Банктер үйді тексермей үлкен көлемде несие берген

Screenshot_1.jpg 

«Рейтинг» газетінің өткен санында «Асылып өлгеннен басқа амал қалған жоқ» атты мақала беріп, банк пен баспанасынан айырылғысы жоқ несие алған азаматтардың арасындағы келіспеушіліктерді, наразылықтарын назарларыңызға ұсынған болатынбыз. Таяуда Шымкент қаласындағы Әл-Фараби аудандық сотының ұйымдастыруымен «Тұрғын үйге қатысты туындаған даулар» деген тақырыпта дөңгелек үстел басында әңгіме өрбіді. Оған аудандық сот төрағасы мен судьяларынан бөлек сот әкімшісі, прокуратура, қаржы полициясы және облыс аумағында жұмыс істейтін барлық екінші деңгейдегі банктердің өкілдері, «Халықтың баспанасын қорғайық» атты ұйымның жетекшісі мен мүшелері қатысты. 

Дөңгелек үстел басындағы әңгімені ашып, жүргізіп отырған Әл-Фараби аудандық сотының төрағасы Низамедин Жамашев басқосуға келген азаматтарды тақырыппен таныстырып, банктердің талап-арызы негізінде қаралып жатқан азаматтық істерге шолу жасау үшін алғашқы сөзді судья Ботагөз Сегізоваға берді. 

Әл-Фараби аудандық сотына жыл басынан бері 3030 азаматтық іс келіп түссе, соның 30 пайызға жуығы банктер тарапынан түскен талап-арыздар. Бұл 900-ден астам талап-арыз деген сөз. Жалпы түскен азаматтық істердің 1750 ісі шешім шығарумен аяқталған. Ал банктерге қатысты талап-арыздардың 70 пайызына қатысты шешім шыққан, 50 пайызы сырттай қаралған. 

«Халықтың баспанасын қорғайық» ұйымы табыс еткен петициядағы талаптың бірі тікелей осы сырттай қарауды тоқтатуын сұранған. Алайда, Б.Сегізова бұл заң талаптарына сай екенін атап өтті. Тіпті, кейбір, нақтылап айтқанда «Каспий банк» АҚ әр талап-арызында банк қызметкерлерінің қатысуынсыз қарауларын сұранады. Мұндай жағдайда талапкердің сұранысын қараусыз қалдыру заңға қайшы келеді. 

Кейде банктер клиенттеріне ауыр салмақ салатын артық талап та қойып жатады. Мәселен, «БТА-банк» АҚ жауапкер Н.Шалқаровтан әрі несие қарызын өндіріп алуды, әрі кепілге қойылған мүлкін меншігіне алуға арыз түсіреді. Істің барысын зерделеген сот талапкердің алғашқы талабын қанағаттандырып, екінші талабын қараусыз қалдырған. Мұндай мысалдар баршылық.   

Мұнан кейін сөз алған судья Ш.Бисиимбаева аудандық сотта қаралған қылмыстық істерге шолу жасады. Жыл басынан бері аудандық сотқа түскен 441 қылмыстық істің 360-сы қаралған. Мұның 23-і тұрғын үй мәселесі бойынша туындаған алаяқтық санатындағы қылмыстық істер. Сараптау нәтижесі көрсеткендей, халық арасындағы құқықтық сауатсыздықтың салдарынан көптеген тұрғындар алаяқтардың арбауына түсіп қалған. Соның зардабын бүгінде темір тордың арғы жағында өтеп жатқандар аз емес. Бұлардың қатарында, әсіресе, әйел азаматтар жиі кездеседі. 

Бір ғана мысал. Сотталушы Э.Сүлейменова 2007 жылы Бақыт есімді азаматшамен арнайы топ құрып, «Мұра-жер» ЖШС-ның мөрі басылған жалған құжаттар жасаған. Олар Қайтпас-2 мөлтекауданындағы бір учаскенің шаршы метрін үлкейтіп, жалған техникалық төлқұжат сыздыртып алады. Содан кейін Бақыт екеуі «ASSESSMENT LEGAL» ЖШС-ның бағалаушысы К.Макашовтың сеніміне кіріп, әлгі учаскедегі үйді емес мүлдем басқа, яғни үлкен де сәулетті баспананы көрсетіп, жалған бағалау қорытындысын жасатып алады. Осы үйдің жалған техникалық төлқұжаты, бағалау қорытындысы арқылы «Каспий банк» АҚ-ның Шымкент қалалық филиалынан 6,5 миллион теңге несие шығарады. Ақшаны жеке мақсатына пайдаланып, бөтеннің мүлкін алаяқтық жолмен иемденген, дәлірегі ұрлаған. Осы алаяқтығы үшін қылмыскер 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. 

Алаяқтық жолмен осындай үлкен көлемде несие алғандардың құжаттары жалған екенін әрбір тиынның жұмсалуына жіті бақылау жасап отыратын банктердің білмеуі мүмкін бе? Біреу емес, көптеген адамдар қулығын асырған. Осы тұста бір кілтипан бар секілді. Өйткені, Ш.Бисиимбаеваның айтуынша, үлкен соамадағы несиені 1-3 күн аралығында алып кеткендер жиі кездеседі. Тіпті, бір адам бірнеше банктен несие алған жайттар да бар. Ал «Халықтың баспанасын қорғайық» ұйымының жетекшісі Гүлайша Мүсілтаева несие аламын деп бір ай уақыт шапқылап жүріп, әрең қол жеткізгенін айтады. Әрине, ол ешкімге де бір тиын бермеген. Сонда әлгі аталғандар қалайша жылдам несие алғаны бір жағынан түсінікті, бір жағынан түсініксіз секілді. «Банктер сақ болса. Шыны керек, банк құжаттардың қаншалықты заңды екенін тексере бермейді. Несие төленбей жатқаннан кейін іздестіре бастаса, жалған болып шығады. Үлкен үй деп көрсетілген жерде шағын үй тұрады. Кейде, тіпті, ештеңе де таппай қалады. Сонда банктер неліктен оны алдын-ала тексермейді. Соңынан келіп, сотқа жүгінеді. Мұндай сорақылыққа жол бергені үшін құжат қабылдап, несие тағайындаған банк қызметкерлерін де жауапқа тарту керек. Сол секілді бағалаушылар да жазадан шет қалмауы тиіс. Сонда ғана қарапайым халықты алдаудың жолы кесіледі», - дейді судья Ш.Бисиимбаева. Бұл пікірге Г.Мүсілтаеваның «Евразиялық банктің» заңгері бізбен беттесуден бас тартты, тіпті фамилиясын да құпиялап айтпады» дегенін қосыңыз. Мұның сыры неде? Тірлігі таза, жүзі жарқын адам клиенттерінен беттесуден қашпаса керек-ті. Шынында да, бұлақтың көзін тазартпай, аяқтағы суды тұнық ету мүмкін емес. 

- Үстіміздегі жылдың алғашқы 5 айының өзінде банктердің пайдасына өндіру туралы 2616 атқару өндірісі келіп түсті. Өндірілуі тиіс қаржы көлемі 3 370 590 028 теңгеге тең болды. Оның ішінде «ВалютТранзитБанк» АҚ-ның пайдасына өндіру туралы 232, «Каспий банкі» АҚ пайдасына өндіру туралы 752, «Халық банкі» АҚ- ның пайдасын өндіру туралы 693, «Нұр банк» АҚ-ның пайдасына өндіру үшін 54 және «Альянс банк» АҚ-ның пайдасына өндіру үшін 334 өндіріс түскен, - дейді облыстық сот әкімшісінің орынбасары Әділ Лебаев. 

Бүгінге дейін 968 963 351 теңгеге 533 атқару өндірісі аяқталған. Соңғы айдың өзінде сот орындаушылар 8 борышкерді әкімшілік жауапкершілікке тартып, борышкерлердің атына тіркелген 20 мүлік анықталған. Бұдан бөлек іздеу жариялау туралы 80 іс құжат аудандық соттарға жолданған. Осы тұста айта кеткен жөн, банк өкілдері сотқа шағымданар алдында ең болмағанда борышкерлердің нақты тұрғылықты жерін де анықтамайды. Борышкердің сот актісіндегі тіркелген мекен-жайына барған сот орындаушылар іздеген адамдарын ол жерден таба алмай қайтады. Басқаша айтқанда, ол жерде мұндай адам тұрмайды. Міне, осындай кемшіліктер жеткілікті. 

Дөңгелек үстел әңгімесіне араласа алмай отырған банк қызметкерлерін Н. Жамашев «Сіздер неге үндемейсіздер, не айтарларыңыз бар?» деп еріксіз сөзге тартты. Орнынан асықпай көтерілген «БанкЦентрКредит» АҚ филиалы несие бөлімі бастығының «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп, жеңілдіктердің көптігін алға тартқан оның сөзіне «Халықтың баспанасын қорғайық» ұйымының мүшелері қанғаттанбады. Банк өкілінің сөзінен ұққанымыз, мәселен, осы кезге дейін айына 100 мың теңге төлеп келген клиенттер қаржы тапшылығына кезіккен жағдайда тиісті анықтамаларды өткізсе, ол соманы 20 мың теңгеге дейін төмендете алады екен. Аталған ұйым мүшелері ондай анықтамаларды толық жинау өте қиынға соғатынын, ақша жоқта бұл қосымша шығынды талап ететінін айтты. 

Аты-жөнін көрсетпеуді өтінген несие қарызы бар азаматша кезінде баспананың бағасы күн санап көтеріліп бара жатқанда, банктен несие алып, 43 000 долларға төртінші қабаттан екі бөлмелі пәтер алуға мәжбүр болыпты.  «Оны дәл қазір бұл бағаға сата алмаймын, үйдің бағасы түсіп кетті. Айына 520 доллар төлеп келіп едім, теңге девальвациясынан кейін бұл сома тағы көтеріліп кетті. Қазір төлеуге мүмкіндігім жоқ. Күрт өзгерістерді жасап, жағдайымызды қиындатып жіберген үкіметтің жарымжан саясаты ғой. Оның зардабын енді біз секілді қарапайым халық тартып жатыр. Сотталып, өз-өзіне қол салып жатқандар қаншама. Осындай кезеңде неге енді үкімет халыққа қол ұшын созбайды? Бізге керегі - несие төлеуді белгілі бір уақытқа дейін тоқтата тұру. Осы күнге дейін төлеген несиемізді есептеп көрсек, банктен алған ақшамызды қайтарып үлгеріппіз, енді пайыздық үстемесі қалған. Ол өте қомақты. Қалған уақытта негізгі соманы төлеуге ғана мұрсат берсе екен», - дейді ол.          

Банк өкілдеріне қаратып «ұсынатын жеңілдіктеріңіз көп болса, оны ақпарат құралдары арқылы халыққа жеткізуге, түсіндіруге болмайды ма?» деп сауал тастаған Н.Жамашев дөңгелек үстел басында болған әңгімелердің барлығын хаттамаға түсіріп, тиісті орындарға жөнелтетінін айтты. Мүмкін банктер де халықтың жағдайына түсіністікпен қарап, екі жаққа да тиімді бір шешімге келетін болар. Әйтпесе, жаппай сотқа беріп, халықты жазалаудың соңы жақсылыққа апармасы анық. 

Шадияр Мекенбайұлы


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: