Осыдан бірнеше жылдар бұрын СПИД (ЖИТС) ауруы көптеген елдерде тарап, «XXI ғасырдың обасы» деп, ғалымдар мен дәрігерлер жұрттың үрейін ұшырған болатын. Бүгінде ЖИТС ауруы жан-жақты зерттеліп, аурудың ауыздықталатына сенімді оятатын көзқарас халық арасында қалыптаса бастады. Дегенмен, біздің елде әлде де ЖИТС тақырыбы дұрыс насихатталмай келе жатқанын айтуымыз керек. Осы мәселеге алаңдаған облыстық СПИД орталығының дәрігерлері БАҚ өкілдерінің басын қосып, «Бұқаралық ақпарат құралдарында АИТВ және ЖИТС тақырыбын қозғау» тақырыбында журналистермен семинар өткізді. Жиында дәрігерлер аталмыш аурудың жер бетіне таралуынан бастап, оның белгілері, алдын-алу шаралары, Қазақстандағы ахуалы қандай және БАҚ беттерінде қалай қозғалып келгендігі туралы кеңінен ақпарат тарқатты.
АИТВ және ЖИТС инфекциясы жер бетінде анықтала бастаған соң, ол жайында сан түрлі үрейге толы теріс мәліметтер тарады. Адамның зәре-құтын қашыратын плакаттар, ауруды өліммен теңеген мәтіндер мен суреттер шығарылды. Оны обамен салыстырып, жер жаһандағы адамзат атаулының қырылып кетуі мүмкін деген қауесет те тарады. Осындай ақпараттарды естіген халық абдырап, ауруды жұқтырған науқастарға қылмыскердей қарады. Оның арты науқас адамдардың өмірге деген үміттерін үзіп, қоғамнан өздерінен-өздері сырт қалуына, аурумен күресу ниеттерін төмендетуіне, өлім санының күшейуіне алып келді. Тек соңғы жылдары ғана ғалымдар атынан адам шошитын аурудың басқалар секілді қалыпты ауру екендігі, онымен күресуге болатынын айтып, халықты біршама тыныштандырған тәрізді.
АИТВ және ЖИТС инфекциялары адамнан-адамға тұмау, туберкулез және басқа да жедел жұғатын жұқпалы аурулар сияқты ауа тамшылары, тұрмыстық жағдайлар арқылы жұқпайды. Ол тек қан арқылы, яғни, донорлардан (қан құю немесе трансплантация жасау кезінде), жыныстық қарым-қатынастар арқылы және жүкті анадан балаға өтуі мүмкін. Сондықтан науқас адамдардан оқшауланып, оларды шеттету қате түсінік. Халық денсаулығы және Денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексте АИТВ жұқтырған адамдар басқа адамдармен тең құқықты екендігі жазылған. Заң шеңберінде олар тек қана донор бола алмайтындығы көрсетілген. Егер науқас өзге біреуге ауруын қасақана жұқтырған жағдайда қылмыстық кодекс бойынша үш немесе одан да көп жылдарға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Басқа жағдайлардың барлығында оларға ешқандай шектеу қарастырылмаған. Өзге де аурулармен ауыратын науқастар секілді олардың да аты-жөндері дәрігерлік құпия болып саналады. Сондай-ақ мемлекет тарапынан тегін ем-дом жасау қарастырылған. Бұл Елбасы Жолдауында денсаулық сақтау саласына жүктелген тапсырмалардың ойдағыдай жүзеге асып жатқанын айғақтайды.
Көп жағдайда қоғамға науқастардың нақты саны жөнінде мәлімет берілмейді. Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының ұстанып отырған «Мақсатты бағытымыз – нөл, жаңа АИТВ инфекциясы – нөл, кемсіту – нөл, ЖИТС зардаптарынан болатын өлім-жітім – нөл» деген ұранның түпкі мақсаты – АИТВ, ЖИТС жұқпасын жұқтырған адамдардың өмір сүруге деген үмітін оятып, оның таралуына жол бермеуге үндеу болып табылады.
«Қоғамда неше түрлі адамдар бар. Әркімнің тағдыры әртүрлі. Ешкім де ауруды сұрап алмайды, ЖИТС-ті жұқтырған жандар тағдырларының осылай болғандығына кінәлі емес. Көпшілігі ойлайды ЖИТС-тің соңы тек өліммен аяқталады деп. Олай емес, егер жақсылап ем қабылдаса, Алланың берген жасына дейін өмір сүреді. Енді бұқаралық ақпарат құралдары халықтың көзі, тілі һәм құлағы ғой. Егер журналистер қауымы осы АИТВ және ЖИТС тақырыбы туралы дұрыс бағытта насихат жүргізсе, қоғамда олардың еркін өмір сүрулеріне мүмкіндік көбейер еді»,- дейді облыстық СПИД орталығы бас дәрігерінің міндетін атқарушы К.Маширов.
Семинар соңында дәрігерлер журналистерге науқас адамдармен арнайы кездесу ұйымдастырып берді. Олармен сұхбаттасу барысында байқағанымыз өмірге деген құштарлықтары мықты, көңілді, және бізбен ашық әңгімелесуден қашпады. «Алғашында ауру екенімді естіген жақындарым, таныстарым тіпті дәрігерлердің өздері қашатын. Оның барлығы адамдардың білімсіздігінен деп ойлаймын. Халықты бірақ кінәлай алмайсың. Себебі менің де ЖИТС туралы бастапқы түсінігім жаман болатын. Бірақ қазір жағдай басқаша. Халықтың көзі ашыла бастады. Бізге де бұрынғыдай көзқараспен емес, тең қатарлы жандар ретінде қарайтын болды. Қазір тұрақты жұмысым, отбасым бар»,- дейді науқастың бірі. Ойларымен, сырларымен бөліскен олар ЖИТС-ке шалдыққан адамдарға көмек беретін «Қуат-Шымкент» қоғамдық емес ұйымының бар екендігін ескертіп, мекен-жайын (Шымкент қаласы. Бағызбаева, 9) көрсетуді сұранды.
Елбасы Жолдауында денсаулық саласына айрықша назар аударылғаны елге мәлім. Мемлекет тарапынан қаржылай қолдаудың қомақты болуы да Елбасының сара саясатының жемісі. Енді тек денсаулық саласындағы мамандар осы қамқорлықты сезініп, мүмкіндікті дұрыс пайдалана білсе дейміз. Облыстық Спид орталығының арнайы семинар ұйымдастыруы да осы бағытты көздейтінін көрсетпей ме?
Цифрлар сөйлейді...
Жер жүзінде АИТВ инфекциясын жұқтырған адамдардың саны 34 миллионнан астам екен. Аурудың барлық құрлықтарға таралып өршіп кетуінің себебі қарсы вакцинаның табылмай отырғандығы. Деректер бойынша инфекцияның ең көп тараған аймағы Африка елі болып отыр. Ал Республикалық көрсеткіштер бойынша биыл елімізде 19 183 адам АИТВ инфекциясына шалдыққан. Әлеуметтік топ бойынша ең жоғарғы көрсеткішті (71 пайыз) жұмыссыздар құрап отыр. Инфекцияның таралуы алғашқы кезеңде ерлер арасында көп болса, бүгінгі таңда әйелдердің де қатары көбейіп келеді. 2011 жылы Қазақстанда АИТВ инфекциясына шалдыққандардың 60 пайызы еркек болса, 40 пайызы әйелдер. Қазақстанда жүрген шетел азаматтарын тексеру барысында инфекцияны көп жұқтыратындар көрші Өзбекстаннан келген азаматтар екен. Өкінішке орай соңғы жылдары АИТВ инфекциясын жұқтырғандардың арасында балалардың саны өсіп келеді.
Мұрағаттан: 19.09.2012