге дейін Асықата емханасының бас дәрігері міндетін атқарушы қызметіне тағайындау туралы бұйрықты алдым. Алайда, бұйрықтың өзінде  қазанның 13-і деген мерзім көрсетілген. Сонда аттай 6 күн өткен мерзіммен бұйрық алу заңды деу қисынға келе ме? Келешекте конкурстан өту, өтпеуім де екіталай. Менің орныма басқа адамның баратыны алдын-ала шешіліп қойған ба деп қауіптенем. 

Жұмағали Исмайылов басқарып отырған облыстық денсаулық сақтау саласының бүгінгі халі осы. Жас бастық аманшылық болса, қартаймай ма? Егер ол осыны ойласа енді екі-үш айдан кейін зейнеткерлікке шығатын адамды, онда да денсаулық саласына әбден еңбегі сіңген дәрігерді әуре-сарсаңға салуы заңды қайдам арға сия ма? Түркістаннан даудың түңлігі түріліп жатқаны анау. Денсаулық саласына қатысты өзге де даулардың шеті шығып тұр.


Жандар Көшенов

"Рейтинг" газеті №38, 23 қазан 2009 жыл










Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: