Жуырда Әлемдік банк арнайы зерттеу жүргізіп, соңғы 30 жылдағы дүниежүзіндегі ең парақор шенеуніктердің тізімін жариялады. Бұл тізім коррупцияға қарсы күрес туралы сөз қозғалған жиында арнайы әзірленген баяндамада тілге тиек етілді. Сыбайлас жемқорлардың рейтингісі тектен тек жарияланып отырған жоқ.Әлемдік банктің қызметкерлері осы тізімге кірген азаматтардың жымқырған қаржысын халыққа қайтарып беруді көздейді. Бұл талап-тілек қаншалықты орындалатыны белгісіз. Бір қызығы, рейтингке ТМД елдерінен жалғыз ғана шенеунік енген. Ол – Украинаның бұрынғы министрі Павел Лазаренко. Еуропаның тағы бір өкілі – Слободан Милошевич. Әлемдік парақорлардың тізіміне Азия мен Америкадан үш өкіл, Африка мен Еуропадан екі өкіл «енген».
Рейтингтің көшін Индонезияның бұрынғы басшысы Мұхаммед Сухарто бастап тұр. 1967 жылы билік басына келген Сухарто қызметінен тек 1998 жылы кетті. Сарапшылардың пайымдауынша, осы мерзім ішінде индонезиялық лидер 15-35 миллиард доллар аралығындағы қаржыны қалтасына басқан. Әлемдік банктің мәліметіне сенсек, жыл сайын Сухарто Индонезияның ішкі жалпы өнімнің 1-1,3 пайызын шетелдік банктердегі есеп-шоттарына аударып отырған. 2007 жылы сол мемлекеттің астанасы Джакартаның соты диктатордың үстіне түскен арызды қарауды қолға алды. Бұрынғы мемлекет басшысының ісін майшаммен қарауға көшкен индонезиялықтар кемі 1,5 миллиард долларды қайтаруды көздеп отыр.
Екінші орын Филиппин елін басқарған диктатор Фердинанд Маркосқа бұйырды. Сарапшылардың пікіріне сенсек, 1972-1986 жылдар аралығында аралды басқарған шенеунік халыққа тиесілі 5 пен 10 миллиард аралығындағы қаржыны швейцариялық банктердегі өзінің және ағайын-туысының есеп шоттарына аударып үлгерген. Сондай-ақ, қаржының біраз бөлігі қайырымдылық қорларына жіберіліп, соңынан ұшты-күйлі жоқ болып кеткен. Экс-диктатордың үстінен қылмыстық іс қозғаған филиппин полициясы күні бүгінге дейін 624 миллион доллар қаржыны қайтара алды. Дегенмен, бұл ұрланған ақшаның 10 пайызы ғана.
Үшінші орынға Африкадағы Заир елін 32 жыл басқарған президент Мобуту Сесе Секо жайғасты (толық аты Мобуту Сесе Секо Куку Нгбенду ва за Банга). Оның «сыбағасы» - 5 миллиард доллар. Мобуту десе Заир халқының төбе шашы тік тұрады. Әлеуметтік салаға арналған қыруар қаржыны жеке қалтасына түсіріп отырған Мобуту мырза бюджеттің ақшасын қалауынша жұмсап отырғанымен танымал. Ақырында шыдамы таусылған заирлықтар Мобутуды елден қуып шықты. 1997 жылы ол Мароккода ракпен ауырып, жан тапсырды.
Төртінші орынға Мобутудың көршісі, Нигерияның 1993-1998 жылдар аралығындағы президенті, генерал Сани Абача табан тіреді. Бұл азамат та пысықтық танытып, айналдырған 5 жылда шамамен 4 миллиард долларды жымқырыпты. Әскери диктатор елдегі мұнай экспортын өзінің толық бақылауына алды. Сатудан түскен табыс Еуропадағы банктерге жөнелтіліп отырған. Абачидің өлімінен соң Нигерия үкіметі Швейцариялық банктен 700 миллион долларды қайтара алды.
Бесінші орында тағы бір диктатор, Слободан Милошевич. Югославияны басқарған 1989 жылдан 2000 жылға деййінгі аралықта бюджеттік қаржыны жымқырып қана қоймай, астыртын қару-жарақ саудасымен де шұғылданған. Әлемдік банктің дерегіне сенсек, Милошевичтің табысы 1 миллиард доллардан асқан.
Сондай-ақ, әлемдік жемқорлардың тізіміне Украинаның бұрынғы премьер-министрі Павел Лазаренко да енді. 1996-1997 жылдары Украинаның үкімет жетекшісі болған Лазаренко олигархтардың сойылын соғуымен танылған. Әсіресе, мұнай-энергетика саласында асқан белсенділік танытыпты. Осы операциялардан кемі 400 миллион доллар пайда көрген.