Ұлтжанды, ұлағатты ұстаз, білікті басшы

Screenshot_5.jpg

Сабақ аяқталды. Оқушылар сыртқа беттеген. Әлгінде ғана мүлгіген тыныштық құшағында тұрған мектептің ауласы әп-сәтте шуға толды. Бұл жалғыз. Қашанда солай. Мектептен ұзай бере мұны бір топ бала қоршап алды. Сөз жоқ. Бірінің қолы, бірінің аяғы мұның кішкентай денесін табуда. Жалғыз не істесін. Әлгі топтан жақсылап таяқ жеді. Бала ғой, жылады. Басқа жерден көшіп келген мұны бұл ауылдың бұзықтары осылайша бөлектейді. Топқа қосар емес. Алғашында жылап үйге барған. Шағым айтатын аға, бірге жыласатын іні, болысатын ағайын жоқ.  Үйде сирек болатын әкенің қолы шаруашылықтың жұмысынан босамайды. Анасы бауырына басып, мұнымен қосыла жылаған соң, кейін көздің жасын үйге жеткенше құрғатып баратын болған. Үйде де әлгі төбелес ойынан кетпейді. Бойды кернеген ашу-ыза мен қанды қыздырған намыс бір орында отырғызар емес. Жұдырығы қаттылау тиген әлгі баладан қалайда ақысын алу керек. Түн жарымына дейін осы ойды «пісіреді», амалын ойластырады. Сонан соң... Жұрт ұйқыда. Бұл ояу. Түн жарымы ауа анасына білдірмей сыртқа шығады. Дайындап қойған жұдырықтай тасты қалтасына салады. Түнгі аязды да елемейді.  Жалғыз ұзын көшесі бар ауылдың аяғынан басына қарай аяңдайды. Әлгі «бұзықтың» үйіне жақындап келіп, жұдырықтай тасты құлаштап лақтырады. Терезе сынып, үйде шу. Үлкен бір істі тындырғандай бұл кері қайтады. Енді қайтпек, ауылдың балалары жеке тиіспейді, жабылады ғой... Жекелей демекші, әлгілердің бірін бұл жақсылап төмпештеген болатын. Ол кезде бүгінгідей коньки жоқ. Ағашқа сымтемір байланған ауыл балаларының қолдан жасаған конкилері жақсы-ақ сырғанайтын. Төбелес сол конькиге таластан туды. Бұл мықты шығып, тартып алған-ды. Бірақ қуанышы ұзаққа бармады. Әлгі баланың әскерден келген ағасы керзі етігімен тепкілеп тастады. Кішкентай деп аямады. Жаңылдым деп бұл жалынбады. Денесін ала алмай апта бойы үйінде жатты. Сонда ғой, еңгезердей жігіттен таяқ жегеніне намыстанып, жұртқа көрінбей жатып алған...

Бала кездегі сол бір қайсарлық, намысқойлық, айтқанынан қайтпайтын бірбеткей табандылық бүгінде алпысқа толып отырған Ұлықпан Мүсінұлының мінезінің іргетасы іспетті қаланған еді. Кейінде жоғары оқу орнында оқып жүргенде де, үлкен қызметтерде де басшы демей, басқа демей шындықты бетке айтатын қайсарлығы қалған емес. Жұрт бетіне келе алмайтын базбір басшыларға Бәшеннің немересі ойындағысын айтып салатын. Оны бірі түсінгенмен, бірі жақтырмағаны анық. Ал, ұзақ жылдар бойы білім саласында қызмет етіп келе жатқан Ұ. Бәшеннің бойындағы адалдық пен еңбекқорлық, жауапкершілік пен іскерлік әкеден қалған «мұра», ортаның тәрбиесі. Жоғарыда айтып өткен Жуантөбе ауылы жаңадан құрылған шаруашылық болатын. Сонау Түркменияда қаракөл қой шаруашылығын 20 жылға жуық басқарған Мүсінді осы шаруашылықтағы ферманы басқаруға шақырған ғой. Шаруашылық жағдайы мәз емес, артта қалған. Қатты суық болып, мал көп шығынға ұшыраған. Міне осы шаруашылықты аяғынан тұрғызуға келген Мүсін Бәшенұлы бар басшылықты қолына алған. Үй бетін көрмейтіні сондықтан. Айтпақшы, шыққан тегі сол ауылдағылардікіне сәйкес келмейтін жаңа басқарманы да жұрт жатырқай қарсы алыпты. Дегенмен, еңбекқор, іскер азамат, білікті басшы шаруаның көзін тауып, шаруашылықты алдыңғы қатарға шығарған. Ауылдағылар мойындап, ауданға, облысқа жақсы көрсеткішімен танымал болған Мүсін Бәшенұлының есімі республиканың алтын кітабына жазылған, Мәскеудегі ВДНХ-ның марапаттарына ие болған, «Еңбек Қызыл Ту» орденін кеудесіне таққан. Әкеден Ұлықпанға қалғаны осындай өнегелі өмірі мен ел есінде сақталған абыройлы еңбегі.

Мектеп бітірген соң Ұлықпан Мүсінұлы Шымкенттегі педагогикалық институтқа түсті. Бұл арада да әкенің ықпалы болғанын айта кетелік. Балалардың үлкені Ұлықпан әдебиетке жақын болды. Кітапты көп оқитын оқушы баланың мақалалары аудандық «Молшылық үшін» газетінде жиі жарияланатын. Соған қанаттанған ол журналист болғысы келіп, іштей ҚазМУ-дың журфагіне дайындалады. Ойын әкесіне де айтады. Ал, әкенің баланы алысқа жібергісі жоқ. Сөйтіп, әкесі журналистикаға жақын екенін айтып, пединститутың қазақ тілі мен әдебиет факультетіне түсуге көндірген ғой. Ал, енді бүгінгі полковник Ұлықпан Бәшеннің әдебиеттегі, өмірдегі үлкен ұстазы қазақтың біртуар ұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенев. «Ол кісі әкемнің ағайын інісі болып келеді. Әкем екеуміз қалаға, Жұмабек ағаның үйіне түске жақын келіп жеттік. Амандық саулық сұрасып, дастарқан басына жайғасқан соң әкем келген себебімізді айтты. Менен қандай оқу орнын, қандай мамандықты таңдағанымды сұрап білген соң Жұмекең: 

-- Балаң Абайды оқыған ба? – деді әкеме қарап.

-- Оқыған

-- Балаң Абайды оқыған болса, институтқа түседі, -- деді Жұмекең сеніммен.

Ол кезде аса мән бере қоймаған бұл әңгімені қазір ойлап отырсам, Жұмекең әдебиетші болам деген бала Абайды оқып, оны түсіне білуі тиіс дегенді білдіргісі келген секілді. Студент кезімде де, оқуды бітірген соң да Жұмекеңнің үйіне бара қалсам, әдебиетке қатысты сұрақтарды маған көп қоятын. Адал болу, таза жүру, көп оқу, талмай іздену, ерінбей еңбек ету қажеттігін маған үнемі айтып отыратын», -- дейді Ұлықпан Мүсінұлы сол бір күндерді еске ала.

Ұстазының өнегелі өсиетін жадынан шығарған емес. Ізденімпаздығының нәтижесінде биік асуларды алды. Қара сөзге шебер, ақындығы және бар. Осыдан жиырма жылдай бұрын Ұлағаң Қызылордаға білімін жетілдіруге бармай ма. Үш айға. Сол үш айда білімін жетілдіргені бір бөлек, қалың көк дәптер өлеңге толған ғой. Әрине, өзін ақындардың қатарына қоса қоймайтын Ұлықпан аға ол өлеңдерін еш жерде жарияламаған. Ерекше бір сезімдер еркелей оралған жастық шақтай бүгінде қолына қалам алғызады екен. 

Жоғары оқу орнын бітірген жас маман еңбек жолын Келес арнайы мектеп-интернатында мұғалім болып бастады. Біліктілігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен Ұлықпан Мүсінұлы жауапты қызметтерге тартылды. 1974-1977 жылдары Қазақстан ЛКЖО Шымкент облыстық комитетінің ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы, 1977 жылы Қазақстан ЛКЖО Келес аудандық комитетінің бірінші хатшысы болды. Осы жылдары оның өмірге деген көзқарасы өзгерді. Жауапкершілік жүгін, ортаның ықпалын жақсы сезінді. Одан кейін он жыл бойы мектеп директоры қызметін атқарды. Білім саласын басқаруда өзін парасатты тәлімгер, іскер басшы ретінде көрсете алған Ұ.Бәшен 9 жылға жуық Арыс ауданық оқу бөлімінің меңгерушісі, ОҚО облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары, Арыс ауданы әкімінің орынбасары – білім, мәдениет және денсаулық сақтау басқармасының бастығы қызметтерін абыройлы атқарды. Өмір мектебі оны адамдармен тіл табыса білуге, алдына келген қызметкерінің немесе әріптестің жан дүниесін сезіне білуге үйретті. Тоқсаныншы жылдары жұрттың айлап еңбекақы ала алмай, тұрмысы нашарлап қиналған кездері болды емес пе. Сол кезде ауданның білім саласын басқарып отырған Ұлықпан Мүсінұлына жалақының жырын айтып келушілер көбейеді. Солардың бірі - әйелі ауырып, отбасында қатты қиындық туындаған мұғалім бұған ашулана кіріп, ашына сөйлейді. Тіпті, намысқа тиетіндей ауыр сөзді де айтып салады. Ондай сөзге өзге біреу шыдап тұра алмай, жаға ұстаса кетер ме еді немесе балағаттап шығарып жіберер ме еді кім білсін. Бала кездегі намысқой да қайсар мінезді салиқалы дипломатиялық қасиетпен ұштастыра алған Ұлықпан Бәшен сабыр сақтап, мән-жайды ұғынықты тілмен жеткізіпті. Жалпы алдына келген адамды жылы қабақпен қарсы алып, мүмкіндігінше мәселесін шешіп жақсы әңгімемен шығарып салатын басшының бүгінгі жастарға берер өнегесі мол.

Облыстық білім департаментін басқарған жылдар Ұлықпан Мүсінұлы үшін оңай жылдар болмады. Саланы басқару бір басқа да, сол департамент маңайындағы интриганың, қазақшасы қатқылдау қаскүнемдіктің жәйі басқа еді. Күресе де білді, жұмысын тиісті деңгейде жүргізе де алды. Алайда, тырнақ астынан кір іздеу көбейді. Бұл жеке тақырыпқа жүк болар әңгіме. Дегенмен, Ұ.Бәшен ол қызметтен өз еркімен кеткенін айта кеткен жөн. 2000 жылы Білім және ғылым министрінің бұйрығымен Республикалық әскери мектеп-интернатының бастығы болып тағайындалды. Сол кезден бастап әскери мектеп-интернаттың жаңа екінші өмірі басталды. Жұрт сырттай «Суворов мектебі» атап кеткен білім ошағына қазақтың ұлы перзенті, Кеңес Одағының батыры Сабыр Рахымовтың есімін алып берді. Сөйтіп, көршілер иемдене бастаған қазақтың батыр ұлын «еліне қайтаруға» үлкен үлес қосты. Осыдан 25 жыл бұрын орыс тілін тереңдетіп оқыту бағытында ашылған мектепті қазақыландырды да. 15 сыныптың алтауын таза қазақ тіліне көшірді. Екі жылдық оқу орнын үш жылдық етті. Сөйтіп, әскери мамандыққа ауыл балаларының көптеп қабылдануына мүмкіндік жасады. Елімізде осындай үш мектеп бар. Бұрын Шымкенттегі мектеп білім сапасы және басқа да көрсеткіштері бойынша Алматы мен Қарағандыдан кейін үнемі үшінші орында келсе, қазір Алматыдағы мектеппен бәсекелесіп бірінші-екінші орынды бөлісіп келеді. Тәрбиеленушілерге барлық жағдай жасалған, күн режимі өзгерген, офицерлерге талап күшейген. Мектепке оқушы қабылдау кезінде бір орынға алты-жеті талапкердің таласуы да көп жәйтті білдірсе керек. Сондай-ақ, мектепте еліміздің түкпір-түкпірінен келіп оқып жатқандар көп. Ал, мектеп түлектерінің көпшілігі Германия, Түркия, Ресей секілді алыс-жақын шетелдердегі әскери жоғары оқу орындарында білімін жаластыруда. Бұл жетістіктерде мектеп бастығының үлкен үлесі жатқаны анық. Жас ұрпақты отансүйгіштікке, елін қорғайтын ержүрек азамат болуға тәрбиелеудегі еңбегі жоғары бағаланған Ұ.Бәшен түрлі марапаттармен қатар полковник шеніне көтерілді.

Саналы ғұмырын білім саласына арнаған Ұлықпан Бәшен «ҚР білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, Білім және ғылым министрлігінің, облыс әкімінің Құрмет Грамоталарымен, «Ы.Алтынсарин» медалімен, «ҚР Қарулы күштеріне 10 жыл», «10 жыл Астана» мерекелік медальдарымен марапатталған. Бүгінде алпыс жасқа толып отырған Ұлықпан аға жұбайы Нағима жеңгей екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп-өсірді. Ұл-қыздан тоғыз немере сүйіп отыр. Ұлдары жоғары білімді заңгер болса, қызы ата-ана жолын қуып ұстаздық мамандықты таңдапты.  Бәрі де әке-шешесінің мерейін өсіріп, елге абыройлы қызмет етуде.

Еркін ДОСЫМБАЙ


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең үлкен энциклопедиялық сөздік
  • Әлемдегі ең қымбат кітапты Билл Гейтс қаншаға сатып алды?
  • Әлемде қай жазушының кітабы 2 млрд. данамен тараған?
  • Әлемдегі ең ауыр кітап жинағы қай мемлекетте?
  • Әлемдегі ең «ақылды» көпір
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: