Облыс әкiмi Асқар Мырзахметов пен оның орынбасарлары басқарма басшыларынан құралған бес топтың кезекті жұмыс сапары Отырар ауданында жалғасты.
Іссапар Түркiстан арқылы Балтакөл ауылына өтетiн қалқымалы көпiрден басталды. Бұл көпiр дарияның арғы бетiнде қоныстанған 12 мыңға жуық халықтың 1965 жылдан басты проблемаларына айналып келеді екен. 49 миллион теңге қаржы жұмсалып, пайдалануға берiлген көпiр ерте көктемдегi су тасқыны мен қысты күнгi мұз құрсауына төтеп беретiн жағдайда емес. Көктемде көтерiлген су деңгейi көпiрдiң бiр шетiн тағы жұлып кеткен. Жергiлiктi халық темiр-бетон көпiр салынғанын қалайды. Оны Асқар Исабекұлы қолдап, бұл өтiнiштiң 2010 жылғы республикалық бюджетке ұсынылатынын мәлiмдедi. Алайда, 2008 жылы жобалық-сметалық құны жасалып, сараптамадан өткен нысанның бағасын жобалаушылар 906 миллион теңгеге белгілеп отыр. Облыс басшысы баға мәселесімен келісе қоймайтынын білдірді. «Бұл нысанның жобалық-сметалық құны жасалды дегенмен, мен қағазға сене бермеймiн. Кезiнде осындай жобаларды қайта қарап, 2,4 миллиард теңге үнемдедiк. Аудан әкiмдiгi мен құрылыс басқармасы көпiрдiң нақты бағасын қайта есептесiн. Бiз сiздерге келесi жылы көпiр салып беремiз», -- деді Асқар Мырзахметов.
Балтакөл ауыл округiндегi аурухананың жағдайы мүшкiл. 15 төсек орыны бар аурухана 1964 жылы салынған. Яғни, ғимараттың тозығы жеткен. Ауылда акушер-гинеколог жоқ. Сондай-ақ, тұрғындар ауызсу, балабақша секiлдi мәселелерді де облыс әкіміне жеткізді. Көлқұдық елдi мекенiнің тұрғындары “Сумағар” каналы арқылы 2,5-3 мың гектар жердi суландырып, қажетiне жаратып отыр. Маяқұм ауылының тұрғындары жаңбырлы күндерi оқушылардың мектепке қатынауы тiптi қиындай түсетінін айтуда. Ендi жол жөнделмек. Ауыл iшiндегi 3 шақырым жол келесi жылы “Жол картасы” бағдарламасына ұсынылыпты. Сондай-ақ алдағы жылы 12 шақырымға ауызсу құбыры тартылып, мектеп ғимаратына күрделi жөндеу жүргiзiледі.
Отырар ауданының орталығында шешімін күткен мәселе жетерлiк. Мысалы, екi қабатты 24 үйдiң жылу, ауызсу, санитарлық тазалық және арнайы канализация мәселесiн шешу, балабақша мен орталық ауруханаға жөндеу жұмыстарын жүргiзу секiлдi шешімін таппаған проблемалар бар. Аудан әкiмi Бейбiт Сыздықов аудан активiнде осы мәселелерге жан-жақты тоқталды. Отырардың өзге өңiрлерiнде болған топ жетекшiлерi, облыс әкiмiнiң орынбасарлары өздерi аралаған елдi мекендердiң өзектi мәселелер жөнінде көпшілікке баяндап өтті. Жұмыс сапарын қорытындылаған облыс басшысы ауданның әлеуметтiк төлқұжатына енген көп мәселелердiң шешiмi алдағы жылдың еншiсiнде екенін айтты. Осылайша Отырар ауданында алдағы уақытта атқарылар жұмыстың ауқымы белгiлендi. Енді оны жүзеге асыру мақсатында бірлесе жұмыс істеу қажет.