Ордабасыда топан су тоқтамай тұр

Screenshot_7.png

«...Жұмыс барысында кемшіліктер де кездесіп тұрады. Соның бірі – Найманарықтан тартылған су қашыртқысы. Менің газетке мақала беруіме осы жайт себеп болды. Темірланның Қажымұқан көшесінен өтетін көпірден бастап арнаның ішінен шұңқыр қазып, аршумен қатар топырақты жанына төгіп, тарылтып та тастап еді. Қазынаарықтың үстінен өтетін темірбетон науаның бүйірі үш жерден тесілген. Тесіктің көлемі – шамамен екі шаршы метр. Бұл – ол жерден аққан су Қазынаарыққа сыймай, қоныстарды су алып кету қаупі төнеді деген сөз. «Оқтай атылып», биіктен құлағаннан кейін су қазылған арна арқылы өтуі керек. Өкінішке орай, арнаға 800 миллиметр темір құбыр салып, көпір жасап тастаған. Егер биіктен су құйылып жатқан темірбетон науаның ені 2 метр 70 сантиметр екенін ескерсек, өмір нәрі онымен толып аққанда не боларын бір Алла ғана біледі. Қашыртқының қасында үйлер, сарайлар, қоралар, дуалдар бар. Үйлердің бәрі қам топырақтан тұрғызылғанын еске алсақ, аталған құбырдың салдарынан тұрғындардың су астында қалмасына кім кепіл?.. Бұл мақаланы жазудағы мақсат – тиісті орындарға ескерту жасау, есіне салу. Халық қалаулылары аудан әкімдігіне қозғау салып, арна тазалайтын азаматтарға қысқа мерзімде қаржыдан көмек берлісе, сөйтіп тосын оқиғалардың алдын алу бағытында тиімді іс-шаралар жүзеге асырылса деген ой».

Бұл Темірлан елді-мекенінің байырғы тұрғыны, су шаруашылығында 25 жыл үздіксіз қызмет етіп, зейнеткерлікке шыққан ауыл ақсақалы Аман Сағымбековтың қауіптің алдын алу мақсатында аудандық «Ордабасы оттары» газетінің 2011 жылғы 15 қазанындағы «Шырылдап айтсам шындықты» атты мақаласынан үзінді. Өздеріңіз оқып отырғандай қыс аяғында болатын тасқынды дәл болжаған ақсақалдың айтқанына құлақ салып, уәжін тыңдаған шенеунік болды ма екен? Мұны мақала авторы Аман Сағымбековты арнайы іздеп барып, көзбе-көз отырып сөйлескенде сұрадық.

             «Жауабын үш ай күттім, тым-тырыс»

- Күздің кезінде ауылды аралап, су жүйелерінің жағдайын көріп, жаным қатты қиналды. Тазалауды қажет ететін тұстар көп. Мақаланы жазуға да негізгі себеп осы болды. Мақала газетке шыққаннан кейін аудан әкімінің орынбасары Қайрат Төлебаевқа, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиал басшылығына, мәслихат хатшысы Перналы Жұрманға арнайы ұсыныспен шықтым. Тіпті, кестесін де сызып бердім. Ұсыныстың сессияда қаралатынын айтты. Оған да қатысып, өз ұсынысымды барынша дәлелдедім. Сонда аудан әкімінің орынбасары, төтенше жағдайлар комиссиясының төрағасы Бақыт Құрманбеков маған осы ұсыныстар негізінде көптеген сұрақтар қойды. Кейін бәлкім менің ұсынысымды талқылайтын, комиссия шығарып тексеретін шығар деп ойлап, жауабын үш ай күттім. Ешқандай хабар-ошар болмады. Тым-тырыс. Жаным жай таппағасын қаңтардың 18-і күні Қайрат Төлебаевқа қайта кірдім. Жауабын сұрасам, оны Бақыт Құрманбековтың қарайтынын айтты. Оған да бардым. Кестені тағы көрсеттім. Ол ақпан, наурыз айларында қаржы бөлінеді, сол кезде істейміз деп қысқа қайырды. Осымен бұл мәселе қараусыз қалды. Енді не болды? Облыс басшысы Асқар Мырзахметовке рахмет, көп жұмыстар атқарды, - дейді маңызды ұсынысының аяқасты болғанына ренжіген Аман ақсақал. 

Жер жағдайын, су жүйесін бес саусағындай білетін Аман Сағымбековтың айтуынша, Найманарықтан асқан су қашыртқы арқылы Арысқа барып құйылу керек екен. Ал ол қашыртқы тазаланбағандықтан, арықтар жер болып тегістеліп, құбырлар жартылай бітеліп қалған. Соның салдарынан Найманарықтан асқан су ағатын арнасын таппай, елді-мекендерге жайылып кеткен. Арыс тас жолы бойындағы көпірдің де бір жағындағы құбыры құлап, бір-біріне килігіп қалған. Оған томар, басқа да қоқым-соқым жиналып, құбырды бітеп тастаған.  «Су көп болды, мұны мойындау керек. Бірақ, менің ұсынысымда айтылған арналар дер кезінде тазаланғанда тасқын су мұншалықты көп жерге жайылмас еді. Нақтырақ айтқанда, Найманарықты айту қиын, бірақ төменгі, яғни мектеп жағын аман алып қалуға болар еді» дейді ақсақал.

        Мән берілмеген аңызды ұсыныстар.

Аман Сағымбеков әкімдіктегілердің алдына ұсынған ұсынысында қандай мәселелерді қозғады? Оған да назар салып көрелік:

1.     Екі жағы тесілген темір бетон науамен су толып аққанда Қазынаарыққа сыймай, үстінен, жанынан асып, бүкіл Темірлан елді-мекені су астында қалуы мүмкін. Сондықтан, тесікті дәнекерлеп, бетондап тастау керек.

2.     Қашыртқы арнасына диаметрі 800 миллиметрлік темір құбыр және бірнеше көпірді ауыстыру керек.

3.     Арна ішіндегі барлық сым торларды алу керек.

4.     Арна жағасына егілген ағаштарды тазалау керек.

5.     Құртай арығының астындағы екі құбырдың ішін қолмен тазалау керек

6.     Арыс – Шымкент тас жолының астындағы құлап, біріне-бірі килігіп қалған томарды алып, жөндеу керек.    

7.     Қашыртқының басынан аяғына дейін 2,6 километр қашықтықты астыңғы ені 4,5 метр, қиялығы 1,5 метр етіп тазалау керек.

8.     Қашыртқының бір жағына тас салып, техника жүретін жол істеу керек.

Ұсынысқа дер кезінде мән беріп, ақсақалдың айтқанын іске асыруға аса көп шығын да кете қоймас еді. Тек құлық жетіспегені көрініп тұр. Есесіне, ендігі шығын шаш етектен келіп тұр.

Соңғы жылдары Ордабасы ауданының соры судан болуда. 2008 жылы қыстың соңы селге ұласып, халықты бір әбігерге салғаны елдің есінен шыға қойған жоқ. Елбасыдан сүйінші сұрап, шын мәнінде елді шөлдетіп, жұртты шулатқан ауыз су төңірегіндегі келеңсіздіктің де көрініс бергеніне көп бола қойған жоқ. Өзгенің былай тұрсын, өзінің кемшілігінен сабақ алмаудың соңы үлкен өкінішке ұрындырып отырғанына қалайша қынжылмассың. Әрине, биылғы ерте басталған қыстың қары да қалың түсті. Күн күрт жылынғанда судың мөлшері шамадан тыс көбейіп кеткені де шындық. Алайда, табиғаттың тосын мінезіне не амал бар деп бейқамдық таныту да қауіптің бетін қайтара алмасы белгілі.

Айтылған ұсыныстар төңірегінде аудан басшысы қандай ойда екенін білмек мақсатта Шоқан Кенжеевке де жолықтық.

- Каналдағы көпірдің су өткізу мүмкіндігі секундына 8 текше метр болса, келген судың көлемі секундына 31 текше метрге жеткен. Осының салдарынан каналдың ернеулерін су бұзып, елді-мекендерге құлаған. Аудан бойынша 300 үйдің ауласына, оның ішінде 102 үйдің іргесіне су кірді. 5 үй мен 26-ға жуық қора-қопсы жарамсыз күйге түсті. 5 қой шығын болған. Тұрғындарды уақтылы көшіріп үлгердік. Аулалардағы сулардың барлығы сорылып шығарылды. Ауданда комиссия құрылды, оның төрағасы өзім. Барлық шығындарды анықтайтын боламыз. Ауа райын болжаушылар алда тағы күн жылынатынын айтып отыр. Ал қар қалың. Сол себепті ендігі келер топан судан зардап шекпеуге әрекет жасап жатырмыз. Бас-аяғы 170-ке жуық техника бар. Осылармен каналдардың бұзып кеткен жерлерін бекітіп, лайларды тазалау, канал ернеулерін 1 метрге дейін биіктету жұмыстары жүргізілуде. Қанша су келетіні бір Аллаға ғана аян. «Оңтүстіксушар» мекемесінің басшылары келіп, қыр-беткейлерден ағатын сулардың бағытын қалай қарай бұру жөніндегі мәселені көтерсек деп, ал біз жаңа бір жобаның құрылысын ұсынсақ деп отырмыз, - дейді аудан әкімі Шоқан Жәлелханұлы.

Әкім мырзадан Аман Сағымбековтың жанайқайы мен ұсыныстары жөнінде сұрағанымызда тағы да жай көп ұсыныстардың бірі ретінде қабылдап, немқұрайдылық танытты. Тіпті, шындықты айтып шырылдап жүрген, тасқын судан келер қауіпті мейлінше сейілтуге жанын салып жүрген ақсақалдың ұсыныстарына мән беру былай тұрсын, ол кісіні танымайтын да болып шықты. Ал Аман ақсақалдың құнды ұсынысына құлақ асу керектігі аудан әкімінің халық алдындағы есебінде тұрғындар тарапынан да бірнеше рет ескертілді.    

         Бұл жолғы су алғашқысынан да көп болды

Кешегі жауын бірнеше күннен бері түн ұйқыдан қалған темірландықтарды тағы әбігерге салды. Бұл жолы келген су өткендегіден де қауіптірек. Арық-атызға толған су таң алдында арнаны бұзып, ауылға қарай лап қойды. Бұл жолы  апатқа тап болған  Найман арығының етегінде отырған үйлер. Қауіптің күшті боларын болжаған бірқатар ауыл тұрғындары қаупсіз аймақтағы ағайындарының баспанасын паналауға бел буып, үйлерін тастап шыққан. Арнаға сыймаған мұз аралас топан судың   көптігі сонша оған қарсы ешқандай  қайрат көрсету мүмкін болмады. Ауыл ішіндегі жолдардың үстіне салынған көпірлерді бұзуға тура келді. Топан судың қаупін азайтуға бүкіл ауыл тұрғындары да біркісідей атсалысты.

Әзірге зардап шеккен баспаналардың нақты санын айту қиын. Ұзынағаштан жеткен төтенше жағдай қызметінің 160 сарбазы, жалпы 500-ден астам адам Найман арығының жағалауын топырақ салынған қаптармен биіктетіп жатыр. Іргедегі Батыр ата ауылында да осы жағдай. Құтқару жасақтарының біразы сонда.

Топан су шымкенттіктердің де түн ұйқысын төрт бөлді. Қаланың ішін аралап ағатын Қошқарата мен Бадам өзенінің жағалауына қоныстанған тұрғындардың жүзге жуығының ауласын су басып қалды.


Шадияр Молдабек


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: