Жарнамалық басылым беттерінен «қару сатылады» деген мәтіндегі жарнаманы көргенде жаға ұстағанымызды жасыра алмаймыз. Сонда оны ақшасы бар кім болса сол сатып ала береді ме? Сатушы тарапынан қаруды сатып алушы азаматтың ақыл-есі дұрыстығын, не мақсатта сатып алып жатқанын шұқшыйып тексеретініне сенуге болады ма? Бұлай дейтін себебіміз, қаражатты қатты қажет еткен адам үшін мұның маңыздылығы кейінгі орынға түсіп қалуы әбден мүмкін. Сауданың заңдылығы тауарын діттеген ақшаға өткізуге тәуелді екені белгілі. Ал сатып алған адам оны қандай мақсатта пайдаланатыны тағы белгісіз. Бұл орын алуы мүмкін қауіпті қылмысқа қол қусырып қарап отыру емес пе? Мұндай жағдайда полиция қызметкерлері не амал жасай алады? Осындай сауалдарды алға тартып, Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының лицензиялық рұқсат беру жүйесінің қызметкері Болат Асыловпен тілдескен едік.
- Басылым беттеріндегі қару сату жарнамасына қатысты басшылармен ақылдасқанмын, - дейді Б.Асылов. – Олар ешқандай шара қолдана алмайтынымды айтты. Тек қаржы полициясы ғана, егер заңсыздыққа жол берген болса, басылымға жауапты заңды тұлғаларға шара қолдану арқылы бір амал жасауға болады екен. Басқа ешкім ешқандай шара қолдана алмайды.
- Жарнама беруші басылым сатылымға түскелі жатқан қарудың қаншалықты заңды екенін, тіркелген-тіркелмегенін тексеретін құқы бар ма?
- Әрине, тексере алмайды. Олардың міндеті алып келген жарнаманың төлемақысын алады да, жариялай береді. Негізінде жарнаманы қабылдар кезде оның заңды немесе заңсыз қару екенін сұрау керек.
- Заңсыз сатылған қарудың анықталғаны жөнінде мәлімет бар ма?
- Әзірге дейін ондай мәлімет болмаған.
Бұрын шетелдерде қару сататын дүкендер бар дегенді естіп, таңқалатынымызды несіне жасырамыз. Енді ондай дүкендер өзімізде де бар. Шымкентте мұндай дүкендер бір емес бірнешеу. Солардың бірі «Олимпик» дүкенінің сатушысын сөзге тарттық.
- Сіздерде отты қарулар сатылады ма?
- Иә, сатылады. Қандайы керек?
- Бізге қару емес, мәлімет керек, журналист едік. Қару сатып алушыларға қандай талап қоясыздар?
- Клиенттің қолында аудандық ішкі істер бөлімінің берген арнайы рұқсат қағазы, анықтамасы болуы міндетті. Онда клиенттің нақты мекен-жайы, наркодиспансердің, жүйке аурулары диспансерінің, сотталмағаны жөніндегі анықтамасы секілді құжаттар болады. Сол құжаттар негізінде ғана қару сатылады.
- Ал мәселен бір кездері сіздерден сатып алған қаруын басылымға жарнама беру арқылы өзге біреуге сатқысы келетіндер бар. Олар қалай сатады?
- Дүкеннен қару сатып алғаны секілді олар да сатқысы келген адамнан тура осындай құжаттар талап етуі тиіс. Егер бұл құжаттарды талап етпесе, заңсыз сатылған болып есептеледі. Ертеңгі күні осы қарудан оқ атылса заңсыз сатуға жол берген адам жауапты болуы әбден мүмкін. Себебі, ол қару соның атында тіркеулі...
Иә, оқырмандардың мұны да біле жүргендері дұрыс. Әйтпесе, бір кесірге жолығуы ғажап емес. Ал заңды білмегендік жауапкершіліктен босатпайды. Қозғалған тақырыпқа тереңдей ену үшін облыс аумағында атыс қаруларымен жасалған қылмыстарға сараптау жасағанды жөн көрдік. Өйткені, ұңғысынан оқ атылған қарулардың арасында заңсыздары да жетерлік.
Соңғы жылдары облысымызда ішкі істер саласының жұмысын сапаландыру мақсатында жан-жақты жағдай жасалып келеді. Осыдан он шақты жыл бұрын учаскелік инспекторлардың көлігі былай тұрсын отыратын қызмет бөлмесіне дейін толық шешілмеген жағдайда еді. Қазір жағдай мүлдем басқаша. Учаскелік инспекторлар толығымен дерлік көлікпен қамтамасыз етілді. Облыс орталығында қылмыстың алдын-алу мақсатында жергілікті арғымақтарды жаратпай қыруар қаржыға сонау Ресейден сәйгүліктер алдыртып, атты взвод ұйымдастырылды. Көп шығынды талап еткен бұл бастамадан мол үміт күтілгені рас. Алайда, бұл іс-әрекеттер облыстағы қылмыстық ахуалдың күрделенуінен құтқара алар емес. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, үстіміздегі жылдың алғашқы 4 айында 51 қасақана кісі өлтіру оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылғы осы уақыттағы көрсеткіштен 18,6 пайызға жоғары. Кейбір жекелей аудандардағы жағдай, тіпті, сорақы. Мәселен, осы мерзімде қасақана кісі өлтіру қылмысы облыс орталығымен жапсарлас жатқан Сайрам ауданында 600, Шымкент қаласының ішіндегі Әл-Фараби ауданында 300 және Созақ ауданында 200 пайызға дейін артып кеткен. Облыстық прокуратураның талдау қорытындысына сенсек, қылмыстың бұл аса ауыр түрінің артқандығына әлемдік қаржы дағдарысының айтарлықтай әсері жоқ екен. Өйткені, дағдарыс тұсында артуы мүмкін деген қарақшылық, тонау, ұрлық секілді қылмыс түрлері биыл алдыңғы екі жылға қарағанда төмендеген. Бұл сауалдың себебін іздегенде облыс полицейлерінің талапқа сай жұмыс істей алмай отырғандығын көруге болады. Басты кемшілік профилактикалық алдын-алу жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмеуінен секілді.
Қылмыстың алдын-алу шаралары тиісті деңгейде жүргізілмеуі қылмыскерлердің өзін еркін сезінуіне себеп болады. Содан кейін олар атыс қаруын «асынып» жүруден жүрексінбейді. Жоғарыда аталған 51 қасақана кісі өлімінің 12-сінің ажалы осы атыс қаруларынан келген. Өткен жылы қарудан қайтыс болғандардың қатары 5-ден аспаған еді. Одан бөлек қару қолдану арқылы бұзақылық қылмыстарын жасаған 9 (өткен жылы 2) қылмыс тіркелген. Осы тұста айта кеткен жөн, облыстың ішкі істер органдарымен заңсыз атыс қаруларын тәркілеу мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізілгенімен, толыққанды нәтиже бермей отыр. Биылғы жылдың алғашқы 4 айында атыс қаруын заңсыз алу, алып жүру және сақтау қылмыстары өткен жылғыға қарағанда 13,1 пайызға артқан. Заңсыз қарулар қайдан келіп жатыр? Осы сауалды аздап тарқатып көрелік.
Үстіміздегі жылдың наурыз айында Бәйдібек ауданы, Бестоғай елді-мекенінде тапаншадан атылған оқ бір адамды мерт етті. Тергеу барысында күдіктіден қаруды қайдан алғанын сұрағанда Шымкент қаласының Тельман бөлімшесінен тауып алғандығын көрсеткен. Бейбіт заманда көшеде жатқан қандай қару? Сенімсіз жауап. Ал қаңтардың 29-ы күні Шымкент қаласының қақ ортасындағы «Кең-Баба» саябағының алдында болған қарулы қақтығыс адам шошытарлықтай. «Разборка» шешуге келген бір топ жігіттердің біреуі қаза болған жерден 4 дана оқ пен 13 дана тапанша гильзасы табылған. Тағы бір бәйдібектік қылмыскер қарумен адам өлтіріп, марқұмның көлігіне мініп, қашып бара жатқан жерінен тоқтатқан қос бірдей лауазымды полиция қызметкерлеріне бірнеше мәрте оқ атқан. Мұндай мазасыз мысалдар жеткілікті.
Атыс қаруымен қаруланғандар арасында оқушылардың да кездесетіні еріксіз жағаңды ұстатады. Үстіміздегі жылдың қаңтарында түскі сағат екіде Шымкент қаласы М.Мәметова көшесінде 11-сынып оқушысы жол бойында кетіп бара жатқан екі жігітті қос ауызды мылтықпен бірнеше рет оқ атқан. Қаңғыған оқтың бірі көшеден өтіп бара жатқан жазықсыз қызды жаралаған. Кейіннен белгілі болғанындай заңсыз қару «асынған» оқушы полиция қызметкерінің ұлы екен. Сонда ол полицей өз кіндігінен тараған ұлын тәрбиелей алмай отырып, қоғамдағы тәртіпті қалай сақтамақ? Бәлкім, заңсыз мылтықтың оқушы қолында жүруіне әкесінің өзі себепкер болған да шығар? Міне, ішкі істер саласын осындай қызметкерлерден тазартпайынша қылмыстың құрықталуы екіталай.
Ішкі істер органы тарапынан арнайы есепте тұратын, сотталып шыққан азаматтардың күнделікті іс-әрекеттері назардан тыс қалып, олармен алдын-алу жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмеген. Соның салдарынан қауіпті қылмыскерлер өздерімен бірге емін-еркін қару алып жүріп, адам өлтірген жайттар кездеседі. Бір Сайрам ауданының өзінде биыл осындай екі қайғылы оқиға болып, қос азаматтың өліміне себепкер болған. Қылмыс әлеміндегі беделділердің әрекеті болса керек, бір мәйіттің сол құлағын түбімен кесіп алған.
Облыстық прокуратура тарапынан 2007-2008 жылдары алқа мәжілісі өткізіліп, облыстық ішкі істер департаменті ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының жұмысына қатысты қатаң сын-ескертпелер айтылған болатын. Өкінішке қарай, бұл сыннан әзірге тиісті нәтиже шығатын емес. Бұл облыстық прокуратураның тұжырымы.
«Шара-Бара» жарнамалық басылымының бас редакторы Валентина Алексеевна Вакулина:
- «Жарнама туралы» Заң біз үшін үнемі басшылыққа алып отыратын негізгі құжатымыз. Онда қару сату туралы ештеңе жоқ. Күнделікті үстел үстінде жататындықтан, заңды жатқа білемін десем де болады. Бірақ, қару сату жөнінде нақты ештеңе кезіктіре алмадым. Мұндай қару сату жөнінде жарнама бергісі келетіндер болса, оны дүкеннен сатып алғандағы құжаттарын талап етеміз. Заңды болса, жарнаманы қабылдаймыз. Жарнама қабылдаушы қызметкерлер мұндай жарнаманы қабылдаудан, шыны керек, қорқады. Сол себепті ондай клиенттерді маған жібереді. Мен міндетті түрде оның арнайы рұқсатының көшірмесін алдыртып, заң шеңберінен шықпауға тырысамын
Шадияр Молдабек, «Заң» «Қазақстан-Заман» газеттерінің меншікті тілшісі