Тендер таза өтеді деу көзбояушылық, көпшілікті алдау болғаны ма?

Screenshot_9.jpg

Біз  сауалды облыстық құрылыс басқармасы бастығының міндетін атқарушы Тоқтар Усупалиевтің өзіне қойған едік. Журналистердің «құрығына» ілігуі қиын құрылыстың қожайынын бірер күн бойы әбден іздеп, әрең тапқанымызды қайтейік, артынша хатшы қыздан бөлім бастығы жаққа жол сілтегені жайлы хабар алдық. Неліктен? «Белгіленген «ставка» бойынша ақша сұралатыны жалған ақпарат деп біржолата кесіп сөйлеуге дәті жетпеді ме? Әлде шынымен тағы да таусылмайтын  өте шұғыл шаруасы шығып қалды ма, ол жағын білмедік. Білетініміз экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес жөніндегі департаменттің қызметкерлері дәл осы басқарманың бастығы Ахметжан Сәбденовті қызметтік кабинетінде тендерді бір фирманың пайдасына шешіп бермек болып 2 миллион теңге пара алу үстінде ұстаған болатын. Көңілге кірбің салатын бұл келеңсіз оқиға биылғы сәуірде тіркелді. Қынжылтарлығы сол ащы сабақтан басқалар қорытынды шығарып тендердің тірлігі сәуірден кейін тәуір болып кетсе жақсы еді-ау. Қайдағы? Керісінше содан кейін де тендердегі «ставка» төңірегінде жайсыз әңгімелер азаюдың орнына арта бастағаны алаңдатады. Облыстық мәслихаттың сессиясында кейбір «тентек мінезді» депутаттардың «бұрын тендердегі «ставка» 10 пайыз болса, енді 15 пайызға көтерілгеніне көніп отыра береміз бе?» деп дау шығарып жүргендері де осыдан. Апыр-ау сонда алқалы жиын сайын  облыс әкімі  Нұрғали Әшімовтің «бұдан былай сапасыз жұмыс істеген, талапқа сай келмейтін құрылыс фирмаларының « қара тізімі» мұқият сүзгіден өткізіліп, тендер ашық, жариялы түрде әділ ұйымдыстырылады» деуі көзбояушылық, көпшікті алдау болғаны ма? Олай дейін демесек, мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың өзі айрықша бақылауына алған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының ұдайы сынына ілігіп жүретін  атышулы фирмаларға дейін тендер жеңімпазы атанғандары таңдандырды.    

Таяуда салынып жатқан көпқабатты ғимараттардың сапасын талдап, талқылаған құрылысшылардың жиыны өтіп, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы Айдархан Шәдіров Оңтүстік Қазақстан облысында бой көтеріп жатқан кей ғимараттар зілзаласыз-ақ құлап қалатынын мәлімдеді. Мәссаған,жаман айтпай жақсы жоқ, күні ертең қаншама адамды баспанасы басып қалып жүрсе не болмақшы? Оның обал-сауалын тендерді бармақ басты, көз қысты әрекетпен сапасыз жұмыс істейтін фирмалардың ұтуына ықпал еткен адамдардан сұраймыз десек те ол кезде бәрі кеш болады.  

Бағлан Серікбаев, Оңтүстік Қазақстан облыстық құрылыс басқармасы  заң қызметі және мемлекеттік  сатып алу бөлімінің бастығы:

- Бір тендерде бір-ақ адамның бағы жанады. Оған қатысуға 20 үміткер өтініш білдірсе, оның тең жартысы бәлеқор адамдар болып шығады. Олар  «ставкасына» қарай ақша берілмеген соң ұта алмадық» деп ел аузында әрқилы әңгіме өрбітетіні өкінішті-ақ. Мұның бәрі бос сөз.

"Рейтинг" газеті (2008 ж)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: