Дәстүр сабақтастығы жалғастырған орталық

Oinet.kz 08-08-2025 12

Тамыры терең төл дәстүріміз – халқымыздың мәдени кодының өзегі десек, оны жан-жақты зерттеп, барынша дәріптеуге үлес қосып жүрген еліміздегі жалғыз Шымкент қалалық салт-дәстүр және әдет-ғұрып орталығының орны ерекше. 

Screenshot_1.jpg

Он бір жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан орталық қазақтың ұмылытып бара жатқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын қайта жаңғыртып, ұрпаққа насихаттап келеді. 

Аталған орталық басшысы Бахтияр Спановтың айтуынша, Шымкент қалалық салт-дәстүр орталығы 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. «Бүгінгі күні орталық мамандарының шығармашылық белсенділігі жоғары. Біздің мамандарымыз ұмытылған дәстүрді зерттеп, олардың тәрбиелік және мәдени мәнін жастарға насихаттап, рухани құндылықтарымызды ұрпақ бойына сіңіруде. Орталықта дәстүріміз құр сөзбен айтылып, дәріптеліп ғана қоймайды, іс-шараға жастарды тартып, көзбен көреді. Мәселен, орталық тарапынан былтыр Төле би ауданы, Кеңесарық ауылында «Өмір салты – саятшылық» атты ауқымды этнотанымдық іс-шара ұйымдастылды. Оған арнайы құсбегі, тазы баптаушылар шақырылып, тазы жүгіртіп, бүркіт салу, баптау жолдары және «Сыралғы» дәстүрі көрсетілді. Оған қатысқан мектеп оқушыларына саятшылық өнері, оған қатысты ырым-тыйымдар жайында түсіндірілді. Мұндай іс-шаралар биыл да ұйымдастырылуда. Биылғы Наурыз мерекесінде біздің орталық Шымкент қаласында салт-дәстүрден үлкен көрме жабдықтап, көптің көңілінен шықты, – дейді орталық басшысы Бахтияр Спанов.

Көріп отырғандарыңыздай, елімізде теңдесі жоқ бірден-бір мекеме саналатын қалалық салт-дәстүр және әдет-ғұрып орталығы, онда өтетін әрбір іс-шараның маңызы зор. Ал онда сақталған көнеден келе жатқан қолөнер бұйымдары, тұрмыстық заттар, әшекейлер, киімдер тарихымыздан сыр шертеді. Орталық басшысының айтуынша, онда сақталған астау, ожау, қымыз, шұбат пісіп, май шайқайтын күбі, жылқының, өгіздің мойын терісінен жасалған қымыз құюға арналған 3-8 литрге дейінгі түрлі торсықтар бар екен.

Ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалған дәстүр сабақтастығын жалғап келе жатқан ерекше орталықта ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар аз емес. Мәселен, орталық тарапынан қолға алынған жобалардың қатарында «Төрге жайдым текемет», «Алаша фест» және «Киелі кимешек» деген фестивалдер жыл сайын ұйымдастырылып өткізілуде. Оған шетелдіктер де қатысып, қазақтың салт-дәстүрімен жақынырақ танысуда. Айталық, «Төрге жайдым текемет» фестивалінде текемет басу дәстүрі, «Алаша фест»-те қолөнер бұйымдарының түрлері ұсынылып ғана қоймай, тоқу жолдары көрсетіледі. Ал «Киелі кимешек» фестивалінде бас киімге қатысты жөн-жоралғылар көрсетіліп, мән мағынасы айтылады.

Жалпы орталықтың алдағы уақытта да еліміз үшін, келешек ұрпақ үшін қажымай еңбек ете бермек. 

Ұлттық нақыштағы әйелдер киімі байқауы өтті
Ұлттық өнерге жақынның өрісі биік
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу