Қазақстан дағдарысқа төтеп бере білді

b02381101790.jpg

Базбір экономистердің «әлемдік қаржы дағдарысы 2010 жылы аяқталады» деген болжамдарының жүзеге асуы екіталай екені әзірден-ақ белгілі болып тұр. Экономикалық қиындықтармен күресте қатардағы елдер түгілі алпайыт мемлекеттердің өзі де дәрменсіздік  танытуда. Сондықтан, дағдарысқа қарсы шаралардың маңыздылығы алдағы уақытта да арта түспек. Осы орайда 2009 жыл еліміздің экномикасы үшін қалай өтті деген заңды сауалдың туындайтыны хақ. Бұл тұрғыда да сан түрлі пікірлер мен болжамдар естіліп жатты. Кімге сенерін білмеген халық әліптің артын бағуда.

Әйткенмен, болжамнан гөрі нақтылы фактілердің мысы қашан да басым тұратыны да анық.  Сондықтан, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының жағдайы қандай? Кейбір сарапшылар айтқандай, жалпы ішкі өнім көрсеткішінің төмендеуі орын алды ма? Осы тектес сауалдардың жауабын қолда бар деректерге жүгіне отырып іздеп көрелік. 

 Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Бақыт Сұлтановтың сөзіне сенсек,  биылғы жылдың маусым айында Қазақстандағы экономикалық өсiм былтырғы жылдың маусымындағы көрсеткiшпен салыстырғанда 1,4 пайызға артқан. Ең бастысы, басқа мемлекеттермен салыстырғанда дағдарыстың басынан берi техникалық құлдырау сатысына iлiкпеген Қазақстанда тұрақтылық нышаны анық көрiнiс беруде. Дүниежүзінде  қаржылық  дағдарыстан айығу белгiлерi бiртiндеп байқала бастағанымен, көшбасшы  мемлекеттер — АҚШ, Жапония мен ЕуроОдақтың елдерi әлi күнге дейiн құлдыраудан естерiн жия алмай жатыр. Кейбір дамыған елдер  экономикалық өсімге қол жеткізу  түгілі алдыңғы жылдардың көрсеткіштерін сақтап қала алмай отыр.Әрине, айналып келгенде бұл құбылыс Қазақстан  экономикасына да жағымсыз жағынан әсер береді.

Дегенмен, бірқатар салалардағы нақты көрсеткiштер ге сүйене отырып мынаны айтуға болады: Қазақстан  ғаламдық дағдарыстан өзге елдерден  бұрын шыға бастады. Дәлел қажет пе? Айтайық. ағымдағы жылдың екiншi тоқсанында еліміздегі iшкi  жалпы өнiм бiрiншi тоқсанмен салыстырғанда 3 пайызға өскен. Есесіне азуын айға білеген  Франция мен Германия сияқты алпауыт елдер экономикалық қиыншылықтармен күресте дәрменсіздік танытып отыр.  Мәселен, халықаралық Insee статистикалық бюросының мәліметі бойынша 2009 жылдың екiншi тоқсанында бiрiншi тоқсанға қарағанда Францияның ІЖӨ-i алдын-ала таратылған мәлiметтер бойынша, бар-жоғы 0,3 пайызға өскен.  Германияның да жағдайы мәз емес. Мұнда да IЖӨ-iң өсімі 0,3 пайыздан аспаған. Дегенмен, немістер мен француздар бұған да шүкіршілік етіп отыр. Себебі, дағдарыс басталғалы бері бұл елдердің басталғаннан берi алғаш рет экономиканың  өсімі тiркелді. 

ТМД елдеріне келсек, көптеген мемлекеттерде IЖӨ-нің қатты құлдырауы байқалуда.  Айталық, 2009 жылдың бiрiншi жартыжылдығында Украинаның экономикасы  21,6,  Ресей - 13, 4 пайызға төмендеген.  


Ел Үкіметі мен өзге де мемлекеттiк органдардың үйлесiмдi iс-қимылдарының нәтижесiнде  Қазақстан экономикасына қатысты айтылған жағымсыз болжамдардың расталмағаны да күмәнсіз.  Бұл жайлы Премьер-министр Кәрім Мәсімов: «наурыз-сәуiр айларында бiздiң экономикамызда iс жүзiнде жағымды өзгерiстер болды. Бiрiншi тоқсанмен салыстырғанда екiншi тоқсанда нақты өсiмдi байқадық», — деп атап өттi. Оның айтуынша, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылған  экономиканы ынталандыру бағытындағы iс-шаралар үздiк нәтижелерiн бере бастады. Оның нақты нәтижелері қандай? Осыған кеңірек тоқталып  өтелік. 

Дағдарыстың аты дағдарыс. Қанша қамданғанмен, белгілі-бір салаларда даму көрсеткіштерінің төмендеуі міндетті түрде болады. Дегенмен, биылғы қаңтар-маусым айлары аралығында өткен жылдың осыған сәйкес кезеңiмен салыстырғанда нақты өсiм байқалады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығында — 2,7 пайыз, тау-кен өндiрiсi өнеркәсiбiнде — 1,8 пайыз, газ конденсатын қоса алғандағы мұнай өндiруде — 3,6 пайыз, табиғи газ өндiрiсiнде — 4,5 пайыз, байланыс қызметiнде — 3,6 пайыз өсім тіркелді. Өнеркәсiп саласында да ілгерілеушілік бар. Алғашқы жартыжылдықта өндірілген өнімнің құны 3, 6 триллион теңгеден асты. Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешевтің сөзіне жүгінсек, 2009 жылдың маусым айында өнеркәсiптiк өнiмнiң көлемi алдыңғы айымен салыстырғанда 7,2 пайызға өстi. Бұл көрсеткiш өткен жылдың маусым айымен салыстырғанда 7 пайызға артық”. 

Өңдеу өнеркәсібінде де барынша өсiм байқалды. Нақты дерекке жүгінсек, тоқыма және жүн өнеркәсiбiнде өсім  107,9 пайызға жетті. Ал резеңке және пластмассалық бұйымдар өнеркәсiбiнде өндірілген тауарлардың көлемі бірден 123,1 пайызға артты. Металлургиялық өнеркәсiп пен дайын метал бұйымдары өндiрiсiнде — 119,5 пайызды құраған. Бұл ел  Үкiметiнiң дағдарыспен күрестегi бағдарламасының ойдағыдай асып жатқанының көрінісі. 

Қорыта айтқанда,  еліміздің 2009 жылды экономикалық өсiммен аяқтауына толық мүмкіндігі бар. Оның бір көрінісі — жыл ортасына таман елiмiздiң барлық аймақтарында 60-қа жуық жаңа индустриалдық нысандар ашылды.  4900 адам жұмыс тапты. 

Құрылыс саласындағы оң істерді де атап өткен жөн. Елабсының тапсырмасына сәйкес, үлескерлердiң мәселесi шешілуде.  2007 жылдың қыркүйегінде  елiмiзде 63 мың үлескердi бiрiктiрген 444 салынып бiтпеген тұрғын үйлер болған. Екі жылда солардың 187 нысаны салынып бiттi. Яғни, 25 мыңнан астам адам көптен күткен тоныс қойын тойлады. Бұл бағыттағы жұмыс қазір де үлкен қарқынмен жүріп жатыр. Бүгінгі таңда  40 мыңнан астам үлескердi бiрiктiретiн 224 нысанның құрылысы жүргiзiлуде. Ал 2010-2011 жылдары қалған 17 мыңнан астам үлескерлер өз пәтерлерiне қол жеткiзедi деп күтілуде. 

Мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісі Елбасының айрықша назарындағы мәселе екені белгілі. Сондықтан, экономиканың ең маңызды салаларының бірі  - ауыл шаруашылығы екені күмәнсіз. Бұл салада да табыстар мол. Алғашқы жартыжылдықта  329,1 миллиард теңгенiң өнімі өндірілді. Қазiргi кезде отандық өндiрiс халықтың азық-түлiкке  қатысты сұранысын толық қанағаттандыруда. Яғни, елiмiздiң азық-түлiк қауiпсiздiгi толықтай қамтамасыз етiлген. 

Дағдарыспен күресу жолында жүзеге асырылған шаралардың тиімділігін халықаралық сарапшылар мойындап отыр. Осы бағытта еліміз өзгелерге үлгi көрсете алатын деңгейге жетті. 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: