Ұлттық өнерге жақынның өрісі биік

Oinet.kz 09-08-2025 11

Шымкент қалалық орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесі жаңа форматқа көшкеніне үш-төрт жылдың жүзі болды. Мұнда балалар кітап оқып әрі демалады.

Screenshot_2.jpg

Әдеттегі сөрелер енді мұнда жоқ. Оның орнына түрлі-түсті орындықтар орналасқан балалар залы, оқу залы, жасөспірімдер залы, жұмыс жасау залы сияқты жанға жайлы бөлмелерге бөлінген. Тіпті балаларға ойын алаңшасы да қарастырылған. Ең кішкентай оқырманға сөйлейтін, әуенді кітаптар қойылса, сәл үлкендеріне 3Д, 4Д кітаптары қолжетімді. Сондай-ақ мұнда ұлттық өнерге баулитын «Өнерлі жастар» үйірмесі де жұмыс жасайды.

Қалалық орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесіне қарасты №14 балалар кітапханаcында елімізге әйгілі композитор, төлтума дирижер, кемел домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына орай «Өнерге жақынның өрісі биік» атты кеш өтті. Ол кешке «Өнерлі  жастар» үйірмесінің мүшелері мен ұлттық өнерді насихаттап жүрген өнер иелері қатысты. 

Аталған балалар кітапханасының меңгерушісі Ақмарал Шымкентбаеваның айтуынша, кешке арнайы шақырылған «Отырар сазы» оркестрінің домбырашысы, қазіргі таңда Ә.Қуатбеков атындағы Достық университетінің доценті Едіге Балабеков шәкірттерімен бірге қатысып, Нұрғиса Тілендиевпен бірге еңбек жолын бастаған сәттері, өмір жолы жайлы естеліктерімен бөлісті. Кітапханашы композитор Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен шығармашылығын таныстырып, бейнеролик көрсетілді.

– Кітапханаға жас оқырмандар кітап іздеп келіп ғана қана қоймайды, түрлі іс-шараларға белсенді қатысады. Жастарды кітап оқуға қызықтыру мақсатында «Өнерлі жастар» үйірмесінен бөлек, «Айна», «Жақсы адам мен жарты сағат», «Кел сырласайық қыздар» клубтары және ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты дәріптейтін «Ұлттық қазына» клубы да жұмыс істейді. Біз осындай, елімізге белгілі әдебиет, өнер адамдарының өмір және шығармашылық жолымен таныстыра отырып, балалардың бос уақытын тиімді өткізуге тырысамыз. Сондай-ақ осындай іс-шаралар арқылы олардың рухани дүниесін байытуға атсалысып, дүниетанымын кеңейтудің маңызы зор. Негізгі ұстанымымыз «Өзің оқы, өзгені қызықтыр». Осы жобаның аясында театрландырылған қойылымдар, рөльдік және әдеби ойындар, мәнерлеп оқу, байқаулар, интеллектуалдық ойындар, викториналық сайыстар өткізіліп, шығармашылық кештер ұйымдастырылады. Бүгінгі кеш соның бір тармағы, жалғасы, – дейді Шымкент қаласының орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесіне қарасты №14 балалар кітапханасының меңгерушісі Ақмарал Шымкентбаева.

Кеш соңында оқушылар арнау өлеңдер оқып, өнер иелерімен пікір алмасып, Жамал Омарова атындағы №1 балалар саз мектебінің оқушылары Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын нақышына келтіріп орындады.

Дәстүр сабақтастығы жалғастырған орталық
Аспан астындағы мәдени іс-шара жастар рухын көтерді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу