"Сіз қалай отау құрдыңыз?" айдарының қонағы:
Пернебай Әбубәкіров, Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары:
- Мектепті Шымкент қаласындағы Жамбыл атындағы орта мектепті бітірдім. Күміс медальмен. Орысшам оңып тұрмаса да Технологиялық институттың механика факультетіне оқуға түстім. Ең ауыр факультетті таңдаған екенмін. Бұл 1965 жыл болатын. Осы жылы соғыстан мүгедек болып оралған әкем де дүние салып, қайғыдан қара жамылып қалдық. Анам менің алдымда жеті құрсақ көтергенімен, шетінен шетіней беріпті. Сол себепті үйдің үлкені мен болып қалдым. Менен кейін тағы екі інім бар. Ертеңгі күнгі жауапкершілігімді сезініп, сабақты жақсы оқуға бар күш-жігерімді салдым. Бойымдағы дарынымды да орынды пайдалануға тырыстым. Сөйтіп, алғашқы курста жүріп-ақ, біраз талантты курстастар бас қосып, студенттік «халықтық театр» аштық. Екінші курста оқып жүргенде сахна төрінде бірталай ролдерді сомдап, әртіс болғаным бар. Үшінші курста оқып жүргенде әлдекімдердің көзіне түскен болуым керек, театр институтына оқуға ұсыныс түсті. Үйдегілермен ақылдасып едім, түбегейлі қарсылық білдіріп, жібермей қойды.
Үшінші курсқа барғанда институтқа түсуге құжат тапсырғандардың құжатын тексеріп, өнерге қатысы барларды іріктейтін болдық. Мақсатымыз -- талантты жастарды қатарымызға қосып алу. Сонда ақтөбелік Рабаева Әлия Еренқызы деген қыздың мінездемесіне көзім түсті. Комсомол болған, театрда ойнаған, түрлі үйірмелерге қатысқан «активистка» екен. Содан өзіміз іріктеген қыз-жігіттермен жаттығу жүргізуге арнайы жарақтандырылған жатақхананың «подвалында» дайындық жұмыстарын жүргізе бастадық. Сол кезде Ж.Шанин атындағы театрдың маманы Алтын деген апайымыз келіп, бізге режиссерлік жасайтын. Әлгі мінездемесіне көзім түскен қыз да келді. Қазақша жақсы білмейді, орысша сөйлейді екен.
Студент атаулы стипендия алған кездері екі-үш күн бай болып қалатыны бар емес пе?! Сол оқу жылының алғаш «байыған күні» бір-екі жігіт бас қосып, әлгі қатарымызға қосылған қыздарды киноға шақыратын болдық. Кинодан кейін отырыс ұйымдастыруға келістік. Қолымызда сол кезде сәнге айналған «Айгүл» деген шарабымыз бар. Арамызда үйінде еркелеу болып өскен ауылдың бір жігіті болатын. Менен бір-екі жас кішілігі бар. Сол жігіт ай-шай жоқ ақтөбелік Әлияны маған қатыстырып, «жеңге» деп айтып салмасы бар ма. Орысша тәрбиеленген Әлия орнынан секіріп тұрып кетті. «Не деген феодализм, не деген жабайылық, біз әлі бір-бірімізді танымаймыз да» деп қатты ашуланды. Ойындағысын бетіңе тура айтып тастайтын тік мінезі бар екен. «Мен оған айт деген жоқпын, айтқан ол ғой мен емес» деп ақталып жүрмін. Бірақ, бәрібір айтқаныма көнбеді. «Мен осында оқуға кеткелі жатқанда «сен енді сол жақта қалатын болдың, оңтүстікке барма, олар қалың мал төлейді, әйелдерін үйінде күң құсатып ұстайды, оқытпайды» деп жылап айтып еді, рас екен, сенің феодалист екенің бірден көрініп тұр. Әлі атымды да білмейсің, жеңге деп айтқызуға қандай құқың бар?» деп айтып салды. Сол күні кино бітпей қайтуға мәжбүр болдық. Бір аптаға дейін мүлдем сөйлемей қойды. Мені көрсе ашуланып, теріс қарап кетеді. Тіл табыса алмай үйге талай қапа болып келген кездері бірге жататын жолдастарым «ей, Пернебай, не қыласың басыңды ауыртып, сен оңдырып орысша сөйлей алмайсың, ол қатырып қазақша білмейді, жүр ғой әне өзіміздің Шымкенттің, Қызылорданың қыздары, өзің таланттысың, мықты қыздарды әлі-ақ тауып аласың» деп ақыл айтатын. Мен де «осы қызды алмай қоймаймын, намысыма тигені үшін» деп алған бетімнен қайтпадым. Ол үлкен лауазым иесінің қызы, ағалары да үлкен қызметкерлер деген ой мүлдем болмаған екен.
Осылай сәтсіз басталған таныстығымыздың соңы шынайы махаббатқа ұласты. Оны өзіме қарату үшін талай терлеуге тура келді. Өзімнің бойым оңып тұрмаған, салмағым да бар болғаны 45-46 килограмм болатын. Үйде жалғыз шешем, дұрыстап киіне де алмадық. Қыздың алдында сұлу көріну үшін жолдастарымның пальтосын киген кездер де аз болмады. Пальтоның кеңдігіне де қарай бермедік. Шалбарды жуып, кроваттың сеткасына қойып, үстіне матрац төсеп, таңертең тор-тор болған күйі киіп бара бердік. Ақша табу үшін алғаш қара жұмысқа жегілсем, кейін тамадалықты тәп-тәуір табыс көзіне айналдырдым. Әлия болса, аудан басқарған үлкен лауазымды кісінің қызы болған. Солай бола тұрса да, адалдығының арқасы шығар, бойында менменшілдік, менсінбеушілік, өркөкіректік секілді жаман қасиеттер болмады. Сөйтіп 1968 жылдың 13 қыркүйегіндегі таныстығымызға екі жыл, жеті күннен кейін шаңырақ көтеру бақытына ұласты.
Шыны керек, алғашында қыздың әке-шешесі мені дұрыс қабылдай алмады. «Өзбекке тигенсің бе, түрі өзбек секілді ғой» деп айтқан кездер де болды. Кейін мені өз балаларындай өте жақсы көріп кетті.
Алғаш отбасы болғанда қатты қиналдық. Пәтерден пәтерге көшіп жүрдік. Тіпті, қыстың қақаған аязында, желтоқсанның 12-күні қолымыздағы шақалағымызбен пәтерден шығарып жіберген кездер де болды. Сонда «менің де өз үйім болатын заман келер ме екен, анамды қолыма алар ма екенмін» деген ауыр ойлардан шыға алмайтынмын. Өйткені, анам ауылда, суына дейін тасып ішеді. «Баласы оқуын бітірді, жұмыс істеп жатыр, анасын қинамай қолына алмай ма?» деген ауылдың сөзі бар ғой. Осыдан қатты қиналдым, жүрегім жылайды. Бірақ, әйелім студент, бір қызымыз бар. Айлығым күн көрісімізге әрең жетеді. Анамды қалай қолыма аларымды білмедім. Үйленгенде томпақ болған Әлия қатты азып кетті. Өмірінде пешке жақындамаған ол көмір жағып, нан пісіретін болды. Бір жағынан оны осындай жағдайға өзім жеткізгендей намыс өлтіріп барады. Ең бастысы, өмірімнің қиын кезеңдерін таңдаған жарым мойымай бөлісе білді. Шыдамдылық танытты. Сонысына ризамын. Құдай қаласа, келесі жылы шаңырақ көтергенімізге 40 жыл толғалы отыр.
Құдайдың бергені болар, Әлия екеуіміз үш қыз тәрбиелеп өсірдік. Төрт немерем бар. Адал жар жолықтырып, алтындай перзенттер сыйлаған тағдырыма ризамын.
Дайындаған Шадияр Молдабек,
"Рейтинг" газеті