Қару-жарақ саудасы қалай әшкерленді?

oryj-pic905-895x505-95794-800x480-900x_.jpg 

Бүгінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Қажымұрат Маермановты тұтқындап, оған 82 миллион АҚШ доллары көлеміндегі бюджет қаржысын тиімсіз жұмсаған деген айып тағылып отырғаны жайлы барлық бұқаралық ақпарат құралдары жарыса айтып жатыр. Осы тақырыпты біз де кеңінен тарқатып жазуды жөн санадық. Неге? Арыстағы әскери қоймадағы жарылыстың нақты себеп-салдары әлі зерттеліп біткен жоқ. «Жарылыс бұған дейін де әлемдік тәжірибеде, тіпті біздің елде де  кездесіп жүргендей оқ-дәрі, қару-жарақ ұрлығының ізін жабу үшін жасалған болуы мүмкін». Көп жорамалдың біреуі саналатын бұл күдік растала ма, жоқ па белгісіз. Егер расталған жағдайда жіптің бір ұшы Қажымұрат Маермановқа тіреліп, құрыққа мықтап ілікпекші. Әзірге оған 82 миллион АҚШ доллары көлеміндегі қаржының дауы да басын арашалап алатын мүмкіндігі жоқтығын Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегілер сенімді мәлімдеп отыр. Ол ол ма оның қылмыс жасауға атсалысқан сыбайластары да алдағы уақытта әшкереленіп, сыбағадан құралақан  қалмайтыны айтылуда. Саудаға түскен әскери қондырғылар бірінші кезекте осы оңтүстікке, дәлірегі «Оңтүстік» аймақтық  әскери басқармасының құзырына жіберу көзделген екен. Әңгімені әріден бастайық.   

Қорғаныс министрлігіндегі лауазымды адамдар Қазақстанның әскери саласында үлкен жаңалық жасаудың сәті туғанын хабарлап, жұртшылықтан сүйінші сұрағанда қуанып-ақ қалғанбыз. Қазақстанда жасалған «Айбат», «Семсер» және «Найза»  әскери қондырғылары  шетелдерде айрықша сұранысқа ие болып отырғаны мақтанышпен тілге тиек етілді. Мемлекет тарапынан ойдағы арман-мұратты жүзеге асыруға қыруар қаржы бөлетіні туралы мәлімет тарауы мұң екен,  ақпарат құралдарында қызу түрде жарнамалау науқаны басталып кетті. Министрліктегі қару және әскери техникамен қамтамасыз ету жөніндегі  бас басқарманың бастығы Амантай Жотабаев мұндай әскери қондырғылардың қандай артықшылығы мен экономикалық тиімділігі барын тәптіштеп түсіндіріп берді:  

  -«Найза» қондырғысынан бір мезетте 20-дан 300 шақырымға дейінгі қашықтықтағы бірнеше  нысаналарды дәлдеп атуға болады. Заманауи барлау жүйелері, навигация, есептегіш техниканы қолданудың арқасында жаңартылған БТР-70 негізінде «Айбат» минометі жасалды. Бұл әскери тапсырманы орындауға жұмсалатын уақытты ғана емес, оқ-дәріні де үнемдеуге мүмкіндік туғызбақшы.  Қаруды қолдану толық автоматтандырылғандықтан  басқару бекеттеріндегі экипаждың құрамын да 2-3 адамға дейін қысқартуға қол жеткіздік. Ал пилотсыз ұшқыш аппараттары жаудың қимыл-қозғалысын  күндіз-түні бақылап, бригаданың әскери міндетін толық атқаруға жан-жақты жағдай жасайды.

    Отандық басылымдарға сенер-сенбесімізді білмей жатқанда, шетелдік ақпарат құралдары киліге кетті. Атап айтқанда, әлемнің ең беделді ақпарат агенттіктерінің бірі – «Франс пресс» «қару-жарақ жасаумен айналысатын израильдік «Soltam Systems Ltd» компаниясының өкілдерімен Қажымұрат Маерманов кездесу өткізген бойда қазақ-израиль бірлескен кәсіпорындарын  құру жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілгені жайлы мәлімдеді.  

 Ұлыбританияның «Jane’s Information Group»  агенттігі «қазақстандықтар жаңа үш артиллериялық  әскери қондырғыларды өмірге әкеліп, жуық арада оны Әзірбайжан, Қырғызстан секілді мемлекеттерге экспортқа шығармақ ойда» деген хабар таратты. Ресей, Украинаның ақпарат құралдары да белсенділік танытты. Бұдан кейін еліміздің қарулы күштер саласы әлемдік көшбасшыға айналатынына қалайша сенбейсің? «Қазақстанда жасалған» деген қару-жарақты көрген ағылшындар, немістер, орыстар мен жапондар таңдай қаққанын, мақтай жөнелгенін көз алдымызға елестетіп, қиялданып та үлгердік. Өкінішке қарай  ұлттық қауіпсіздік комитеті «тәтті ұйқыдан» ойда-жоқта оятты. Оятқанда қандай, жаман түс көріп, шошығандай әсер алдық. 

Сөйтсек, шен таққан көкелеріміз жоспарланған заманауи жабдықтардың орнына көнерген дүниелер алған екен. «Супертехниканы» өз көзімен көріп, қолымен ұстаған мамандар еріндерін тыржитып, «мынауың 50-ші жылдардан қалған ескі-құсқы темір-терсек қой» деген баға беріпті. Демек, республикалық бюджеттен бөлінген 190 миллион доллар жарамсыз техникаға жұмсалды. «Айбат» қондырғысының сапасыздығынан үлкен жарылыс орын алуы ықтимал екені де анықталды. 

    Тергеу амалдарының нәтижесінде Борис  Шейнкман деген Израильдің азаматы да  тұтқындады.  Шейнкман кім? Өмірбаянына көз жүгіртсек, Борис КСРО қарулы күштерінің қатарында талай жыл қызмет етіп, 90-шы жылдардың басында Израильге эмигрант болып көшіп кеткен. Әскери карьерасының бірталай жылын Қазақстанда өткізген ол Маерманов және басқа да генералдармен жақсы қарым-қатынас орната білді. Осы байланыстарды кейін өте тиімді түрде пайдаланыпты. Израиль мен Қазақстанның арасындағы қару-жарақ саудасы Шейнкмансыз өтпейтін болған. ҰҚК мәліметіне сенсек, Борис Қазақстанда Израильдің төрт бірдей компаниясының өкілі болған. Маермановпен тығыз жұмыс істей отырып, ақыры құны 190 миллион долларлық жобаның жүзеге асырылуына септігін тигізген.  

Осы тұста мына жайтқа назар аудару қажет. Қазақстандық баспасөзде қаржы мөлшері 190 миллион доллар жайлы айтылып жатса, израильдік газеттер мүлдем басқа деректі келтіріп отыр. Бірнеше басылым беттерінде «Қазақстан Израильден қару-жарақ алу үшін 300 миллион доллар төлеген» деген ақпарат таратты. Осы елдегі кейбір сарапшылар «Қазақстанның бізден сатып алған қарулы техникасының шын мәніндегі құны -  төленген бағаның әрі кетсе үштен бір бөлігін құрайды» деп те мәлімдеді. Қалай болғанда да, бізді әлдекімдер сазға отырғызып кеткені көрініп тұр. Маерманов «Солтам» фирмасының мүдделерін жүрген жерде қорғайтынын ҰҚК қызметкерлері де байқап қалыпты. 

- Ол 2006 жылдан бастап аталған фирмалардың мүддесін қорғап келген. Реактивті жүйелерді алу үшін 190 миллион доллардан артық қаржы жұмсалған. Бірақ ол жабдықтарды пайдаланбай жатып, 80 пайызы істен шыққан. Бір рет атқанның өзінде «Айбаттың» 6 қондырғысының 4-і жарамсыз болды. Оның үстіне, мақтаулы автоматтандырылған жүйе атымен жоқ. Нысананы дәлдеу үшін жауынгер қондырғыны қолмен бұрауы тиіс,  - дейді Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің жетекшісі Кенжеболат Бекназаров. 

Бұл  Қорғаныс министрлігіне қатысты қылмыстық істің соңы емес сыңайлы.  Есеп комитеті бұдан басқа да келісім-шарттардың заңсыз жасалғанын әшкерелеген. Экс-премьер Даниал Ахметов қорғаныс министрі болып тағайындалғанда сарапшылар «бұл әскери саладағы сыбайлас жемқорлықпен күрестің күшейгенін білдіреді. Даниал - әскери емес, азаматтық тұлға. Оның үстіне есепке жүйрік. Демек, қорғаныс саласындағы тәртіпті  ретке келтіруге білек сыбана кіріседі» деген болжамдар айтып еді. Алайда, соңғы айлардағы оқиғалар әскери саладағы ахуал оңалудың орнына керісінше барған сайын былық-шылыққа батып бара жатқанын аңғартты. 

"Рейтинг" газеті

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: