Оңтүстік Қазақстан облыстық жер қатынастары басқармасының бастығы Өскенәлі Панзарбекпен сұхбат:
--Өскенәлі мырза, жұртшылыққа белгілі, облыста жерді қадағалаумен айналысатын екі бірдей мекеме бар. Бірі өңіраралық жер инспекциясы, екіншісі өзіңіз басқарып отырған жер қатынастары басқармасы. Екі мекеменің де илегені бір терінің пұшпағы. Сіздердің міндеттеріңіз қандай, инспекцияның атқаратын шаруасы қайсы? Осының аражігі көпшілікке түсініксіздеу.
--Бұған дейін жер ресурстарын басқару басқармасы деп аталып келген мекеме 2007 жылы өңіаралық жер инспекциясы болып құрылды. Ол тікелей жер ресурстарын басқару агенттігіне бағынады. Аты айтып тұрғандай, бұл мекеме инспекциялық мәселелермен айналысады. Яғни, жерді қорғау, оны тиімді пайдаланудың заңдылықтарын қадағалайды. Ал, жер қатынастары басқармасы Жер кодексінің 14-1 бабына сәйкес жер қатынастары мәселелері бойынша облыстық уәкілетті орган болып табылады. Оның негізгі құзіретіне жер қойнауын пайдалану және магистралды құбырлар, мұнай, және газ өңдеу нысандарын салу, жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру әрі кеңейту мақсатында жер учаскелерін беру және осындай мақсаттарға жер учаскелерін мемлекет мұқтажына мәжбүрлеп иеліктен шығару жөніндегі ұсыныстарды мен шешімдердің жобаларын дайындайды.
--Сіздерге жүктелген тағы бір міндеттің бірі—жер алуға өтініш берген азаматтардың тізімін сараптау. Қазір өтініш берушілдердің қатары Шымкентте, жалпы облыста қаншаға жетті?
--2005 жылдан бері қарай жеке тұрғын үй құрылысы жер алуға өтініш берушілердің тізімі біршама ретке келтірілді. Сол жылдың 1 қаңтарынан бастап бүгінге дейін Шымкентте жер алуға өтініш берушілердің саны 55 мыңға жуықтаған болатын. Былтыр 13 мыңға жуық азаматтың өтініші қанағаттандырылды. Яғни кезекте тұрушылардың саны 42 мыңға жуық. Ал облыста бұл көрсеткіш 151 438-ге жетіп отыр. Республикада ең көп өтініш біздің облыста. Екінші орында Маңғыстау облысы, үшінші орында Алматы қаласы. Ал, енді өтініштерді қанағаттандыру мәселесіне келсек, Солтүстік Қазақстанда өтініштер 81 пайызға, Қарағандыда—62 пайызға қанағаттандырылған. Біздің облыста бұл көрсеткіш 45 пайызды құрайды. Орындалу пайызы жағынан біз үшінші орында болғанымызбен, жер телімдерін берудің саны жағынан бірінші орындамыз. Республикада берілген жер телімдерінің жартысынан көбі Оңтүстіккке тиесілі. Бір айта кетері біздің мекеме жер берумен тікелей айналыспайды. Біздің міндетіміз жер алуға өтініш берушілердің тізімін сараптау, оны жариялы, ашық болуын қамтамасыз ету. Өйткені Елбасымыз былтырғы Жолдауында жер бөлуді барынша ашық әрі жариялы болсын деген болатын.
--Сіз мынаны айтыңызшы, жер алуда кімдерге артықшылық берілген?
--Жер бөлуде ешкімге артықшылық берілмеген. Ол тек тізімге қарай кезекпен берілуі керек.
--Олай болса, жер саласына жетекшілік ететін шенеуніктердің осы тізімді сақтай бермейтіні қалай. Тіпті жер әлі өтініш тапсырмаған азаматқа немесе кәмелеттік жасқа толмаған мектеп оқушысына беріліп кетеді…
--Біз былтыр осы бағытта біраз жұмыстар атқардық. Тізімде тұрған азаматтар нақтыланып, сараптамадан өткізілді. Өзіңіз айтқан кәмелетттік жасқа толмағандар, бұрын жер алып қойғандар тізімнен шығарылды. Ендігі мақсатымыз--жер алғандар оны кезек бойынша алды ма жоқ па, осыны сараптау. Биыл осы бағытта жұмыс атқармақ ойымызда бар. Аудан, қалаларда жер алуға өтініш берушілермен бірге жер алғандардың да толық тізімін ілдіретін боламыз.
--Сіз басқарып отырған басқарманың жыл соңында облыс әкімінің алдындағы есеп беруі “қанағаттанарлықсыз” деген баға алды. Бұған не дейсіз?
--Есеп беруге “қанағаттанарлықсыз” деген бағаға мен келіспеймін. Өйткені есеп беруде сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ислам Әбішев бірнеше негізсіз сын ескертпелер жасады. “Жер қатынастары басқармасы облыс орталығындағы жер телімдерінің базалық ставкасының төмендеуіне ешқандай әрекет жасаған жоқ. Басқа облыстарда ол төмендетіліп жатыр. Біз қарап отырмыз. Соның есебінен бюджет 9 млрд. теңгені ала алмай қалды” деген сөзге шындыққа жанаспайды. Біріншіден, 2008 жылы базалық ставкілер жөнінде ҚР Үкіметтің үш қаулысы шықты. Үш қаулыда да облыс орталықтарының базалық ставкілері төмендетілмей, керісінше көтерілген. Оның үстіне Елбасы тапсырмасына сәйкес құрылған жұмысшы топтың анықтамасында және Үкімет басшысы К.Мәсімовтың Елбасының атына дайындаған анықтамасында “облыс орталықтарының базалық ставкілерін бұрынғы төмен мөлшерінде нарықтық бағаға жақындату облыс орталықтарында жер телімдерін саудагершілікке айналдырудың алдын алатын экономикалық тұтқалардың бірі болып табылады” делінген. Осыны ескеріп біздің басқарма ұсынысымен Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасына хат жолданды. Ол хатта “облыс орталығының базалық ставкісін 1230 теңгеде қалдырып, ауылдағы халыққа жағдай жасау мақсатында елді мекендердегі жердің базалық ставкасы пайызын 181 теңгеден есептеуді қолдаймыз” делінген. Агенттікпен бірнеше мәрте келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде Үкімет атынан Парламентке Жер кодексіне өзгеріс енгізу ұсынылатын болды. Ол ұсыныста облыс орталықтарының ставкасын белгілеу Үкімет құзыретінде, ал аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың базалық ставкаларын жергілікті атқарушы органның құзыретіне беру айтылған. Ислам Әбішевтің “жер қатынастары басқармасы жер учаскелерін сатудан, жалға беруден түсетін түсімдерді төмендетіп жіберді” деген сөзі де түсінбеушіліктен туындаған. Жер кодексі бойынша жерден түсетін түсімдерді қамтамасыз ету салық заңнамасы арқылы реттеледі. Жер сатып алушымен және жерді пайдаланушымен келісім шарт жасасатын қалалық, аудандық жер қатынастар бөлімдері. Біз бұл мәселеде тек мониторинг жүргізумен шектелеміз. Облыс әкімінің бірінші орынбасарының, сондай-ақ, бас инспектор Т.Құнанбаевтың басқа да сын-ескертпелерінің негізсіз екендігін облыс әкіміне жолдаған қызметтік хатымда толық жазғанмын.
--Жер алу жөніндегі мәселеге қайта оралсақ. Шымкенттіктер ұлтарақтай жерге зәру. Ал жер телімі кейде сырттан келгендерге беріліп кетеді. Жалпы, жер алуда азаматтың тұрғылықты мекен жайы неге ескерілмейді?
--Заңда азаматтар жер телімін тек өзі тұрып жатқан аймақтан ғана алсын деген бап жоқ. Ата заң бойынша азаматтар жерді бір рет тегін алуға құқылы. Ол құқық бойынша жер телімін Қазақстанның кез-келген аймағынан алуына болады. Бір облыстан бір жер, екінші облысқа барып екінші қайтара жер алу деген бұрын болған. Бірақ бұған бақылау күшейтілді. Қазір мемлекеттік жер кадастарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі іске асып жатыр. Азамат жер телімін Қазақстанның қай қиырынан алса да ол компьютердегі базада тіркеуде тұрады.
Дегенмен бізде әлі де шешімін таппаған мәселере бар. Мысалы, Жер кодексінде ауыл шаруашылығы жерлерін сатып алудың ең жоғарғы шегі көрсетілген, ал ең төменгі шегі көрсетілмеген. Оның не керегі бар дейсіз ғой. Адамнан қулық артылған ба, ауыл шаруашылығы жерлерін аздаған мөлшермен сатып алып, артынан оны 8-10 соттықтан бөлшектеп сатқан жайттар кездесіп жатыр. Осы мәселенің алдын алу үшін ауыл шаруашылығы жерлерін сатудың ең төменгі шегін нақтылау керек.
--Кейінгі кезде жер телімдері алаяқтардың саудасына түсіп кеткенін жақсы білеміз. Жер бизнесі ең тиімді табыс көзі болып тұр ғой. Осының алдын алудың жолы бар ма?
--Жердің саудаға түсіп кеткенін жоққа шығаруға болмайды. Бұл қарапайым халық арасында әлеуметтік наразылық тудырып, жергілікті биліктің жұмысына кері әсер етуде. Бізде мынадай ұсыныс бар: жеке тұрғын үй құрылысына тегін берілген жер учаскелеріне құрылыс біткенге дейін және жылжымайтын мүлікті тікеу орталығында мемлкеттік тіркеуден өткенге дейін жерге байланысты барлық келісімді тоқтату туралы Жер кодексінің 50-бабының 2-тармақшасына өзгеріс енгізу керек. Бұл ұсыныс алдағы уақытта Парламентке жолданатын болады.
--Әңгімеңізге рахмет!
"Рейтинг" газеті