Кейінгі кездері Нұрғали Әшімов тым арманшыл болып барады. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің жайлы орынтағына жамбасы тиісімен барлық саябақтың жалғыз қожасы өзім болсам деп армандап еді. Арманы құрғыр сағымданып, әлі жеткізбей келеді. Ара тұра «Максимумды», басқа да миф жобаларды айтып қалатын әкімнің есіл-дерті енді оңтүстікті Калифорнияға айналдыру, өзі Арнольд Шварценегерге ұқсап киноға түсу екенін баспасөз арқылы жалпақ жұртқа жариялап жібергеніне біраз болды. Несі бар, бойы мен түр-сипаты Терминатордан кем емес қой. Оның үстіне билікте жымиып жүріп талай «жақсы ролдерді» сомдап тәжірибе де жинақтап қалды. Тек атыс-шабыстың серкесі болатын, бұлшық еттері білеуленген рольдерге күш-қайраты жетпей қалып жүрмесе.
Сонымен Әшімовке арман болған Калифорния қандай штат өзі? Америкалықтардың өзі ерекше бағалайтын Калифорнияны бүгінде 34 миллиондай халық мекен етеді. Құрылыс саласы, кино өндірісі және ауылшарушалығы мықты дамыған өңір. Электроника, хай-тек үлгісіндегі ақпараттық технологиялар жасап шығаруда алдына жан салмайтын әлемдегі ең ірі 20 компания шоғырланған, сонысымен әлемге әйгілі Кремний жазығы /ел аузында Силикон жазығы деп те аталады/ штаттың басты артықшылығы әрі мақтанышы. Осындай мүмкіндіктерінің арқасында АҚШ-тың ішкі жалпы өнімінің 17 пайызы осы кезге дейін Калифорнияның еншісіне тиетін.
Әйтсе де қаржы дағдарысының тегурініне шыдас бере алмаған штаттың қазіргі тірлігі шатқаяқтап тұр. Бұл жағынан алғанда мұхиттың арғы бетіндегі өңірдің Оңтүстік Қазақстанға ұқсас жерлері көп. Калифорнияның бюджет алдындағы қарызы 42 миллиард долларға жетті. Несиенің қайтарымы жөнінен Америкадағы барлық штаттың соңына бір-ақ сырғыды. Әлеуметтік бағдарламалар түгелдей дерлік қысқартылды. Елді жұмыссыздық жайлап барады. Бір жыл ішінде жұмыссыздар саны 41 пайызға өсіп, 1 миллион 417 мың адамға жеткен. Есесіне салық төлемдері анағұрлым өсті. Биліктегілер Силикон жазығындағы 10-нан астам компанияның «жұмысымызды тоқтатамыз» деген жазбаша ескертулерін алып, дағдарып отыр. Сарапшылар «алдағы Наурыз айында штат толық тоқырауға ұшырайды» деген болжам айтады. Оңтүстік Қазақстан деген атауды қомсынып, бізді ендігі жерде Калифорния деп айтқаны дұрыс деген Әшімовтің ынтық болған штаттың қазіргі ахуалы осы.
Әйтсе де Әшімов тәлім етіп алатын жәйттер жоқ емес Калифорнияда. Мәселен жуырда губернатор Шварценегер мемлекеттік қызметте істейтін 20 мың адамды қысқарту жөнінде шешім қабылдады. Бұл әрине дағдарысқа қарсы жасалынып жатқан шаралардың бірі. Ал бюджет қаржысының небәрі 10 пайызын сәл-ақ астамын ғана өзі тауып отырған оңтүстікте әкімнен бастап, қосшыларына дейін дағдарысты су жаңа қымбат автокөліктермен қарсы алғанын газетіміздің өткен номерінде егжей-тегжейлі жаздық. Сондай-ақ шенеуніктерді қысқартпақ түгілі әкімшілік аппаратының штаты «резіңкеге» айналғаны да айтылды.
Біздегі әкімдердің шабына шоқ түсеретін тағы бір жәйт. Калифорнияда атқарған жұмысы қызметіне сәйкес болмаса ассамблея мен сенаттан тұратын заң шығарушы органның депутаттары губернаторға импичмент жариялап, оны қызметінен кетіре алады. Мұндай ерлік біздегі «мінезсіз» мәслихаттан шықпайтынын ел жақсы біледі. Биліктің батасын алып барып мәслихаттың мандатын иеленгендіктерін ұмытпай «айтқанға көніп айдауға жүріп» үйренген депутаттардың кейде байқаусызда батылдау қадам жасап, артынан табандылық танытпай тайқып шыға келетіндерін талай мәрте куә болдық. Сыртынан сыбап, әкімді көргенде құрақ ұшып, құрдай жорғалап, көпірітіп мақтайтындар, қалың көпшік тастайтындар кө-ө-өп.Әрине, сайлаушыларының аманатына адал, турасын айтуға талпынатын бірлі-жарым депутатттар да бар.
Айтқандай ұқсастық дегенен шығады. Әшімовке сенсек, Калифорния мен Оңтүстіктің арасында екі түрлі ұқсастық бар екен. Оның бірі өндірістің қарқынды дамуы, екіншісі рухани-мәдени жақындық. /«Время» газетіне берген сұхбатынан/.Мұны Нұрғали Сәдуақасұлы неге сүйеніп айтқанын түсіне алмадық. Тірлігі түзеліп, өзегіне өң кірген өндіріс орнын еске түсіре алмай дал болғанымыз үшін кімді жазғырасыз, ойлы оқырман. «Южполиметаллдың» мыңдаған жұмысшысы қысқарып, алты айдан бері жалақысын ала алмай далада сенделіп жүргені кімге жасырын? Фосфор зауытының қаңқасы бөлшектеніп, құрдымға онда кетті. Ең берісі тоқыма кластерін дамытамыз деп, құрылысы осыдан 4-5 жыл бұрын басталған «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында әлі күнге іске қосылған бірде-бір кәсіпорын жоқ. Санамыз сан саққа жүгіргенімен руханият пен мәдениеттен де ұқсастық таба алмадық. Діні бөлек, ділі бөтен. Үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Тағы бір өзгешелік калифорниялық депутаттар жуырда бір жыныстылардың некесін ресми түрде тіркеу туралы арнайы Заң қабылдапты. Бұл аз десеңіз штат басшылығы наша өсірушілерге де рұқсат беріп қойған. Мұнан кейін әкімнің Калифорнияға болған ерекше «махаббаты» мен ынтызарлығына не айтасыз? Біз өз тарпымыздан Әшімов айтқан «ұқсастықтарға» тағы біреуін қосқан болар едік. Сайлау алды үгіт-насихат кезінде америкалық ақпарат құралдары штаттың болашақ басшысын губернатор емес, гувернатор деп жарыса жазып жатты. Терминатор мен губернатор сөздерінің қосылуынан шыққан сөз болатын бұл. Әшімовтің билікке ғылымнан келгенін ескерсек, бізде әкім сөзінің алдына ғылым-білімге қатысты жалғау қосқанымыз дұрыс-ау сірә.
Айтып-айтпай не керек. Әкім арманына жетті-ау ақыры. Нұрғали Сәдуақасұлы «Аса мәртебелі губернатор мырза Калифорнияға шақырсаңыз міндетті түрде баратын ем» деп басталатын үшбу хатына жауап алыпты мұхиттың арғы бетінен. Бойын керемет қуаныш кернеген облыс басшысы «Нұр Отанның» жиналасында бұл жаңалықты жұрттан жасырып қала алмады. Жайып салды. Қазір жазға салым Калифорнияны армансыз аралайымын деп жолға қамданып жатыр.
Жалпы Калифорния штатына ТМД мемлекеттері қатарына кіретін елдердің ішінде 2004-2005 жылдары Ресейдің Түмен облысы мен Ставрополь өлкесінің өкілдері барып қайтқан екен. Бірақ екі кездесуге де америкалықтардың өздері бастамашы болыпты. Ал Әшімовтың сапары олардікінен бөлек. Өзі сұранып барғанда калифорниялықтар ыстық ықылас таныта қойса жарады.
Атам қазақтың баланың қылығына, қимылына, жүріс-тұрысына қарап «әй осыдан бірдеңе шығады» дейтін әдеті емес пе? Біз әрине Нұрекеңнің, Нұрғали Сәдуақасұлының балалық шағынан, оған үлкендер нендей баға бергенінен бейхабармыз. Әйтеуір бүгінде ол Шварценегер сияқты болуға ұмтылып жүр. Мұнысынан бірдеңе шыға ма, жоқ па, жоқ па білмейміз. Білетініміз қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өлке-Оңтүстік діні бөлек, ділі бөлек, бір жыныстылардың некесін заңдастыратын Калифорнияға айналмайтыны анық. Әкім өзі айтып жүрген екі ел арасындағы қандай рухани –мәдени жақындық екенін газетіміз арқылы елге түсіндіріп бере ала ма? Біз сауал қойдық. Кезек оныкі.
"Рейтинг" газеті