Гүлайша Мүсілтаева: «Банктер халықты «алаяқ» деп айыптай бастады...»

Screenshot_2.jpg

Гүлайша Мүсілтаева, «Халықтың баспанасын қорғайық: қоғамдық қозғалысының жетекшісі:

Облысымызда құрылған «Халықтың баспанасын қорғайық» қоғамдық қозғалысы мүшелерінің саны бүгінде мыңнан асып жығылды. Мұнда келіп тіркеліп жатқандардың барлығы дерлік өздерін «банктің арбауына түскен құрбандар» ретінде санайды. Қаржы дағдарысының салдарынан біреудің жүріп тұрған кәсібі тоқтап, енді біреу  жұмыссыз қалып, несие төлей алмай жатқандардың саны күн санап артып келеді. Олардың ісін енді қаржы полициясы «майшаммен» қарап жатыр, сот  сырттай шешім  шығарып, біраз азаматтарды бас бостандығынан да айырды. Екінші жағынан, билік «тиісті шаралардың барлығы атқарылуда. Халыққа көмектесіп жатырмыз» деп сендіруде. Атап айтқанда, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов  қазынадан қыруар қаражат бөліп, осы арқылы несиелердің пайыздық ставкасын 9-10 пайызға дейін төмендету бағытында жұмыстардың жүргізілгенін есімізге қайта-қайта салды. Дегенмен, бұған «Халықтың баспанасын қорғайық» қозғалысы мүшелерінің көзқарасы басқа. Осы тұрғыда ұйымның жетекшісі Гүлайша Мүсілтаеваны әңгімеге тарттық.

- Мұң-зарымызды айтып бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. Қиын жағдайға тап болған халыққа қол ұшын созғысы келетін жан табылмады. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовке үш рет бардық. Үшеуінде де қабылдамады. Уақыты жоқ. Оның Ерлан Айтаханов дейтін орынбасары бізді  қабылдауға  уәде беріп тұрып, артынша аяқ астынан ауырып қалды. «Нұр Отан» саяси партиясының облыстық филиал төрағасының орынбасары Шәріпбек Жамалбеков те «уақытым жоқ» деп шығарып салды. 

- Жуырда Асқар Мырзахметов тікелей эфирде екі сағат бойы облыс тұрғындарының  сұрақтарына жауап берді. Хабарластыңыздар ма?

- Біз қайта-қайта қоңырау шалғанымызбен нәтиже шықпады. Тікелей эфирдің телефондары үнемі бос емес.

- Біраздан бері Үкімет  бюджеттен қаржы бөліп, бенктен несие алғандарға жәрдем көрсете бастады емес пе?

- Несие алғандар үшін банктік үстеме ақыны 9-10 пайызға дейін түсіріп береміз деген Үкіметтің уәдесінен бізге келіп-кетер пайда жоқ. Себебін айтайын. Біріншіден, ол үшін қайтадан құжат туралау керек. Айталық, «БТА-Банкте» бізде бірде-бір адам қайта қаржыландыруға іліккен жоқ. Онда талап етілетін құжаттар тізімін көрсеңіз... Тәуелсіз сарапшылардың қорытындысы керек, бірсыпыра анықтама жинау қажет. Айналып келгенде, 90-100 мың теңгенің шығыны кетеді. Сондағы ұтатының – айлық төлемақы  2-3 мың теңгеге ғана азаяды.  Одан соң жұртшылық бұл бастамаға қолын бір сілтеді. Екіншіден, қайта қаржыландыру құқығына  тек ипотекалық несие алғандар ғана ие екен. Ал, біздің облысымызда несие алғандардың дені «тұтынушылық мақсатта», «бизнесті дамыту үшін» деп көрсеткен. Меніңше, халықтың 80 пайызға жуығы осы категорияға жатады. Сонда Үкіметтің жоспарынан тыс қалғанымыз ба? Үшіншіден, қайта қаржыландыру мүмкіндігі бұған дейін несие қарызын кешіктірмей, уақтылы төлеп жүргендерге ғана бұйыратын көрінеді. Бұл енді тіптен күлкілі. Ай сайын төлеп отыратын жағдайымыз болса, «Халықтың баспанасын қорғайық» деп, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып, мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырып неміз бар? Не күлерімізді, не жыларымызды білмей отырмыз. Бұл орындалмайтын талап. Соның кесірінен  үкіметтік бағдарлама бойынша қайта қаржыландыруға несие алған азаматтардың небәрі 4-5 апйызы ғана іліге алады. Қалғандары не істейді сонда? 

- Өзіңіздің несие төлемегеніңізге қанша болды?

- Соңғы рет биыл қаңтар айында төледім. Содан бері қарызым өсіп келеді. Банктың пайыздық ставкасынан бөлек есептейтін пенясы бар. Ай сайын 104 мың теңге төлеуге міндеттімін. Өзім, жұбайым  жұмыс істеп тұрғанымызда бұл қарызды төлеп тұру аса қиын есем көрінетін. Несие – мойынға түскен қылбұрау екенін дағдарыстың салдарынан жұмысымыздан айырылған соң ғана түсіндік.  Бизнеспен шұғылданып көрген едік, одан түк шықпады. Шетелдерде табиғи апаттар болған жағдайда мемлекет халыққа барынша қолдау көрсетіп, жәрдем береді емес пе? Біздің басымызға түскен қиыншылық та осындай апаттардан  бір мысқал да кем емес. Несие – халқымызға келген індет. Мемлекет жәрдем бермесе халық сорлап қала бермек. 

- Банктердің жүргізіп отырған саясатының зардабы қандай?

Несие төлей алмай, қиналғандықтан 4 адам көз жұмды. Екеуі өзіне-өзі қол жұмсады.  Тағы бір кісі жүрек ауруынан ажал құшты. Менде олардың өлер алдында жазып кеткен хаттары да сақтаулы. Ұйымға мүше 10-15 адамның “егер банк тарапынан қысым тоқталмаса, өз-өзіме қол жұмсаймын, үйіммен, бала-шағаммен қоса өртеніп өлемін” деп жазған хаттары да бар. Бұл мәселенің бір жағы. Банктер борышкерлерінен қарыз өндіругі бел шеше кірісіп жатыр. Осы мақсатта заңсыздықтарға да жол берілуде. Мәселен, сотқа жүгінгенде төленетін мемлекеттік баж салығын төлеуді банктер  борышкерлерге жүктейді. Сот бұны мақұл көріп отыр. Ал, баж салығы 100 мың теңгеден асады. Онсыз да қарызын төлей алмай, қиналып жүрген адамдар үшін бұл «жығылғанға жұдырық» болып тұр. 

Қазір банктер өзінің клиенттерін «алаяқ» деп айыптап, сотқа арыздануда. Мәселен, «Каспий банкі» бір ғана Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотына Қылмыстық кодекстің 177 бабы, 3 тармағына, яғни «алаяқтық»  деген айыптаумен банктер 150 іс түсірген. Біраз азаматтар сотталып, 5-6 жылға бас бостандығынан айырылды. Біздің түсінбейтініміз, нағыз алаяқ болып отырған банк қызметкерлерін  неге соттамайды?

- Қалай сонда? 

- Халық несие алуға ұмтылғанда құжаттарды қалай, қайдан алу керектігін түсіндіріп, жол көрсеткен банк қызметкерлері емес пе? «Лайдан тұрғызылған үйді күйдірілген кірпіштен соғылған деп құжат жасап әкел, сонда көбірек несие аласың» деп үгіттеген банктің менеджерлері ғой. Олардың тексеретін адамдары тиісті қағазға қол қойып, «үй расында да күйдірілген кірпіштен соғылған» деп мойындады. Сол үшін клиенттерінен ақша алды. Оны жасыратын несі бар?  Банк қызметкерлері айтпаса халық құжаттарды қолдан жасауға болатынын қайдан білсін? Ал қазір сол менеджерлер сүттен ақ, судан таза болып отыр.  Біз осыны қаржы полициясындағыларға, сотқа айттық. Үндемейді. Біз заңгерлерден  сұрастырдық. 177 баптың үшінші тармағымен барып тұрған алаяқтарды соттайды. Ал, әлгіндей құжат жасағанда несие алушылар банкті алдауды, сазға отырғызып кетіп, қарызын  төлемеуді көздеген жоқ қой. Борышкерлер несие қарыжзын төлеуден бас тартпайды. Біздің сұрап отырғанымыз – 3 жылға несие төлеуге мораторий жариялау. 

- Сонда Үкіметке айтар қандай ұсыныстарыңыз бар?

- Үкімет борышкерлердің қарызын өзіне алуы керек. Сонда біз банкке емес, мемлекетке төлеп, қарымызды өтейміз. Ешқнадай пайыздық ставка мен пеня деген болмау керек. Меніңше, басқа жол жоқ. Қайда барсақ та бізге шенеуніктер мен банк қызметкерлерінің айтатыны: «несие алған кезде неге ойланбадыңдар? Ай қарап жүрдіңдер ме?» дейді. Олай болса, қаржы дағдарысы болатынын «алтын басты» банкирлер мен министрлер алдын ала неге болжамады?  Несиені құдды бір социалистік жарысқа түскендей оңды-солды таратудың зардабы үлкен болатынын қаржыгерлер мен экономистер неге білмеді?  

- Сонда «Халықтың баспанасын қорғайық» қозғалысының құрылғалы бері ешқандай нәтиже, жетістік жоқ па?

- - Банктің басшылары сәл де болса сабасына түскендей болды. Әйтеуір, кейбіреулері  бізбен сөйлесе бастады. «Борышкерлердің мәселесін жеке-жеке қарап, шамамыз келгенше көмектесеміз ғой» дейтін болды. Бірлі-жарым борышкерлерге несие төлеу мерзімін ұзартуға келісті. Дегенмен, бұл өте сирек кездесетін құбылыс. Негізінен, банк қызметкерлері екі жүзді саясат ұстанып отыр. Бізді жымиып қарсы алып, уәждерімізді тыңдап, бас изеп шығарып салады да артынша борышкерлерге қырғидай тиеді. «Қарызыңды қайтармасаң баспанаңды тартып аламыз» деп қорқытады. Мынаған назар аударыңыз. Банкте жұмыс істейтін  қызметкерлердің өзі де біздің қозғалысымызға келіп қосылып жатыр. Айталық, «БТА Банкінен» 4 адам жазылды. Бұған өзіміз де таңқалдық. Банкте істеп жүргендердің өзі күдер үзсе, бұл жағдайдың қандай қиын екенін аңғартады. Кеше ғана мына мәліметті естідім: «Темір банктің» облысымыздағы 7 мың клиентінің 3 мыңы несиесін төлей алмай жатыр. Бұл шиеленіскен мәселені кім, қалай шешетіні түсініксіз. 

"Рейтинг" газеті

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: