Жұмыс барысымен Төлеби ауданының прокуроры Хали Маматаевтың қабылдауында болдым. Менімен бір мезгілде өздерін жол апатынан қайтыс болған Анна Алдабаева мен Анна Облеухованың ата-анасымыз деп таныстырған азаматтар да прокурор қабылдауында болды. Әдетте прокуратураға азаматтар арыз арқалап келетін болса, бұлар алғыс арқалап келіпті. «Облыс прокуроры Марат Ахметжановқа деген алғысымызды Сіз арқылы жеткізгіміз келеді. Марат Мұратұлымен бұрын бетпе-бет кездеспесек те әділ азамат, жұмысына тиянақты, жауапкершілікке деген талабы жоғары дегенді құлағымыз шалатын. Енді бұл сөздің рас екеніне толық көзіміз жетіп отыр. Сол кісінің тікелей назарға алуының арқасында он екіде бір гүлі ашылмаған қос перзентіміздің өліміне себепкер болған, алайда екі жарым жылдан бері бостандықта жүрген қылмыскер лайықты жазасын алып, әділдік салтанат құрды. Облыс прокурорына деген ризашылығымыз орасан. Жұмысына табыс тілейміз. Тапсырманы тиянақты орындаған Сіздерге, яғни аудандық прокуратура ұжымына да рахмет айтқым келеді», - дейді олар жанарлары жасаурап. «Бұл қандай іс болды екен» деген журналистік қызығушылық бізді де аталған оқиғамен танысып шығуға себеп болды.
... Күздің осы бір кешінде қайдан ойына келгенін қайдам, М. Ахмедов күнделікті көріп жүрген көршісі З.Махмутовқа өз иелігіндегі БМВ-525 автокөлігін ауласына жеткізе салуын өтініп, кілтін қолына ұстатады. Көлік руліне отырған З.Махмутовтың бойына желік бітіп, Ленгір қаласын біраз қыдырыстап қайтуды ойлайды. Сөйтіп, сағат түнгі 23-тер шамасында көшеге шыққанда жол-жөнекей үш бойжеткен қол көтеріп, тоқтатады. Оның ішіндегі біреуі - Наташа өзіне таныс болатын. Біраз серуендетіп қайтуын өтінеді. Іздегенге сұраған деген, Махмутовқа керегі де осы болатын. Наташа алдыңғы орындыққа отырады да, құрбылары - қос Анна соңғы орындыққа жайғасады. Бір мақтанып қалайын деген желік ұшқындаса керек, жас жеткіншек қыздарды көлікке отырғызып, қатты жылдамдыққа басады. Көңілді жастар Ленгір қаласын бір айналып шығып, енді қала сыртын бетке алады. Сағатына шамамен 60-70 шақырым жылдамдықпен келе жатқанда көліктің доңғалағы жарылып, тәжірибесі аздау Махмудов рульге ие бола алмай, апатқа ұшырайды. Артқы орындықтағы 20 жасар Аннаның біреуі сол жерде-ақ жан тәсілім етсе, екінші Анна қалалық аурухананың жан сақтау бөлімінде есін жия алмаған күйі бақилыққа аттанады. Ең өкініштісі, ажалына жолда жолыққан бойжеткеннің біреуі оқиға болған күннің ертеңіне сүйіктісіне жар болған тойын өткізгелі жүрген болатын. Амал нешік, тағдыр қос ғашықты қоспаған екен...
Жұлқынып тұрған шетел көлігінің руліне отырған Махмудовтың көлік жүргізуге құқық беретін құжаты жоқ болғаны былай тұрсын, сол күні аздап спирттік ішімдіктен де ұрттап алған екен. Ол сот-сараптау барысында белгілі болды.
Болар іс болды, бояуы сіңді. Алайда, қолымен қылмыс жасаған адам мойнымен жазасын көтеру керек емес пе? Бірақ, бірден олай бола қоймайды. Төлеби аудандық ішкі істер бөлімі бұл іс бойынша қылмыстық белгілері жоқ деген себеппен бірнеше рет қылмыстық іс қозғаудан бас тартады. Үстіміздегі жылы ғана, онда да жәбірленушілердің ата-анасының Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры Марат Ахметжановтың қабылдауында болып, мән-жайды түсіндіріп, арнайы тапсырма берілгеннен кейін ғана қозғау салынды. Сөйтіп, екі жарым жыл бостандықта тайраңдап жүрген қылмыскер сот үкімімен бес жарым жылға бас бостандығынан айырылды.
Шадияр Молдабек