Сингапурға қызықпайтын, қызғанбайтын адамдар жоқ шығар, сірә. Экономикасы барынша дамыған шағын ғана мемлекет әлемдегі электроникалық бұйымдарды шығаратын негізгі орталықтардың біріне айналды. Халқының өмір сүру деңгейі өте жоғары.
Бұл елдегі заңдардың қаталдығы сондай, қазақстандықтардың өңі түгілі түсіне кірмейтін «шошытарлық» жайттар жиі кездеседі. Ең басты талап – тәртіпті сақтау, заңға бағыну. Бірер мысал келтірейік.
Айталық, көшеде түкіргенің үшін айыппұл – 500 доллар, бір жапырақ қағаз болса да қоқыс тастағаның үшін айыппұл – 500 доллар. Гүлді суарғанда ққұмыраның астындағы ыдыста артықұ су қалып қойса айыппұл – 500 доллар. Қоғамдық жерде темекі шеккенің үшін айыппұл – 500 доллар.
Ұрлық, зорлау, пара беру өлім жазасымен жазаланады. Одан жеңіл қылмыстар үшін қамшымен сабалауы мүмкін. Бұл заңдар шетелдік туристер үшін де ортақ. Мемлекет отбасылық өмірге де араласады. Демографиямен қатар сауатсыздық мәселесі қоса шешіледі. Мәселен, жоғары білімі бар әйелге үйленген еркекке сыйақы беріледі. Ал керісінше, қолында дипломы жоқ әйел екінші бала туса, айыппұл төлейді.
Қысқасы, шектеулер мен талаптардан аяқ алып жүре алмайсыз. Осы тектес заңдарды бірте-бірте бізде де қабылдап жатыр. Мәселен, биылдан бастап қоғамдық орындарда темекі тартуға, сыра ішуге тыйым салынған. Алайда, заң орындалуымен құнды. Қабылданған заңдар мен тәртіптер жүзеге аспай жатса оның не қажеті бар, беретін пайдасы қандай? Қызығарлығы сол, Сингапурда ең қатал заңдар мүлтіксіз орындалады. Депутатқа да, министрге де, еден жуушыға да заңның талабы бірдей. Мұндай деңгейге Сингапур қалай жетті?
Елу жылда – ел жаңа
Қазіргі таңдағы Сингапур - әлемдегі ең дамыған мемлекеттердің бірі. Жан басына шаққандағы табысы Ұлыбритания мен АҚШ-тан да жоғары. Ал, осыдан жарты ғасыр бұрын енді ғана тәуелсіздік алған Сингапурдың жағдайы өте мүшкіл болатын. 1959 жылы әлемде дәл Сингапур секілді әлсіз де артта қалған мемелкет жоқтың қасы еді. Басқасын айтпағанда, сингапурлықтар ішетін суы мен құрылысқа қажетті құмды да импорт арқылы, яғни басқа елдерден сатып алатын. Көршілес мемлекеттер арасында тілеулестен гөрі теріс пиғылдағылар басым болатын. Жан басына шаққандағы табысы жылына 400 доллардан аспаған бұл мемлекеттің басына 36 жасар адвокат Ли Куан Ю келгендегі «біз өзгелерді тек қуып жетпейміз, басып озамыз», деп айтқан сөзіне ешкім мән бермеуі де содан.
Үлкен Совет энциклопедиясында Ли Куан Ю жайлы үш-төрт сөйлемнен тұратын шағын ғана мәлімет берілген. «16.09.1923 жылы туылған. Мамандығы заңгер. Еңбек жолын 1951 жылы адвокат болып бастады. 1951-59 жылдары кәсіподақ қозғалысының мүшесі. 1954 жылы Халықтық партияның хатшысы болып сайланды. 1959 жылы бүкілхалықтық сайлау қорытындысы бойынша Сингапурдың премьер-министрі болып сайланды».
Ли Куан Ю жайында берілген мәлімет осыменен тәмам. Совет тарихшыларының мұнысы бекер. Көлемі бар-жоғы 700 шаршы шақырым (Шымкент қаласының аумағынан екі есе артық) артта қалған елді әлемдегі ең мықты экономикалық державаға айналдырып, коррупцияны жеңген қайраткер туралы көп әңгіме айтуға әрі одан үлгі алуға болады.
Ли Куан Ю билік басына келген соң алғашқы қадамын неден бастады? Өнеркәсіптен бе? Жоқ. Инвестиция тартудан ба? Олай емес. Бәлкім, ауыл шаруашылығы саласын жақсартудан немесе әскери саланы күшейтуден шығар? Тағы да таппадыңыз. Ли Куан Юдың бірінші кезекте қолға алған ісі - коррупциямен күрес.
Сыбайлас жемқорлық турасында Лидің былай деп айтқаны бар: «Коррупция – азиялық өмір сүру салтының ажырамас бөлігі. Өзіне ұсынылған параны адамдар ашық түрде алады, бұл олардың өмір сүру дәстүріне айналған. Бұл психологияны жою керек».
Сингапурде сыбайлас жемқорлықпен күрес біздегідей ұрандатып, түрлі науқан ұйымдастыру арқылы жүрмейді. Тіпті сырт көзге байқалмайды да. Сингапурлықтар коррупцияны жоюдың басқа тәсілін қолданды.
Коррупциямен күрес әкімшілік шешімдерді қабылдау ісін мейлінше жеңілдету мен екі ұшты заңдарды жоюдан басталды. Жаңадан шыққан заңдар мен қаулылар өте түсінікті әрі қарапайым болды. Бұл жайында Ли Куан Ю «Сингапур тарихы: үшінші әлемнен бірінші әлемге» атты мемуарларында былай жазады:
«Билікті жеке басының қамын ойлап, қалтасын толтыруға келгенде адамның қиялы мен тапқырлығында шек жоқ. Кез-келген заң мен талаптың өңін айналдырып, жеке мақсатында пайдалану қабілеті өте жоғары.
Коррупциямен күресте біз басты назарымызды биліктің жоғарғы эшелонында жүрген ірі шенеуніктерге аудардық. Себебі, ұсақ парақорлармен күресу қиын емес. Ол үшін бюрократиялық процедураларды мейлінше қысқартып, қоғам өмірінің маңызды салаларында лицензия беру, рұқсат беру секілді талаптарды жою жеткілікті.
1960 жылы ескіріп кеткен «Коррупциямен күрес туралы» заңға айтарлықтай өзгерістер енгіздік. Бірінші кезекте «пара» деген ұғымның анықтамасын анағұрлым кеңейттік. Бұдан былай қандай-да ақшалай құны бар кез-келген ұсыныс пара ретінде белгіленді. Заңға енгізілген өзгерістер тергеушілерге күдіктілердің, сондай-ақ олардың әйелдері мен бала-шағасының, агенттерінің банктегі есеп-шоттарын тексеруге және тыйым салуға толық құқық берді. Салық инспекторлары айыпталушыға қатысты сұралған кез-келген мәліметті беруге міндеттелді.
Кейбір салаларда коррупция ұйымдасқан қылмыс түрінде көріне бастады. 1971 жылы 250 полиция патрулінен құралған синдикат жойылды. Олар ай сайын жүк көліктерінен салық алып тұрған. Ақша төлеген көліктерге арнайы қойылған белгі арқылы танитын. Ал пара беруден бас тартқандарға мыңдаған айыппұл төлеу қаупі туындайтын.
Заңда жасалған ең маңызды өзгеріс – табысы мен өмір сүру деңгейі бірімен-бірі сәйкес келмейтін немесе бірнеше жылжымайтын мүлікке ие адамдарды сыбайлас жемқорлыққа қатысы барының дәлелі ретінде қарала бастады».
Шенеуніктер арасында жаппай тазалау жүргізіліп, қармаққа елдегі ең жоғңары лауазымды тұлғалары да ілікті. Олардың ішінде тіпті Ли Куан Юдың ағайын-туыстары мен сенімді үзегілестері де жазаға тартылды.
Мәселен, 1996 жылы Үкіметтің мүшесі Так Киа Гана «Боинг» ұшақтарын «Малайзия эйрлайнз» компаниясына сатуға әрекет жасады. Бұл іске ұлы мен күйеу баласын араластырып, орта жолда оңай олжаға кенелгісі келген шенеунік ақыры үкіметтен қуылып, барлық дүние-мүлкінен айырылды.
1975 жылы қоршаған ортаны қорғау министрлігі Ви Бун Тун ірі құрылыс компаниясына жер телімін алуға көмектескені үшін 300 мың доллар мен Индонезияның курортында демалуға тегін билет алды. Тергеу жұмыстары барысында оның қылмысы дәлелденіп, министр 4,5 жылға сотталды. Жер мәселесіне қатысты тағы бір ірі шенеунік заңсыз әрекетке барды. Сингапурдың ұлттық даму министрі Те Чинг Вангтың 1 миллион доллар көлемінде пара алғаны белгілі болды. Соңғы мезетке дейін қылмысын мойындамай келген Ванг сот өтетін күні өзіне-өзі қол жұмсады.
Әлемде жалақы төлеудің екі түрі бар. Соның бірі – төмен жалақы төлеп, есесіне түрлі жеңілдіктер мен сыйақылар беру. Сингапурлықтар бұл жолдан үзілді-кесілді бас тартты. Оның орнына шенеуніктерге өте жоғары жалақы тағайындалды. Қызметкер қажетті заттарын өз қалтасынан төлеп, сатып алатын болды. Әсіресе, судьяларды жалақысы күрт өсті. Қазір сингапурлық судьяның жылдық табысы миллион долларға жетеді. Мемлекеттік жауапты қызмет атқаратын шенеуніктің ресми жалақысы ірі корпорациялардағы топ-менеджерлердің табысымен бір деңгейге жетті. Есесіне шенеуніктерге берілетін түрлі жеңілдіктер мен артықшылықтар түбімен жойылды. Яғни, біздегідей депутаттар мен министрлерге арналған тегін үй, тегін көлік, тегін тамақ, тегін билет секілді жеңілдіктер атымен жоқ. Сингапурлықтардың пікірінше, мұндай жеңілдіктер адамды азғырады, масылдыққа үйретеді.
Осы елдің коррупцияны тергеу жөніндегі басқармасының директоры Со Ки Хин былай дейді:
- Коррупцияның алдын-алу – тек біздің басқарманың, немесе арнайы органның ғана жұмысы емес, барлық тұрғындарға қойылатын талап. Министр қызметіне тағайындалған немесе парламентке депутат болып сайланған адам осы қызметті атқаратын мерзім ішінде құзырлы органдардың арнайы бақылауында болатынын, қателік жіберсе саяси ғана емес, қаржылық жағдайынан да біржола айырылатынын жақсы түсінеді. Сингапурде телефон құқығы деген атымен жоқ. Айталық, маған премьер-министр қоңырау шалып, «пәленді тексер, түгенді терге» деп тапсырма бере бастаса, тыңдамаймын. Трубканы қоя саламын.
Коррупцияға қарсы заңның қаталдығы әсіресе 1995 жылы дәлелденді. Осы жылы қызметін өзге адамға тапсырған премьер-министр Ли Куан Юдың әйеліне қарсы қылмыстық іс қозғалды. Сингапурдың негізін қалаған қайраткердің жұбайы мен ұлының жылжымайтын мүлікті сатып аларда 10 пайыз жеңілдікке ие болғаны құзырлы органдардың күдігін тудырды. Тергеу амалдары жүргізілген соң жеңілдіктің берілуі заңға қайшы еместігі анықталды. Соған қарамастан Ли мен оның әйелі жеңілдіктен үнемделген қаржыны мемлекетке қайтарып берді. Екінші жағынан алғанда бұл іс бұрынғы мен қазіргі премьер-министрлердің арасына сызат түсірген жоқ. Бұл жағдайда елдің «антикоррупциялық жүйесі өзінен-өзі іске қосылғаны» анық болды. Заңға бағыну деген осы.