Ақсүмбенің ақсұңқары

Screenshot_30.jpg

Биыл тұғыры биік тұлғалар Тұрар Рысқұловтың, Сәкен Сейфуллиннің, Ілияс Жансүгіровтың, Бейімбет Майлиннің және Сұлтанбек Қожановтың туғанына 115 жыл толып отыр. Қазақ халқының мақтанышына айналған бес арыстың арасынан Сұлтанбек Қожановты насихаттау жағы кемшін соғып жататыны жасырын емес. Осыдан 15 жыл бұрын олардың 100 жылдығын тойлау туралы Үкіметтің арнайы қаулысы шыққанда әлгі бестіктің тізіміне Қожановтың қосылмай қалып, артынан айқай-шудан кейін өрескел кемшіліктің түзелуі тегін деймісіз. Әйтпесе, бұл бесеу де «тар жол, тайғақ кешудің» кезеңін бірге бастан өткерді. Бес саусақтай бірігіп, жұдырықша жұмылып, ел мұраты үшін жұмыс істеді. Бір-біріне арқа сүйеген азаматтардың арқалаған азабына дейін бірдей. Құдайдың өзі қосқан құрдастардың бірге атылғанын да қайтерсің? Тіпті, арман-тілектері ортақ олардың отбасы мүшелеріне дейін бірге қуғындалып, әйелдері «Карлагта» кездесті. Ұлт мүддесін көздеп, тағдырлары тәлкекке түскен тұлғаларымызды қаншалықты танимыз? Танысақ та, таным-түсінігіміз тиісті дәрежеде ме? 

Сұлтанбек Қожанов қарт Қаратаудың қарасүйір тұсындағы аңызға толы Ақсүмбе ауылында орта шаруа отбасында туылған. Жастайынан ескіше хат танып қалған ол Түркістан қаласындағы орыс-түзем мектебінде оқыды. Одан әрі үш жыл училищеде білімін жалғастырды. Зеректігімен танылған Сұлтанбек мұнымен тынбай Ташкентке сапар шегіп, мұғалімдер семинариясына құжат тапсырады. Қабылдау емтихандарынан сүрінбей өтті. Осы семинарияда сапалы білімге сусындай жүріп, «Кеңес» дейтін құпия ұйымды құруға қатысты. Саяси көзқарасын қалыптастырды. Бұл 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің шарықтау шегіне жетіп, ақ патшаның тақтан құлаған кезі еді. Санасы сілкініске толы Сұлтанбектің еңбек жолы ұстаздықтан басталды. Түркістанда уездік оқу бөлімінде қызмет атқарды. Сырдария облыстық ревкомының төрағасы тізгінін ұстады. 1920 жылы жер шаруашылығы халық комиссариатына басшы болды. «Жер-халықтікі. Феодалдар заңсыз алған жерлерін халыққа қайтарсын» деп батыл бастама көтерді. Ашаршылыққа қарсы комиссияны басқарып, талай адамды ажал тырнағына ілігуден аман сақтап қалды. Ішкі істер халық комиссары қызметін абыроймен атқарды. Түркістан орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді. 1924 жылы РКП (б) қазақ облыстық комитетінің хатшылығына сайланды. Бұл комитет көп ұзамай өлкелік ұйым аталып, Сұлтанбек Қожанов екінші хатшылыққа жоғарылады. Бұдан бөлек, Ташкенттегі мақта-ирригациялық политехникалық институтты ашуға атсалысты. Оқу орнының алғашқы ректоры атанды. Орта Азия мақта одағы басқармасының төрағасы ретінде де ұйымдастырушылық қабілетін, іскерлігі мен білімділігін даусыз дәлелдеді. 

Screenshot_31.jpg

Міне, Сұлтанбек Қожановтың өмірбаяны қысқаша осылай өрнектеледі. Ал, кешегі Кеңес Одағына кеңінен тараған, атақ-даңқы, абырой-беделі, еліне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екенін ұмытпауымыз қажет. Оның революция көсемі Ленин мен «қылышынан қан тамған» Сталинді басындырмай, терезесі тең адам ретінде сөйлесуінің өзі неге тұрады? 1921 жылы Мәскеуде бүкілодақтық съезд өтіп, Ленин баяндама жасайды. Жарыссөзге Сұлтанбек Қожанов та шығып, терең талдауға толы парасатты пікір білдіреді. Бұған разы болған Ленин қолын алып, арқасынан қағып, «жарайсың, қызу қанды қазақ!» депті. Енді бірде үлкен жиында мінберге көтерілген кезінде Сталин «Сөйле, Орта Азияның Шыңғыс ханы» деп қағытыпты. Сонда Сұлтанбек тайсалмастан «Сөйлесек, сөйлейміз, мұнда Грузияның князы да сөйлеп жатыр ғой» деген екен. 

«Түркістан республикасының халыққа білім беру жөніндегі халық комиссары қызметіндегі Сұлтанбек Қожановтың жұмысына баға» деген тарихи құжатқа сүйенсек, «Қожановтың күш-қуаты зор, инициативалы, өзінің ведомствосының жұмысын ортақ, мемлекеттік міндеттермен ұштастырып отырады, қызметкерді және басшыларды іріктеудегі қабілеті зор, белгіленген міндеттемелерді жүзеге асыруда талапшыл, Түркістан жағдайындағы халық комиссары ретінде оны ешкім алмастыра алмайды. Негізгі қызметінен басқа Қожанов жолдас жер шаруашылығы жөніндегі халық комиссары қызметін де атқарды. Мұнда ол өзін жұмыстың жағдайын білетін жақсы басшы ретінде таныта білді» дейді. Осыдан-ақ Сұлтанбек Қожановтың қандай басшы болғанын бағамдай беруге болады. Еліміздің бірінші Конституциясының қазақ тілінде жарық көруіне ерекше еңбек сіңірген. Наурыз мейрамының тойлануына, ұлттық салт-дәстүрдің дәріптелуіне қомақты үлесін қосқан. «Түбі бір – түркі халқының» туыстығы ажырамауына, ынтымағы ыдырамауына алаңдап, Бакуде өткен бүкілтүркология кеңесіне қатысқан. Құнды баяндама жасаған. Ол Ахмет Байтұрсыновты өзінің рухани ұстазы санаған. Мағжан Жұмабаевтың өлеңдер жинағын бастыруға көмектесіп, алғы сөзін жазған. Қазақ елінің астанасының Орынбордан Ақмешітке көшірілуін жүзеге асырған. Ташкентте қазақ тілінде шығатын «Ақ жол», «Шолпан» басылымдарындағы «Тоқпақ» және «Замандас» деген бүркеншік аттар Қожановтікі екен. Қожановты ұлтшылдығы үшін айыптап, 1938 жылы ақпанда «халық жауы» ретінде атқан. Оның жары Күләнда 11 жыл абақтының азабын арқалап ауылға оралғанда «халық жауы» дейтін атақтан халықтың қорқып қалғаны соншалық өз туысқандарының амандасуға да батылы бармапты. Ал қыздары Зиба «халық жауының қызы» ретінде көзге шұқи берген соң Мәскеуге көшіп кетіп, фамилиясын «Жукова» деп ауытырып алады.

Сұлтанбек Қожановтың 90 жылдығы Сарыағаш ауданында туған інісі Қамар қарияның үйінде жасырын тойланды. Сол кездегі солақай саясаттың сұсынан сескенбей Шерхан Мұртаза бастаған бір топ зиялы қауым тойға қорықпастан арнайы келді. Үкіметтің қаулысына сәйкес 100 жылдығы тойланғанда  аудандағы бір мектепке аты беріліп, бюсті орнатылды. Ал 110 жылдығы кіндік қаны тамған Созақ ауданында 3 күн бойы ұлан-асыр тойланды. Алдымен ұлтын сүйген ұл түлеп ұшқан Ақсүмбе ауылында ас беріліп, арыстың аруағына құран бағышталды. Аудандық «Мыңжылқы»Мәдениет үйінде жазба ақындар байқауы ұйымдастырылып, бас бәйгеге жеңіл автокөлікғң тігілді. Ертеңіне мемлекет және қоғам қайраткерінің болмыс-бітімін жан-жақты ашып көрсеткен ғылыми-теориялық конференция өтті. Мәртебелі меймандар Сұлтанбек Қожанов атындағы мұражайдың тыныс-тіршілігімен танысып, есімін ел ұмытпайтын ердің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Үшінші күні той думаны ат спорты ойындарына ұласып, Теріскейдің ақ бесігін үш күн бойы ұлттық рух тербетіп тұрды. «Ақсүмбенің ақсұңқары» атанған алыпты ардақтауға іскерлігімен, ұйымдастырушылық қарым-қабілетімен, ең бастысы ұлттық мүддені, ұлттық рухты ұлықтауға деген жанашырлығымен  елдің ықыласына бөленіп келе жатқан аудан әкімі Созақбай Әбдіқұловтың еңбегі зор екенін ерекше атап айту қажет.

Ғалымжан Елшібай, 

"Жас Алаш" газетінің меншікті тілшісі

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең үлкен энциклопедиялық сөздік
  • Әлемдегі ең қымбат кітапты Билл Гейтс қаншаға сатып алды?
  • Әлемде қай жазушының кітабы 2 млрд. данамен тараған?
  • Әлемдегі ең ауыр кітап жинағы қай мемлекетте?
  • Әлемдегі ең «ақылды» көпір
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: