Адам баласының қоғамға енуі отбасынан басталып, ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік қасиеттері ата-ананың тәрбиесімен отбасында қалыптасатыны белгілі. Өзге адамдармен қарым-қатынас пен адамгершілікке тәрбиелеуде отбасы алғашқы көмекші, әрі бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы.
Тәуелсіздігін алғалы бері қазақ елі көптеген жақсы жетістіктерге қол жеткізгенімен ұрпақ тәрбиесінде әлі де болса шешімі табылмай жатқан мәселелердің бар екені рас. Жастар арасындағы құқық бұзушылықтың, қылмыстың көбеюі, жасөспірімдердің зиянды заттарға әуестенуі және рухани-адамгершілік тәрбиенің әлсіреуі осы сөзімізге дәлел бола алады.
Конституциямыздың 27 бабында «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті» деп белгіленген. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес кәмелетке толмағандар арасында орын алатын құқық бұзушылықтар үшін әке-шешелері, заңды өкілдері жауап береді. Баланың азамат ретінде қалыптасуында орын алатын негізгі тұлға ата-ана десек, біздер, яғни ата-аналар өз құқықтарымызды, бала тәрбиесіндегі мақсат-міндеттерімізді, жауапкершілігімізді, оларға адамгершілік-рухани тәрбие берудегі рөлімізді білеміз бе? Білсек те, оны толық орындап жүрміз бе? Өкінішке орай, көбіміздің оны білуге құлқымыз да жоқ, немқұрайлы қарайтынымыз да жалған емес. Кейбір ата-аналар «қайтіп үйімді қымбат жиһазға толтырамын, жақсы көлік мінемін» деп алас ұрса, кейбірі «қайтіп тамақ табамын» деп есі шығып, бала тәрбиесін уысынан шығарып алуда. Қала берді, үйде отырған кейбір аналар бала тәрбиесімен айналысу орнына сағызша созылған шетелдік сериалдарды жібермей көремін деп, теледидардың алдынан шықпай қояды.
Отбасы тәрбиесіндегі әкелердің белсенділігі тіпті төмен екені де өкінішті. Арнайы жүргізілген сауалнама қорытындысына қарасақ, отбасында бала тәрбиесімен 61 пайыз аналар айналысса, 7 пайыз әкелер, 13 пайыз әке мен ана бірлесіп атқарады екен. Ал, ата мен әжелердің үлесіне 19 пайызы тиеді екен. Бұл қоғамда бала тәрбиесі негізінен аналардың мойнына жүктелгенін көрсетеді. Баланың, әсіресе, ұл балалардың тәрбиесіне әкелер жағы көбірек үлес қосса, нәтижелі болатыны дәлелденген дүние. Сондай-ақ, көңіл аударар тағы бір мәселе, қазіргі кезде бала тәрбиесіне бағытталған мұғалім, ата-ана, қоғам арасындағы өзара байланыс алшақтай түскен. Бұл, әлбетте, жас ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізуде.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекске бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені қуантады. Мәселен, ендігі жерде заңды өкілдері ертіп жүрмеген кәмелетке толмағандардың сағат түнгі он бірден таңғы алтыға дейін тұрғын жайдан тыс жерлерде, ойын-сауық мекемелерінде болғаны үшін олардың ата-аналары да, ойын-сауық мекемелерінің өкілдері де әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін, темекі бұйымдарын сатқаны үшін де әкімшілік жазалар көзделген. Алайда, бұл өзгерістердің қолданыста екендігіне қарамастан, ересектер тарапынан құқық бұзушылық фактілері әлі де болса кездесетіні қынжылтады.
Ф.Болысбекова,
Б.Момышұлы атындағы оқу орталығының аға оқытушысы
Мұрағаттан, 31.05.2012 ж