Сабира Әбдірайымова: «Талантты жастарды тапсақ қатты қуанамыз»

Screenshot_10.jpg

Ел болашағы – жастар тәрбиесіне баса назар аудару   мемлекеттік маңызы бар аса жауапты міндет. Ұлт пен ұлыстың аманатын арқалаған жас өркенді тәрбиелеудің сан түрлі жолдары мен амалдары бар. Олардың ішінде берер тағлым-тәлімі жөнінен айрықша орын алатын бағыт - өнер арқылы тәрбиелеу екені рас. Осы тұрғыда М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың Қоғамдық кәсіптер факультеті жастардың рухани байлығын нығайтып, өнерге, шығармашылыққа сүйіспеншілігін арттыруда орасан зор жетістіктерге жетіп отыр.  Іргелі білім ордасын талай жыл біліктілікпен басқарған, қазір Парламент Мәжілісінің депутаты Уәлихан Бишімбаевтың бастамасымен   факультет 2004 жылы құрылды. Университеттің қазіргі ректоры, білікті басшы Жұмахан Мірхалықов та жас таланттарға жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастырып  келеді. Факультетке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Бәйдібек ауданының құрметті азаматы, доцент Сабира Әбдірайымова бес жылдан бері жетекшілік етіп жүр. Шығармашыл студенттермен етене жұмыс істеп, талайлардың талантын көпшілікке паш етіп келе жатқан іскер деканмен арадағы сұхбатымыз факультеттің ерекшеліктерінен басталды.   

- Сәбира Бимырзақызы, қоғамдық кәсіптер факультетінің ерекшелігі неде? Алдына қойылған мақсаты қандай?  

- Жалпы, мұндай факультеттің Оңтүстіктегі басқа бірде-бір оқу орнында жоқтығын атап өткім келеді. Университетімізде педагогика және мәдениет факультеті жұмыс істейтінін білесіз. Дегенмен, ОҚМУ-да тәлім алатын 16 мыңнан астам студенттің басым бөлігі басқа, өнерге қатысы жоқ мамандықтарға  оқитынын ескеру керек. «Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, біздің мақсат   - соларды өнерге баулу, бойындағы шығармашылық талантты шыңдау.  Студенттермен жұмыс істейтін 44 білікті маманымыз бар. Олар ән, би, күй, терме, айтыс, эстрада ансамблі, дефиле және басқа да түрлі бағыттарда дәріс өткізеді.  Көңілді тапқырлар клубының ойыншылары да бізде. Одан бөлек жастар көпшілік ортада қалай киіну керек, қалай жүріп, қалай сөйлеу керек дегенге де мән береміз. Бастапқыда факультеттегі студенттер саны  600-ден аспайтын. Қазір осы салада 1200-ге жуық талантты жастар өнермен шұғылдануда. Әрине, олар сабақтан тыс уақытта келеді. Бірінші орында мамандығы бойынша дәрістер тұрады, ал өнерге сабақтан тыс уақытын бөледі. Айрықша өнер көрсеткен студенттерге сертификат беріледі. Болашақта осы сертификат жас маманның жұмысқа тезірек  орналасуына көмектесуі  әбден мүмкін. 

- Факультет қандай жетістіктерге жете білді? 

- Қазір облыстық, республикалық деңгейде өнер көрсетіп жүрген талай жастар, атап айтқанда «Жігіттер» квартеті, «Мұнарлан» тобы, Еркін Нұржанов, Мамадияр Тәукеев, Досжан Дәрібаев, Дана Мақатаева  және басқа да талантты өнерпаздар біздің университетіміздің түлектері. Факультетіміз дайындаған бірталай жастар түрлі фестивальдарда, байқауларда топ жарып жүр. Сол арқылы үлкен сахнаға жолдама алғандар аз емес. Өнерлі студенттеріміз шетелге де шығып тұрады. 2009-2010 жылдарда Мәскеуге үш рет барып қайттық. Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің арнайы шақыртуымен концерттік бағдарламамызды әзірлеп, мәскеуліктерге паш еттік. Былтыр Елордада мемлекет басшысының алдында өнер көрсеткен Оңтүстіктің бір топ өнерпаздары қатарында біздің де мамандарымыз болды. Негізгі мамандығының өнерге қатысы болмаса да, студенттеріміз бірталай  байқауларда биіктен көрініп, тіпті кәсіпқой әнші, бишілерді де артта қалдырып жүр. «Ғасырлар пернесі» атты республикалық байқауда «Самұрық» фольклорлық ансамблі бірінші орынды иеленді. Күні кеше өткен Шәмші Қалдаяқов атындағы байқауда Біржан Сапарбек пен Азамат Қалыбаев бірінші және екінші орынды жеңіп алды.  Университетіміздегі көңілді  тапқырлар клубы командаларының атақ-даңқы бүкіл елге танымал.  Биыл қазан айында оқу орнымыз республикалық деңгейдегі КТК командаларының жарысын ұйымдастырғалы жатыр. Одан қалса қалалық, облыстық көптеген мерекелік іс-шараларға белсене қатысады. Мәселен, Наурыз мерекесі, Қала күні, Рәміздер күні, Конституция күні, Тәуелсіздік күні және басқа да бұқаралық мәдени шаралар мен түрлі байқауларға да атсалысады. Бұл өз кезегінде университеттің беделін көтеріп қана қоймай, студент жастарды рухани, мәдени тұрғыда тәрбиелеуде ықпалы зор.

- Талантты жастарды арнайы іздеп, іріктеу жұмысы жүргізіле ме?  

- Әрине. Біз жыл сайын  өнерпаз студенттердің арасында «Университет таланттары», «Студенттік көктем»  атты байқауларды ұйымдастырамыз. Бұл әсіресе бірінші курс студенттерінің арасында дарынды жастарды іріктеуге мүмкіндік береді. Одан бөлек, басқа да іс-шаралар барысында студенттермен кездесулер ұйымдастырып, үгіттейміз. Талант әрқилы танылады ғой. Кейбіреулер мектеп жасында-ақ түрлі байқауларға қатысып үйренген. Енді бір студенттер бойындағы өнерін бізге келген соң шығарып, ашыла бастайды.  Жалпы, өзім де, университет басшылығындағы өнерді түсінетін жанашыр азаматтардың қай-қайсысы да талантты жастарды тапсақ қатты қуанамыз. 

- «Қазір әнші, бишілер қаптап кетті» деген пікірге қалай қарайсыз?

- Оған қайта қуану керек. Өнерлі жастар көбейген сайын жалпы мәдениетіміз де өседі емес пе? Бір мысал келтірейін. 1974 жылы Балтық  жағалауы елдерінде өткен байқауға қатыстым. Сонда байқағаным, жергілікті жастардың екінің бірі әнші, биші екен. Мұндай ортада бәсекелестік туындайды, ол өз кезегінде өнердің жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашады. Біз де қазір осы  бағытпен келе жатырмыз.  Екіншіден, жастар өнерінің арқасында табыс тауып жатса жақсы емес пе? Көше кезіп, сандалғанның орнына  өнермен шұғылданған әлдеқайда артық. Қайта талантты жастардың көбейе беруін тілеймін.  

 - Студенттермен жұмыс қалай жүргізіледі? Өзге мамандық иелерінің өнермен шұғылдануға уақыты жете ме?  

-  Басқа  факультеттердегі сабақтар мен лекциялар қатаң түрде кесте бойынша жүреді. Ал біз студенттің уақытымен жұмыс істейміз. Өнерлі жасқа қай уақыт ыңғайлы болса, дәрісті сол кезге белгілейміз.  

- Факультеттің жұмысын жетілдіре түсу үшін тағы не істеу керек деп ойлайсыз?

- Менің ойымша, қазір факультет дұрыс бағытта жұмыс жүргізіп келеді. Жуырда маған психолог-маманды жұмысқа алу керек шығар деген ой келді. Студенттік кезең – адам өміріндегі өте маңызды шақ қой. Қазір түрлі секталардың көбейіп кеткені белгілі. Жастар солардың жетегінде кетпесе екен деп ойлаймын. Оның үстіне, әр студенттің жеке басының проблемасы болуы мүмкін. Жастардың өмір қиындығына төзіп, өнерге деген талпынысын, ынтасын өшірмеу үшін білікті психологтың кеңестері қажет.  Жалпы, ізденімпаз жастарға қазір барлық қажетті жағдай жасалған. Университет басшысы Жұмахан Мырхалықовтың тарапынан әрдайым жан-жақты қолдау сезіп келеміз. Өнерпаз студенттердің орындауындағы әндердің аранжировкасын жазып, сахналық костюмдер тігуде, жаңа аппаратура мен аспаптар алуда қаржылай қолдау жасалады. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан, сабағын жақсы оқитын әрі қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын, сондай-ақ республикалық деңгейдегі спорттық  жарыстарда топ жарып, оқу орнының атын танытқан   студенттерге жыл сайын университет тарапынан 50 грант бөлінеді. Елбасының жуырда өткізген интерактивті лекциясы студенттерге де, оқытушыларға да үлкен әсер етті. Тағылым мен тәлімге толы лекциядан көп нәрсе түйдік. Бастысы – білімді ұрпақ тәрбиелей білу. Ел ертеңі – білімді жастар қолында. Студенттер кәсіби білікті маман атанып, әрі жан-жақты дамыған азамат болып қалыптасса еліміздің ертеңі жарқын, болашағы баянды болмақ. Қазір жастардың білім алып, өнермен шұғылдануына керемет жағдай жасалған. Тек осыны дұрыс пайдалана білу керек. Ректордың да студент жастардан талап ететіні осы. 

 Қазір бізге өзге оқу орындарынан арнайы келіп, факультетіміздің жұмысына қызыға қарайтындардың қатары көбейіп келеді. «Өзімізде дәл осындай факультет ашсақ деп едік» деген пікірлерді жиі естиміз. Мұны да жұмысымызға берілген баға деп қабылдаған жөн. Алдағы уақытқа арнаған жоспарымыз көп. Биыл облысымыздың 80 жылдығын тойласақ, келесі жылы университетіміздің 75 жылдық мерейтойын атап өтеміз.  Соған байланысты ОҚМУ-дың өнер шашуы ретінде мерекелік бағдарлама әзірлеп, арнайы Астанаға баруды ойластырып отырмыз.  

Мұрағаттан: 13.09.2012


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең үлкен энциклопедиялық сөздік
  • Әлемдегі ең қымбат кітапты Билл Гейтс қаншаға сатып алды?
  • Әлемде қай жазушының кітабы 2 млрд. данамен тараған?
  • Әлемдегі ең ауыр кітап жинағы қай мемлекетте?
  • Әлемдегі ең «ақылды» көпір
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: