Ордабасы ауданының ordabasy.gov.kz атты ресми сайтында уақыт тоқтап қалған ба деп қаласың. Себебі, ең соңғы жаңалық ретінде қаңтар айында орын алған оқиға берілген. Жазды қыспен шатастырып жүрген ордабасылық шенеуніктер «жаңалық» ретінде басқасын таппағандай, аудан әкімі Сәкен Қаныбековтің былтыр атқарған жұмысы есебінің мәтінін жариялай салғаны күлкілі көрінді. Бұл не? Жарты жылдан бері әкімнің іліп аларлықтай тірлік атқара алмағанын білдіре ме? Бәлкім Сәкен Қаныбеков секілді шенеуніктерді шетінен біршама уақытқа қайтадан мектеп оқушысы етіп партаға отырғызу керек шығар. Командасындағы кадрлерін іріктеуге кіріскен облыс әкімі Асқар Мырзахметовке бұл ұсынысымыз неге айтқанымыздың себебін түсіндірейік. Себебі, көп жағдайда оқушылардың жасаған сайттары білдей мекемелердікінен әлдеқайда тартымды, ақпараты мол, безендірілуі де жоғары деңгейде. Содан болар, 2009 жылғы облысымыздың ең үздік сайттарының құрамына негізінен орта мектептер мен кәсіптік-техникалық лицейлердің веб-сайттары енді. Назар аударыңыз – үздіктердің тізімінде бірде-бір мемлекеттік органның сайты жоқ.
Веб-сайт дегеніміз электронды үкіметке апаратын төте жол.
Елбасының «электронды үкіметке кешікпей көшу керек» тапсырмасын орындауға оңтүстікқазақстандық әкімқаралар көңіл бөлуге түк те ықылассыз. «Электронды үкіметке ертерек көшіп қойсақ шенеуніктердің саны күрт қысқарып, малданған, мақтанған, масаттанған, оңай жолмен оңды-солды мал тауып беріп жүрген мансаптан айырылып масқара боламыз» деп әлде әдейі істей ме білмейміз. Білетініміз мемлекет басшысы бұл тапсырманы ешқандай шешетін шаруасы болмай ерігіп отырып берген жоқ . Биліктің бишігін әкесі мұраға қалдырғандай қабылдап қарапайым халықпен шырт түкіріп, шіреніп тілдесетін, тіпті сөйлесудің өзін «қияметтің қыл көпірінен өткендей» қиындатып, мұң-мұқтажын айтқысы келген адамдар кабинетіне кіруі үшін талай күн табалдырықтан телміртіп күттіргеніне қарамастан түптің түбінде арыз-шағым тыңдауға уақыты жетпейтін бюрократ шенеуніктердің іс-әркетіне байланысты шығарған оңтайлы шешімі еді. Оңтайлы болатыны сол электронды үкімет қолданысқа енсе халықтың биліктегілерге жанайқайын, талдап-тілегін, өз өтініштерін жеткізуі, олар жайлы жан-жақты ақпарат алуы жеңілдейді. Бүгінде Астанаға бару түгілі ауыл арасындағы автобусқа мінуге ақша таппайтын адамдардың Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтен бастап басқа да құзырлы органдардың құлағын ұстағандарға веб-сайттар арқылы хат жолдап, мәселе шешетіндердің көбейіп келе жатқандарынан хабардармыз.
Әдетте қарапайым халық интернетті қызықты ақпарат іздеп, бос уақыт өткізуге таптырмайтын сала деп қабылдайды. Сөйте тұра, электронды желінің барлық пайдасы мен тиімділігін көре алмай отырғанымызды мойындау қажет. Неге десеңіз, дамыған елдерде халықтың 75 пайызы күнделiктi коммуналдық төлемдер мен салықтарын электронды түрде төлейдi екен. Бiзге қыры мен сыры әлi де белгiсiз «электронды үкiмет» жүйесi оларда жақсы жолға қойылған. Бiр ғана мысал, алақандай ғана Сингапур елiнде «электронды үкiмет» жобасымен жұмыс жасайтын 150-ге тарта орталық қызмет етедi екен. Ол жақта бiздегiдей жарыққа немесе жылуға ақы төлеу үшiн елең-алаңнан кезекке тұрып, есiк тоздырып жүрудің не екенін білмейді. Интернеттің қызығын қазір бухгалтерлеріміз көріп жүр. Кез-келген есеп-қисап жүргізетін қызметкерден сұрай қалсаңыз, «қазір есеп беруді электрондық почта арқылы жүргіземіз» деп шүкіршілік жасайды. Дегенмен, жұрттың барлығы бухгалтер емес қой. Мыңдаған қандасымыз қағаз түгендеу қамымен бюрократияның құрбанына айналып, шенеуніктерден қорлық көріп жүр.
Сәтсіз эксперимент
Шын мәнінде интернет мемлекеттік басқарудың сапасын анағұрлым арттыруға жол ашады. Сыбайлас жемқорлықпен күресті сөз жүзінде емес, іс жүзінде жүргізуге мүкіндік беретін бірден-бір тетік. Осы мақсатта елімізде «электронды үкімет» жобасының қолға алынғанына біраз жылдың жүзі болды. Дәлірегі, алғаш рет электронды үкімет қалыптастыру жайлы әңгіме сонау 2004 жылы айтылған болатын. Басқа-басқа, қағаз жүзінде жоба әзірлеуден алдына жан салмайтын халықпыз ғой. Келесі жылы-ақ 5 жылға арналған даму жобасы дайын тұрды. Алайда жоба жақсы болғанымен, оны ойдағыдай жүзеге асырудың сәті түспеді.
Биыл елімізде интернетті пайдаланушылар саны 18 пайызға жетеді деп күтілуде. Әрине, дамыған елдермен салыстырғанда аздау болғанымен, бұл шамамен 3 миллион адамның ар жақ, бергі дағы. Интернеттегі сайттармен жұмыс істеуді қазір мектеп оқушысы да еркін меңгеріп алған. Электронды үкімет жобасымен қатар ілесіп «электронды әкімдік» деген де шықты. Оның мән-мағынасы – облыс көлемінде барлық аудан, қала әкімдіктері мен басқармалардың веб-сайттарын ашып, сол арқылы құжат айналымын жылдамдату. Электронды әкімдік жобасының әу баста айтылған негізгі артықшылығы – электрондық құжат айналымы жүйесінің енгізілуі және аудан, қала әкімдерінің виртуалды қабылдау жүргізу мүмкіндігі. Мемлекеттік органдар заңды тұлғалар мен халыққа ұсынатын электрондық қызметтер аясын анағұрлым кеңейтеді деп күтілген. Электронды әкімдік жүйесін қолданысқа енгіземін деп кезінде облысымыздың экс-әкімі Нұрғали Әшімов уәде бергенімен, жоба сол уәде күйі қалды. Бар атқарылған тірлік облыстық әкімдігінің веб-сайты ашылуымен шектелді. Осыдан екі жыл бұрын «МСП», яғни, «Майкрософт-проект» атты жобаны ұсынған Әшімов осы арқылы берліген тапсырмалардың орындалуын бақылауға жол ашылатынын мақтанышпен жеткізген болатын. Ол ол ма, барлық басқармалар мен аудандық әкімдіктердің жұмысын күн сайын, тіпті қажет болса сағат сайын қадағалап отыруға жол ашылады деп сендірген. Жоспар бойынша «МСП» жүйесін барлық басқармалар мен әкімдіктер (оның ішіне тіпті ауыл әкімдерін де енгізіп жіберіпті) сол 2007 жылдың өзінде-ақ толық игеріп алуы тиіс еді.
Содан бері бір емес, бақандай екі жыл өтсе де, виртуалды әкімдіктің жұмысын сол күйі көре алмадық. Басқасын былай қойғанның өзінде, әр ауданның ресми веб-сайтының болуы - өңірге инвестиция тартуға, туристерді шақыруға ықпал ететін құрал екенін де мойындау қажет. Имидж үшін болса да.
Сайт па, көзбояушылық па?
Кезінде айтылып, жүзеге асырылуына мемлекеттік қаржы бөлінген жобаның бүгінгі күйі қандай деген оймен атқарушы органдардың веб-сайттарына шолу жасап көрдік.
Барлық сайттарға қойылатын талап бірдей. Қажетті мәліметтердің болуы, оның маңыздылығы мен тұрақты түрде жаңарып отыруы. Виртуалды қабылдау жүйесінің жұмыс жасауы және электронды қызметтердің ұсынылуы. Шыны керек, бұл талапқа толық сай келетін веб-сайтты іздеп табу қиынға соқты. Тіпті мұндай талаптың барын да білмейтіндер көп.
Ресми веб-сайт аудандардың тең жартысында жоқ. Бұлардың қатарына Сарыағаш, Төлеби, Мақтаарал, Сайрам аудандары мен Түркістан,Кентау, Арыс қалаларын жатқызуға болады. Шенеуніктер веб-сайтты қажетсіз деп тапқаны ма, әлде, аудан халқының интернетті пайдалануға сауаты жетпейді деп есептеді ме, ол жағы біз үшін жұмбақ күйінде қалды.
Веб-сайт бар болғанның өзінде, онда көбіне тек мекеменің атауы мен бір-екі парақтан аспайтын қажетсіз дерек берілген. Бір қарағанда сайттың айдарлары көп болғанымен, барлығы да бос. Қай-қасысын ашсаңыз да «кешіріңіз, бұл сайт әзірше жасалуда» деген жазуға тап боласың. Интерактивті қызмет түрін көрсететін сайттарды саусақпен санап шығуға болады. Енді қалған аудандық әкімдіктердің ресми сайттарына тоқталсақ.
«Хабарландырулар тақтасы», «әкімге сұрақ» деген айдарларда тіршілік байқалмайды. Саяси партиялар, кәсіпкерлік, өнеркәсіп, ауылшаруашылығы айдарлары да бос тұр.
Ресми органдардың сайттарын шарлап жүріп бір заңдылықты байқадық. Тендер десе шенеуніктердің ішкен асын жерге қоятынына бұл жолы да көзіміз жетті. Әйтеуір, сайттарда мемлекеттік сатып алу жайлы ақпарат тұрақты түрде беріліп тұрады. Шенеуніктерді қызықтыратын жалғыз тақырып осы болса не шара?
www.tulkubas.kz – Түлкібас ауданының ресми сайтына да тоқтала кетуді жөн көрдік. Алдыңғы екі сайтқа қарағанда, мұнда ақпарат молырақ берілген. Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайына қастыты аз-кем дерек келтірілген. Әрине, тендерді де ұмытпаған. Бізді таңқалдырғаны – аудан әкімі, оның орынбасарлары жайлы бір ауыз сөз жоқ. Онсыз да басылым беттерінен сирек көрініп жүрген Ерғали Сармановтың өзінің веб-сайтында да ұмыт қалуының себебі не екенін түсінбедік?
Қазығұрт ауданының www.kazigurt.kz веб-сайтында аудан жайлы аз-кем мағлұмат алуға мүмкіндік бар. Кәсіпкерлік саласы жайлы дерек келтірілгенімен, ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, экономика айдарлары бос тұр. Мемлекеттік қызмет көрсету бойынша қосалқы шаруашылық, мал басы жөнінде анықтама берудің, сондай-ақ, үй алуға мұқтаж азаматтарды кезекке тiркеу және есепке алу регламенті жазылған. Қазығұрт десе алдымен туризм саласының да ойға келетінін ескерсек, ауданның көрікті жерлерінің суреттерін топтастырып беруді де сәтті бастама ретінде қабылдадық.
Мемлекеттік тендерге деген қызығушылық әсіресе Сарыағаш ауданында жоғары. Себебін түсіндіре кетсек, Сарыағаш аудандық әкімдігінің ресми сайты жоқ. Есесіне, аудандық қаржы бөлімі үй ішінен үй тігіп, www.uko-sariagash.kz жеке веб-сайтын ашып қойыпты. Мұнда тек мемлекеттік сатып алуға қатысты ақпараттар жарияланған. Қалған жұмыстар аудан басшылығын мүлдем қызықтырмайтын секілді.
Ең ұнаған сайт – www.chardara.kz. Мұнда Шардара ауданы жайлы барлық қажетті мағлұматты табуға болады. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық жобалары, білім саласы, жастар саясаты жайлы толыққанды ақпарат бар. Қоғамдық саяси ұйымдар жайлы да көп дерек келтірілген. Ауданда қанша партия бөлімшесі, онда қанша мүше тіркелгені тәптіштеп жазылған. Дискриминация да байқалмайды. Себебі, те «нұр Отан» партиясы емес, «Азат», «Ақжол» партиялары жайлы да мәлімет таптық. Өзімізді аса қызықтырған бөлім – аудан басшылары деген рубрика. Мұнда сонау 1969 жылдан бері Шағалалы Шардараны басқарған 14 азаматтардың тізімі, басқарған жылдары мен суреттері берілген. Сөз жоқ, өңірдің дамуына үлес қосқан азаматтардың еңбегін ескеруі өзге аудандар үшін үлгі аларлық үрдіс.
Облыстық басқармалар арасында ең жоғары бағаны ішкі істер департаменті (www.dvd-uko.kz) мен статистика департаментіне (www.ontustik.stat.kz) бердік. Ішкі істер департаментінің сайтында соңғы жедел ақпарат, іздеуде жүрген қылмыскерлер, сондай-ақ, облыс бойынша барлық учаскелік инспекторлардың аты-жөні, суреті беріліп, тіпті ұялы телефондарына дейін жазылған. Кез-келген облыс тұрғыны үшін қажетті ақпарат деп осыны айт. Статистика департаментінің сайтында облыс жайлы көптеген статистикалық деректерді тапқанымыз осы мекеме қызметкерлерінің өз ісіне жауапкершілікпен қарайтынының айғағы. Сондай-ақ, облыстық құқықтық статистка басқармасының да өнімді еңбегін атап өткіміз келеді (www.uko-pravstat.kz). Жүргізілген тексеру жұмыстарының нәтижелері мен заңнамалық актілердің жиынтығы топтастырылған.
Облыстық білім басқармасының веб-сайтын (www.edu-uko.kz) ақтарып шыққан соң да біртүрлі ойда қалдық. Сайттың қазақшасы ақсап тұр. «Сведения о департаменте» деген жазудың қазақша баламасын қанша іздесек те таппадық.
Жылдық бюджеті миллиардтаған теңгені құрайтын облыстық денсаулық сақтау мен құрылыс басқармаларының дені дұрыс сайт жасауға мұршасы болмапты. Ресми сайтта жалғыз ғана тендерлік мәлімет берілумен шектелген. Әйтпесе, денсаулық сақтау мен құрылыс салаларында шешілмей жатқан шаруалар шаш етектен екені кім-кімге болса да мәлім. Шенеуніктердің мұнысы несі? Әлде олар сайттан қашатындай сайтан ба екен?