ОҚО-да жетпіс жыл әкім көрмеген ауылдар бар

Screenshot_10.jpg

Облыс әкімі ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен жақын танысып, «Жол картасы» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды көру мақсатында аудандарға жұмыс сапарымен жиі шыға бастады. Бұл сапарлар барысында барлық ауыл қамтылып, ондағы шешімін күткен өзекті мәселелер, тұрғындарды мазалап жүрген әлеуметтік қиындықтар анықталмақ. Сөйтіп, ол бойынша  нақты іс-шаралар жоспарланбақ, барлық ауылдардың әлеуметтік төлқұжаты жасалмақ. Осындай мақсатта облыс басшысы Шардара, Мақтаарал, Отырар аудандарында болып қайтты.

         Облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған жеті бағытқа бөлінген жұмыс тобының мүшелері Мақтаарал ауданындағы 24 ауыл округін (182 елді мекен) түгел дерлік аралады. Жер – жерлерде тұрғындармен кездесулер өткізіліп, ауылдың проблемелары ортаға салынды.   Жұмыс топтарын Асқар Исабекұлы, оның бірінші орынбасары Берік Оспанов, орынбасарлары Әли Бектаев, Ерлан Айтаханов және Уәлихан Қайназаров, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Жеңісбек Мәуленқұлов, облыстық құрылыс басқармасының бастығы Нұрлан Байғұт бастап жүрді. Бағыттарға бөлінген топтар алдын-ала дайындалған кесте бойынша, негізінен шешімін күткен, әлеуметтік жағынан назар аударуды қажет ететін нысандарды аралады.

   Асқар Исабекұлы бастаған бірінші топ аудандағы 14 нысанда болды. Әлеуметтік нысандар бойынша  жүріп жатқан жұмыстармен танысқан облыс әкімі тұрғындармен кездесуде сапардың мақсат- мүддесі жайлы әңгімеледі. Қазіргі уақытта халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мен ауылдарда өндіріс, өнеркәсіп орындарын көбейту басты мақсаттардың бірі болып табылады. Облыс әкімінің айтуынша, бүгінде барлық аудандар үшін алдағы жылдарда әлеуметтік бағытта атқарылатын жұмыстардың көлемі нақтыланған. Оның бәріне есеп жүргізілген және мерзімдері де белгіленген. Яғни алдағы жұмыстардың құжаттамалық жұмыстары мен оларды  мемлекеттік бағдарламаларға және жергілікті іс жоспарларына енгізу амалдары жасалуда.

    Мақтааралдықтарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету аса өзекті мәселеге айналып отыр. Жер асты таза су қорларын анықтау жұмысын атқарған геологиялық барлау мәліметтері тым ескі болғандықтан қазіргі уақытта 150-170  метр тереңдікті бойлай қазып шығарған су тұзды болып шығуда. Барлау жұмыстарын қайта жасатып, суды жаңа мәлімет бойынша іздеу қажет. Одан бөлек, таза ауыз суды елді мекендерге құбыр арқылы жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Аудан орталығында балаларды үш ауысыммен оқытатын ескі мектептер бар. Мысалы, Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепте оқушылар үш ауысыммен оқиды. Сондай-ақ, мектептегі жиһаздар  ескі. «Тұран» мектеп-гимназиясындағы жағдай да мәз емес. Үш жүз мыңдай халқы бар, ірі ауданда осы күнге дейін «Дарын» мектебі  жоқ. Білім саласындағы осындай өзекті мәселелермен танысқан Асқар Исабекұлы тұрғындарға бұл жағдайлар әкімдік назарында екенін айтты. Аудан орталығында салынып жатқан 1200 орындық жаңа мектеп қараша айында пайдалануға берілмек. Ауданда биыл тапсырылатын өзге де жаңа оқу ғимараттары бар.

   Бұл ауданда мал дәрігері және техникалық мамандықтар тапшы. Облыс басшысы осы мәселе бойынша мониторинг жүргізу және жас мамандардың жұмысқа орналасуын қадағалау қажеттігін айтты. Жетісай қаласының Жаңа ауыл елді мекенінде сақалды құрылысқа айналған жаңа мектеп құрылысы бар. Бұрынғы мердігер --  «СК Қожа Ахмет» деген ЖШС құрылыс материалдары қымбаттады деген сылтаумен ғимаратты аяқтамай кеткен екен. Араға уақыт салып, оны аяқтауды «АСКО» ЖШС-і  қолға алып отыр. Бұл жұмысқа қосымша қаржы қаралыпты. 1176 орындық жаңа мектепті келесі жылы аяқтау жоспарланған.

Облыс әкімінің келгеніне ерекше қуанған ауыл да жоқ емес. Мысалы, 1938 жылы құрылған   Таубай ата ауылына облыс басшысы атаулы аяқ баспаған екен. Енді міне тұрғындар теледидардан жиі көретін Асқар Мырзахметовті «тірідей» көріп, ауылға ат басын бұрғаны үшін айрықша алғыстарын білдірді. Осы ауылда 225 метр тереңдіктен таза су тартатын қондырғы орнатылуда екен.

      Ауыл тұрғындарының жағдайымен жақын танысқан жұмыс тобы олардың барлығы таразыға салынатынын айтты. Атқарылуы мүмкін болған жобалардың бәрі келесі және одан кейінгі жылдары іске асырылатын болады. Халықпен дидарласу барысында облыс әкімі көпшілік талқысына тың ұсыныс тастады. Мақтаарал ауданында халық тығыз орналасқаны мәлім. Демографиялық көрсеткіші жоғары. Тұрғын үй салуға , бау-бақша өсіруге жер жетпейді. Жұмыс көлемі де халық санына шаққанда тым аз. Ендеше, Мақтаарал ауданынан жері кең, халқы аз, жұмыс орны мол аудандарға қоныс аудару мәселесін ойлану да қажет секілді. Бұл орайда, облыс басшысы «Көксарай» су реттегіші маңында, Созақ, Бәйдібек, тағы басқа аудандарда жер-су, жұмыс жеткілікті екенін айтты. Қоныс аударамын дегендерге әлеуметтік жағдайды толық жасауға мүмкіндік те бар. Бұдан бір жағынан еңбек ресурстары біршама реттеліп, жұмыссыздар азаяды. Десек  те, бұл әзірге идея ретінде, көпшілікке ой салу ниетінде айтылған мәселе. Негізінде ішкі көші-қон мәселесінде ең біріншіден тұрғындардың өз қалауы болуы керек. Жұмыс сапарының қорытындысы ретінде облыс әкімі мен аудан әкімі атқарылатын жұмыстардың тізімі бойынша дайындалған құжатқа қол қойды.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: