Елбасының 2006 жылғы Қауіпсіздік кеңесінде сөйлеген сөзінен кейін Оңтүстік десе әлдекімдер үркіп қарайтын жағдайға жетті. Жергілікті медицина кадрларына мұрнын шүйіріп қарау, қызметтен шеттету сияқты көріністер белең алды. Облыс әкімдігіне жаңадан тағайындалған Өмірзақ Шөкеевпен бірге Астанадан ілесе келген денсаулық сақтау департаментінің директоры В.Дудниктің Шымкенттегі ауруханаларды шошқа қораға теңегенін бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жарнамалаған… “Бәрі тынған, жүгенсіз кеткен, тәртіпсіздік жайлаған, өркениеттен, мәдениеттен жұрдай ”. Не керек өскен-өнген өлкедегі бұған дейінгі есепсіз еңбек, төккен тердің бәрін іске алғысыз етті. Бірақ, иә бірақ дүниеде уақыттан күшті кім бар дейсіз. “Уақыт шіркін бәрін орнына қояды” деген емес пе? Сол рас екен. Кеше ғана бас дәрігерліктен еріксіз кеткен кадрлардың алды қайтадан қызметтеріне орала бастады… “Уақыт кімнің кім екенін көрсетеді” деуші еді. Ол да имандай шындық екен…
Осы аптада Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасының бұрынғы бас дәрігері Ш. деген азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын жария етті. Экс-бас дәрігерге қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды деген айып тағылып отыр. Қаржы полицейлерінің анықтағанына қарағанда, бұрынғы бас дәрігер ауруханадағы жөндеу жұмыстарына деп “Астана Транс Строй Монтаж” ЖШС-нің есеп шотына 773,6 миллион теңгені аударып жіберген. Кейіннен әшкереленгендей, нақты істелінген жұмыстың көлемі 729 миллион теңгеден аспаған. Яғни, қазынаның 44, 6 миллион теңгесі талан-таражға түскен... Жарайды, енді құпияламай-ақ төтесіне көшейік.
Шымкент қалалық медициналық жедел жәрдем ауруханасының бұрынғы бас дәрігері Марат Шалов облысқа сол жылдары Астанадан ауған көшпен бірге келген болатын. Жасыратын не бар, В.Дудниктің көлеңкесіндай болған кадр. В.Дудник Астана қалалық денсаулық сақтау департаментін басқарған тұста ол да сол мекемеден табылған. Көштің басы Шымкентке бұрылған кезде Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігерлігіне қонжиған. «Іс бітті қу кеттінің» керін келтіріп командамен бірге қайтадан Астанаға қайтқан. Рас болса, сонда қазір бір шипажайдың бас дәрігері көрінеді…Қысқасы, күні кеше ғана Оңтүстік медицинасын оңалтамыз деп аузы көпіргендер, қазынаның қаржысын опырып жеп кеткен болып шықты. Көресінді сол көлденең көк аттылардан көрдік-ау.
2007 жылы болар сірә, облыс орталығындағы ауруханаларда жүргізіліп жатқан күрделі құрылыс барысымен танысу кезінде бас дәрігер Марат Шалов мердігер компания “Астана Транс Строй Монтаж” жұмысына өте разы екенін айтқан. Сол кезде республикалық бір ресми басылымда бас дәрігердің пікірі былай деп берілген екен: “Әдетте көп құрылыс компаниялары тендерді жеңіп алғаннан кейін құрылысты апай-топай жүргізіп, қабылдап алушылардың езуіне майлы жілік қыстырып, “шу, құйрық” деп тартып кетеді. Жыл айналмай жатып арзанқол линолиумдары жыртылып, төбесіне су ағып, ауруханалар шала бүлініп жатар еді. Бұл жолы сапаға көп көңіл аударылуда. Еденге төселген керамзит плиталардың жарамдылығы 20-30 жылға лайықталғаннан кейін басқа құрылыс материалдары жөнінде де осындай ой түюге болады"…Мынандай шіп-шикі өтіріктен кейін М.Шаловтың өзі туралы нендей ой түйесіз?
Сапа демекші, жалпы, Марат Шалов жөнінде Шымкент медициналық жедел жәрдем ауруханасының қызметкерлері о бастан-ақ теріс пікірде. --Ол кісі бұрын қарапайым хирург болып істеген көрінеді. Бұрын қалай істегенін білмедік, бірақ бізге келгенде медицинадан саяқ жүрген адам екендігіне бәріміздің көзіміз жетті. М.Шалов басшы ретінде де көзге түсе қойған жоқ. Ұжымды 1 жыл әрең басқарды. Қысқасы келді, кетті. Ауруханадағы күрделі жөндеу жұмыстарының көзбояушылық екені көп ұзамай-ақ белгілі болды. Алдымен ғимараттың су жүйелері істен шықты. Бәрі қытайлық арзанқол қондырғылар екен. Төбеден су ақты. Ауруханаға білікті басшы Мәди Бегалиев келген соң жөндеу жұмыстары қайта жүріп, тағы әйтеуір, абыройды жапты ,—дейді аталған аурухананың бір топ дәрігерлері.
Жарайды, істің ақ-қарасын қазір қаржы полицейлері тексеріп жатыр. Бірақ көлденең көк аттыларға деген күдіктің тым күшейіп кеткені де рас. Мәселен, сол жылдары басталған облыстық ауруханадағы күрделі жөндеу жұмыстары екі жылға жопарланса да әлі аяқталған жоқ. Егер шындап тексеріп кеп жіберсе, ол жерден де “көшпелі кадрлардан” қалған бір “белгінің” табылып қалуы әбден мүмкін-ау. «Рейтинг» газеті «көшпенді» кадр, «көшпенді» команда... қажет пе?» деп бір ай бұрын ғана көлемді мақала жазғанынын көзі ашық , санасы ояу оқырмандар жақсы біледі. Күні кешегі облыстық мәслихаттың сессиясында да депутаттар командаға кадрлардың сырттан шақырылуына қарсы екендерін шыр-шыр етулері бекер емес шығар.
Бәрінен де бұрын бейкүнә балалардың атың өшкір жұқпалы ауруға жаппай шалдығуынан туындаған“Шымкент қасіретінен” кім қандай сабақ алды деген сауалға келгенде жауап таппай қиналады екенсің? Сабақты қайдам, Елбасы тапсырмасына сәйкес денсаулық саласын сауықтыруға бар күш-жігерлерін жұмсаудың орнына көлденең көк аттылар қасіретті де бетперделеп, қазынадан қаржы саууды кәсіп еткендері сұмдық қой.
Жәнібек Тархан